Метка: IX қысқы Азия ойындары

  • Хоккейден әйелдер құрамасы қоржынға тағы бір медаль салды

    Хоккейден әйелдер құрамасы қоржынға тағы бір медаль салды

    Бүгін шайбалы хоккейден еліміздің әйелдер командасы Оңтүстік Кореядан басым түсіп, Харбин қаласында өтіп жатқан IX қысқы Азия ойындарының күміс жүлдесіне қол жеткізді. Шешуші матчтың есебі: 3-0.

    Бірінші кезеңде сан басымдығын тиімді пайдаланып шабуылшымыз, капитанның бірі Малика Алдабергенова есеп ашты. Ал шешуші айналымның басында Юлия Буторина жойқын соққымен есепті еселеді. Тағы бір шайбаның авторы – Дария Молдабай.

    Жалпы Қазақстан осы бәсекеде Қытайдың Гонконг (12-0), Таиланд (9-0), Қытайдың Тайпейі (5-1), Қытай (2-1), Оңтүстік Корея (1-0) командасын ұтып, тек Жапонияға (0-4) жол берді.

    Бұл – хоккейден әйелдер құрамасының Азия ойындарындағы 7-ші жүлдесі (3 алтын, 3 қола) және соның ішіндегі алғашқы күміс медалі.

    Тағы бір қызық жайт, Қазақстан құрамасы тарихындағы ең ірі жеңіс осы Оңтүстік Кореямен байланысты. 2003 жылғы ақ Азиадада біздің хоккейшілер бүгінгі қарсыластың қақпасына жауапсыз 19 шайба салған.

  • Азиада-2025: Олжас Климин ел қоржынына тоғызыншы жүлдені салды

    Азиада-2025: Олжас Климин ел қоржынына тоғызыншы жүлдені салды

    Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан ІХ қысқы Азия ойындарында шаңғышы Олжас Климин қола жүлдеге қол жеткізді.

    Х қысқы Азия ойындарында шаңғы жарысынан (10 км) еркін стильде сынға түскен отандасымыз жарыс қорытындысы бойынша үшінші орын алды.

    Аталған сында Климин мықты қарсыластарынан озып кетті. Оның ішінде қытайлық спортшылар Бао Лин (2019 жылғы әлем чемпионатында 13-орын) мен Чен Деген (2022 жылғы Олимпиадада 13-орын) және жапониялық Такацугу Уда (2021 жылғы әлем чемпионатында 9-орын) бар.

     

     

  • Хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы алғашқы жеңісіне қол жеткізді

    Хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы алғашқы жеңісіне қол жеткізді

    Қытайдың Харбин қаласында IX қысқы Азия ойындарының ерлер арасында шайбалы хоккейден топтық кезеңінің алғашқы ойындары басталды. Қазақстан құрамасы А тобындағы алғашқы ойында Тайландпен кездесті.

    1-кезеңде, отандастарымыз ойын тізгінін бірден қолға алып, қарсылас қақпасына 4 гол соқты.

    2-кезеңде, Тайланд құрамасы қорғанысты күшейтіп, қазақстандықтар тек 2 гол ғана соқты.

    Соңғы кезеңде, Қазақстан құрамасы арадағы есепті ұлғайта түсті. Хоккейшілеріміз қарсылас қақпасына тағы 6 гол соғып, қорытынды есеп 12:0 болды.

    Әділ Бекетаев және Артем Королев 2 голдан соқса, Алихан Өмірбеков, Роман Старченко, Евгений Рымарев, Андрей Буяльский, Вячеслав Колесников және Руслан Оспанов мергендігімен көзге түсті.

    Айта кетейік, IX қысқы Азия ойындары 2025 жылдың 7-14 ақпан аралығында Қытай Халық Республикасы Хэйлунцзян провинциясының Харбин қаласында өтеді. Спортшылар 11 спорт түрі бойынша 64 медаль жиынтығын сарапқа салады.