Метка: келіссөз

  • Трамп пен Путин қандай келісімге келді?

    Трамп пен Путин қандай келісімге келді?

    18 наурыз, сейсенбі күні, АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлесті.

    Әңгіме екі жарым сағатқа созылды. Бұл туралы Ақ үй басшысының көмекшісі және аппарат басшысының орынбасары Дэн Скавино хабарлады.

    «Қазіргі уақытта — президент Трамп Овальды кабинетте отырып, Ресей президенті Владимир Путинмен шығыс уақыты бойынша таңғы 10:00-ден (Астана уақытымен 19:00) бастап сөйлесіп жатыр. Қоңырау жақсы өтуде және әлі де жалғасуда», – деп жазды ол Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

    CNN телеарнасы ресейлік дереккөзге сілтеме жасай отырып, Путин мен Трамптың телефон әңгімесі «өте жақсы» өткенін хабарлады.

    «Әңгімемен таныс ресейлік дереккөз CNN-ге оның «өте жақсы» өткенін айтты», – делінген телеарна жариялаған материалда.

    Ал Трамптың өзі:

    «Біз энергетика мен инфрақұрылым бойынша атысты дереу тоқтату туралы келісімге келдік. Алдағы уақытта атыстың толық тоқтатылуы және Ресей мен Украина арасындағы осы соғыстың аяқталуына қол жеткізу үшін жылдам әрекет ететін боламыз», – деп жазды әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

    АҚШ басшысының сөзінше, бұл соғыс ол президент болғанда ешқашан басталмас еді.

    «Бейбіт келісімге қол жеткізудің түрлі аспектілері талқыланды, оның ішінде мыңдаған сарбаздың қаза болуы туралы да айтылды. Путин мен Зеленский бұл соғыстың аяқталғанын қалайды. Бұл процесс қазір жүріп жатыр. Біз адамзат үшін осы жұмысты аяқтаймыз деген үміттеміз», – деді америкалық көшбасшы.

    Ақ үй Трамп пен Путиннің келіссөздеріне қатысты пікір білдірді. Ақпаратқа сәйкес, екі президент те бұл қақтығыстың бейбітшілікпен аяқталуы тиіс екеніне келіскен. Сонымен қатар, Вашингтон мен Мәскеу арасындағы екіжақты қарым-қатынасты жақсарту қажеттілігі де сөз болған.

  • Зеленский Трамппен қайта келіссөздер жүргізуге ниетті

    Зеленский Трамппен қайта келіссөздер жүргізуге ниетті

    Украина президенті Владимир Зеленский Ақ Үйде Трамппен кездесу өзі жоспарланғандай болмағанын, бірақ Трамппен жұмыс істеуге дайын екенін айтты.

    Украина соғысты ертерек тоқтатуды, бейбітшіліктің үстемдік құруын қалайды. Алғашқы қадамдар ретінде ол тұтқындарды босатуды және зымырандық соққылар мен энергетикалық шабуылдарды болдырмайтын «әуе мен теңіздегі бітімгершілікті» ұсынды.

    Зеленский АҚШ-пен бейбіт келісімге келуге үміт білдірді.

    «Ешқайсымыз шексіз соғысты қаламаймыз. Украина мүмкіндігінше тезірек келіссөздер үстеліне отыруға дайын, бұл тұрақты бейбітшілікке жақындатады», – деп мәлімдеді ол.