Метка: испания

  • АҚШ пен Испания арасындағы сауда соғысы: Трамп Иран үшін экономикалық байланысты үзді

    АҚШ пен Испания арасындағы сауда соғысы: Трамп Иран үшін экономикалық байланысты үзді

    Вашингтон мен Мадрид арасындағы қарым-қатынас тарихи төменгі деңгейге түсті. АҚШ Президенті Дональд Трамп Испаниямен барлық сауда қатынастарын тоқтататынын ресми түрде жариялады. Бұған Испания билігінің Иранға соққы беру үшін Рота және Морон әскери базаларын пайдалануға тыйым салуы және АҚШ Әскери-әуе күштерінің танкерлерін елден шығарып жіберуі себеп болды.
    Ақ үйде Германия канцлері Фридрих Мерцпен кездесу барысында Трамп Испанияны «сұмдық одақтас» деп атап, Қаржы министрі Скотт Бессентке бұл елмен «барлық істі тоқтатуды» тапсырды. Сондай-ақ, Америка лидері Испанияның әскери бюджетінің өзі талап еткен ЖІӨ-нің 5%-нан төмен екеніне наразылық білдірді.
    Мадрид өз кезегінде қатаң ұстаным танытты. Премьер-министр Педро Санчес АҚШ-тың Иранға қарсы әрекеттерін БҰҰ Жарғысын бұзатын «негізсіз әрі қауіпті интервенция» деп атады. Сауда саласындағы қоқан-лоқыға жауап ретінде Испания үкіметі жеткізу тізбегін әртараптандыруға және экономиканың зардап шеккен секторларын қорғауға ресурстары жеткілікті екенін мәлімдеді.
    Еуропалық сарапшылар АҚШ-тың ЕО-ның бір еліне қарсы сауда санкцияларын енгізу әрекеті Франция мен Германияны қоса алғанда, бүкіл одақпен қақтығысқа әкелетінін айтуда. Мадрид саудадағы кез келген өзгеріс біржақты тәртіппен емес, халықаралық құқық пен ЕО және АҚШ арасындағы келісімдерге сәйкес болуы керек екенін атап өтті.

  • Испанияда су тасқынынан қаза тапқандар саны 158-ге жетті

    Испанияда су тасқынынан қаза тапқандар саны 158-ге жетті

    Испанияда болған су тасқыны салдарынан 158 адам қаза тапты. Бұл оқиға 1973 жылдан бері ең алапат тасқындардың бірі болды. Су тасқыны елдің кейбір аймақтарына жауған нөсер жаңбырдан туындаған. Бұл туралы BBC арнасы хабарлады.

    «Қазіргі таңда ең маңыздысы – мүмкіндігінше көп адамның өмірін құтқару», – деп мәлімдеді Испания премьер-министрі Педро Санчес.

    Қаза болғандардың көбісі Валенсия автономдық қауымдастығында тіркелді, мұнда 155 адам қайтыс болды. Сонымен қатар Кастилия-Ла-Манча аймағында екі адам, ал Андалусияда бір адам су тасқынынан мерт болды. Валенсияның оңтүстік-батысында орналасқан Пайпорта муниципалитетінде өзен арнасынан асып, кем дегенде 40 адамның өлімі тіркелді.

    Ресми өкілдер жоғалған адамдардың нақты санын ашып айтпағанымен, олардың санының айтарлықтай көп екенін хабарлады. Испанияға бір күнде жауған жауын-шашынның мөлшері бір жылдық нормаға жетті.

    Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Испания Королі VI Фелипеге табиғи апат салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтқан еді.

  • Испанияда ұлттық аза тұту күні жарияланды

    Испанияда ұлттық аза тұту күні жарияланды

    Испания үкіметі 2024 жылдың су тасқынынан қаза тапқандар мен хабар-ошарсыз кеткендерге көңіл айту үшін 31 қазан, 1 және 2 қараша күндерін ұлттық аза тұту күні деп жариялады.

    La Moncloa басылымының жазуынша, корольдің жарлығы бүгін, 31 қазанда ресми мемлекеттік газетте жарияланады.

    «Үш күндік ресми аза тұту кезінде мемлекеттік ту барлық мемлекеттік ғимараттарда, соның ішінде шетелдегі өкілдіктер мен миссияларда төмендетіледі», – делінген басылымда.

    Айта кетейік, Валенсиядағы апатты су тасқыны 70 адамның өмірін қиды. Тағы екі адам Кастилия-Ла-Манчтағы су тасқынынан көз жұмды.

    Жауын-шашынның салдарынан ондаған мың тұрғын электр қуатынсыз қалды.

    29 қазанда басталған жауын-шашын бүгін де тоқтамауы мүмкін.

    Апаттан зардап шеккен аумақтар апат аймақтары деп жарияланады.