Метка: Итбалық

  • Министр: Итбалықтардың қырылу себебін нақтылауға 3-4 ай уақыт керек

    Министр: Итбалықтардың қырылу себебін нақтылауға 3-4 ай уақыт керек

    Итбалықтардың өлексесі табылған орындардағы алғашқы сынамалардың нәжесі белгілі болды. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті.

    «24 қазаннан бастап өлген итбалықтар тіркеле бастады. Шын мәнінде жауапты қызметтердің барлығы сол жерге барды, сондай-ақ ветеринарлар мен экологтар, гидробилогия мен экология институттары, қоғамдық ұйым өкілдері бар. Тиісті сынамалардың барлығы алынды. Пастереллез, тырысқақ, оба аурулары бойынша алғашқы сынамалар зерттелді. Бұл ретте, осы індеттер табылмады», – деді Е. Нысанбаев.

    Оның сөзіне қарағанда, қазір мамандар су түбінде жер сілкіну салдарынан табиғи газдың шығуынан немесе судың ластануынан итбалықтар қырылуы мүмкін деген тұжырымды айтып жатыр.

    «Маған осы мәселеге қатысты мәлімет беріп жатыр. Атап айтқанда суда нормадан ауытқу байқалмады. Ғалымдардың мәліметінше, қорытынды нәтижені жариялау үшін 3-4 ай уақыт керек. Олардың зерттеу нәтижесін күтеміз. Өзіміздің экология департаментінің зертханалары ауаның, судың, топырақтың құрамын зерттеді. Бұл жұмыстарға халықаралық ұйымдарды қосқан жоқпыз», – деді министр.

    Еске салайық, 24 қазан мен 18 қараша аралығында Каспий теңізінің жағалауынан 1 989 итбалықтың өлексесі табылған еді.

  • Итбалық неден қырылды?

    Итбалық неден қырылды?

    Өлген итбалықтардың көбі Түпқараған және Қарақия ауданынан табылған. 18 қараша күні балық инспекциясы мамандары шекара қызметімен бірлесіп, Құлалы, Теңіз, Подгорный аралдары, Қаражамбас және Қаламқас жеріне барлау жүргізді. Атқарылған жұмыс нәтижесінде жағажайда тағы 834 итбалық өлексесі табылған. Бұған дейін 1155 өлексе табылып еді. Әзірге  теңіз суынан және итбалықтан алған сынама қорытындысы шыққан жоқ.

    «Қазіргі таңда қорытындыны күтудеміз. Гидробиология және экология ғылыми ұйымының болжамы бойынша теңіздің ластануынан болуы мүмкін деген болжам бар. Балық шаруашылығы комитетінің болжамы бойынша теңіздің жерасты сілкінуінен, сондай табиғи құбылыстардан болуы мүмкін. Мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жүргізіле береді», — деді облыстық Балық инспекциясы басқармасының бас маманы Дәурен Гарабаев.

  • Каспий жағалауынан 100-ден аса итбалық өлі табылды

    Каспий жағалауынан 100-ден аса итбалық өлі табылды

    Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында Каспий теңізі жағалауынан жүз елуге жуық итбалық өлі табылды. Жануарлардың жаппай қырылуының нақты себебі әлі анықталған жоқ.

    Баутино ауылы жанынан өлі итбалықтардың жүзден астам өлексесі табылғанын блогер және қоғам белсендісі Азамат Сәрсенбаев Instagram парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, олардың саны бірнеше жүзге жетуі мүмкін.

    «Жақында болған дауылдан кейін жағалауға жүздеген қызыл кітапқа енген итбалықтардың өлексесі шығып қалды. Қазіргі таңда ғалымдар тек 151 өлексені санап шықты», – деп атап өтті Азамат Сәрсенбаев.

    Өлі жануарларды ғалымдар тапқан. Олар кейбір итбалықтардың денесінде механикалық зақымданулар бар екенін айтты. Қызыл кітапқа енген аталған сүтқоректілердің нақты қырылу себебі анықталып жатыр.

    Бұл Маңғыстау облысында су жануарларының жаппай қырылуының алғашқы жағдайы емес. Бірнеше күн бұрын Каспий жағалауында үш өлі итбалық табылса, көктемде де ондаған өлі жануарлар жағалауға шығып қалған еді.