Метка: әкім

  • Зайсан ауданының әкімі тұрғындарға айғайлағаннан кейін тексеріс басталды

    Зайсан ауданының әкімі тұрғындарға айғайлағаннан кейін тексеріс басталды

    Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының әкімі Қуаныш Төлеухан тұрғындарға дөрекі сөйлеп, үстелді ұрып, балағат сөздер айтқан видеодан кейін қоғам назарында қалды, деп хабарлайды Sona.kz HALYQSTAN-ға сілтеме жасап.

    Ведомство мәліметінше, бейнежазба зерттеліп, әкімнен ресми түсініктеме талап етілді. Материалдар Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Әдеп кеңесіне жіберілді.

    «Мұндай әрекеттерге жол берілмейді. Облыс басшылығы кез келген әдепсіз мінез-құлыққа теріс қарайды. Әдеп нормаларын бұзған қызметкерлерге қатаң шаралар қолданылады», — делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.

  • Қонаев қаласының әкімі Сычуань делегациясын қабылдады

    Қонаев қаласының әкімі Сычуань делегациясын қабылдады

    Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов ҚХР-дың Сычуань провинциясының делегациясын қабылдады.

    Кездесуде шаһарға инвестиция тарту мәселесі қарастырылды. Делегаттар бірқатар ауқымды жобаларды жүзеге асыра алатындарын жеткізді. Оның ішінде − медициналық орталықтар құру, күре жолдарды жарықтандыру, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту.

    Шаһар басшысы Қонаев қаласы Алматы-Өскемен автомобиль жолының бойында тұрғандықтан, логистиканы дамыту өзекті екенін атап өтті.

    «Алдағы уақытта сіздермен логистика саласы бойынша жұмыс істейік. Кәсіпкерлік бөлімі, менің орынбасарларым инвестжобаларды толығымен сүйемелдейді. Ынтымақтастыққа, әріптестікке дайынбыз. Инвестиция салудың жолдары жайлы айтып, түсіндіруге әзірміз», — деді Асхат Бердіханов.

    Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда инвестициялық портфельде қала бойынша 39 жоба бар. Оның 11-і туризмді дамытуға бағытталған.

  • Қала әкімі №6 жағажай жайлы шешімді айтты

    Қала әкімі №6 жағажай жайлы шешімді айтты

    Қонаев қаласының әкімдігінде шаһар басшысы Асхат Бердіханов бұған дейін №6 жағажайда 5-6 жыл қызмет етіп келген 42 кәсіпкермен кездесті. Кездесуге ЖСДП-ның өкілдері де қатысты.

    Басқосуда №6 жағажайды абаттандыру мәселесі тағы да қарастырылды. Нақтырақ айтқанда, биыл кәсіпкерлермен келісімшарт 15 қыркүйекке дейін жасалғанымен, кейбірі жағажайды босатпай отыр. Сондықтан сенімгерлік басқарудағы «Жасыл қала Қонаев» мекемесі кәсіпкерлердің үстінен арыз жазып, жергілікті сотқа жүгінген. Кәсіпкерлердің бұл іс-әрекеттері алдағы уақытта құрылыс жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіруі мүмкін. Ал абаттандыру жобасы дайын, жақын арада мемлекеттік сараптамадан өтеді деп күтілуде. Жиында осы проблемалық сұрақ талқыға салынды.

    Бұдан бөлек, кәсіпкерлер келісімшартты ұзақ мерзімге созу түйткілі жайлы айтып өтті. Қала әкімі Асхат Бердіханов оларға барлық мән-жайды түсіндіріп, толыққанды жауап берді.

    «Сотқа арыз берілгені дұрыс. Өйткені, бұған дейін де жағажайды босату қажеттілігі жайында сіздерге айтылған. Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Қонаев қаласына іссапармен келгенде, әсіресе, №6 жағажай бойынша кемшіліктер көп айтылды. Ең алдымен жағажай санитарлық талаптарға сәйкес келуі қажет. Талап сондай. Осы себептен жоба әзірленді. Құны – 1 млрд теңгеден астам. Қазан айында бюджет талқылауы болғанда жобаға қаражат бөлу мәселесі қарастырылады. Келесі шомылу маусымына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтауымыз қажет», — деді әкім.

    Сонымен қатар ол жобаны таныстырды. Оның сөзіне сүйенсек, бұл жағажайға инженерлік желілер тартылады, оның ішінде кәріз және су құбырлары, туристер мен демалушыларға ыңғайлы орындықтар, фудкорттар қойылады, сәйкесінше, бизнес орындары да болады. Қапшағай су қоймасының жазда тартылуы да есепке алынған.

    «Жоба жүзеге асып, қаланы, туристік саланы дамытамыз десек, ортақ мәмілеге келгеніміз жөн. Жағажайды босатыңыздар. Құрылыс аяқталғаннан кейін бұл аймақ сенімгерлік басқаруға әкімдікке қарасты мекемеге беріледі. Ол мекеме бұған дейін қызмет еткен кәсіпкерлермен ұзақ мерзімге келісімшартқа отырады. Онда да заң шеңберінде жұмыс жасайтынымызды ескертемін. Ал келісімшарт бойынша бизнес орынын алған кәсіпкер оны күтіп ұстауға жауап беретін болады. Бұрынғыдай жауапкершіліксіз қарауға, олқылықтарға орын жоқ. Келісімшарт құны биылғы жылғыға қарағанда өзгеруі бек мүмкін», — деді шаһар басшысы.

    Айта кетейік, Қонаев қаласында 6,1 шақырым жағажайды абаттандыру көзделген. Қазіргі таңда оның 1 шақырымнан астамы ғана жаңартылған күйде.

  • Қонаев қаласының әкімі пәтері өртенген тұрғынды қабылдады

    Қонаев қаласының әкімі пәтері өртенген тұрғынды қабылдады

    Қонаев қаласында 16 қыркүйек күні кешкі сағат 20.56-да Графтио көшесі №2В мекенжайындағы тұрғын үй өртенді.

    Аталған тұрғын үй апатты деп танылып, «Реновация» бағдарламасына енгізілген. Бағдарлама бойынша үйдің басқа тұрғындары бұған дейін пәтерлерінен көшірілген. Пәтерлерді сатып алуға бюджеттен қаражат бөлініп, конкурстық рәсімдер ТҮКШ бөлімі арқылы жүргізілген.

    Қазіргі таңда мұндағы бір пәтерде зейнеткер қоныстанған. Абырой болғанда, өрт зейнеткердің пәтеріне жетпеген, зақым келтірмеген. Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов оны қабылдап, әкімдіктің алдағы уақытта жасайтын іс-әрекеттері туралы айтып берді. Шаһар басшысының сөзінше, зейнеткердің пәтерінің орнына басқа тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алынып, беріледі. Барлық шаралар заңды түрде «Реновация» бағдарламасы аясында жүзеге асады. Зейнеткер бүгінде туыстарының үйінде орналасқан.

    Пәтер кілті табысталғанда қосымша хабарлайтын боламыз. Өрттің шығу себептері анықталуда.

  • Қонаевта әскерден оралған жастарға әкімнің Алғыс хаты табысталды

    Қонаевта әскерден оралған жастарға әкімнің Алғыс хаты табысталды

    «Aspan Fest» ашық аспан астындағы концерт аясында Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Кенжебеков ҚР Қарулы Күштерінде мерзімді әскери қызметін абыроймен атқарған жас сарбаздарға Қонаев қаласы әкімінің Алғыс хаттарын табыстады.

    Олар 2024 жылғы көктемгі шақыру науқаны кезінде Отан алдындағы борышын өтеп, жоғары жауынгерлік дайындық көрсетіп, «Көктем – 2024» мемлекеттік грантының иегері атанған.

    Грант жеңіп алған жастардың бірқатары:
    • Досымбек Бекжан – ҚазҰУ;
    • Наширбай Жасұлан – ALT университеті;
    • Медведик Владик – Ұлттық ядролық зерттеу университеті;
    • Разумов Александр – Су шаруашылығы университеті;
    • Рудзинский Даниил – ҚазҰТЗУ (Сәтбаев университеті);
    • Болатов Данияр – Құрлық әскерлері әскери институты;
    • Сәуірбай Абылай – Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты;
    • Умаров Еламан – Алматы технологиялық университеті.

    Қала басшылығы жастардың елге сіңірген еңбегін жоғары бағалап, білім жолында сәттілік тіледі.

  • Талғар әкімі мен оның орынбасары қызметінен босатылды

    Талғар әкімі мен оның орынбасары қызметінен босатылды

    Талғар әкімі Бақыт Күрішбеков пен оның орынбасары Матан Сағындық қызметінен босатылды. Олар «өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін» қызметінен кеткен.

    Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың маусым айында  Талғар қаласының әкімін сайлауда «АМАНАТ» партиясынан үміткер Бақыт Күрішбеков жеңіске жеткен еді. Бақыт Күрішбеков Талғар қаласында дүниеге келген. Ол 34 жаста. Мамандығы бойынша – экономист.Сайлауға дейін «АМАНАТ» партиясы Талғар аудандық филиалының жауапты хатшысы қызметін атқарған.

  • Астана әкімі АЭС бойынша референдумда дауыс берді

    Астана әкімі АЭС бойынша референдумда дауыс берді

    Астана әкімі АЭС бойынша референдумда дауыс берді


    Астанада сайлау учаскелері таңғы уақыттан бастап жұмыс істей бастады. Барлық учаскеде елорда тұрғындарының белсенділігі байқалады.

    Астанада таңертеңгі сағат 7-ден бастап 460 учаске жұмыс істейді, оның 352-сі – ашық, 34-і – жабық, 74-і дипломатиялық өкілдіктер мен елшіліктерге бөлінген.

    Естеріңізге сала кетейік, Астана тұрғындары өздерінің учаскелерін 4 тәсілмен онлайн біле алады:
    — Ресми веб-қызмет: https://referendum.astana.kz/

    — Telegram-да чат-бот арқылы: https://t.me/referendum_astana_bot

    — IKomek бірыңғай байланыс орталығы арқылы, 109 нөмірі бойынша;

    — «Smart Astana» мобильді қосымшасында «New» бөлімінде – «Референдум учаскесін іздеу». Қолданбаны App Store немесе Google Play арқылы жүктеп алуға болады.

     

  • Бағдат Қарасаев 10 жылға дейін сотталуы мүмкін

    Бағдат Қарасаев 10 жылға дейін сотталуы мүмкін

    Алматы облысындағы Іле ауданының әкімі  Бағдат Қарасаевтың не себепті ұсталғанына облыстың прокуратурасы түсінік берді.  Қадағалау органының мәліметінше, аудан әкіміне кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысты, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып мемлекеттік мүдделерге нұқсан келтірді деген айып тағылды.

    «Алматы облысының прокуратурасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Іле ауданында орналасқан қоқыс полигонының қызметін бірлесіп тексеруді аяқтады.2024 жылғы 3 қыркүйектегі жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде әкім Б.А. Қарасаев сыбайлас жемқорлық қызметіне күдік бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 128-131-баптарының тәртібінде ұсталды. Аталған қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген», — деп хабарлады Алматы облысының прокуратурасы.

    2024 жылдың 4 қыркүйегінде прокуратура бұлтартпау шарасын санкциялау үшін қылмыстық іс материалдарын сотқа жолдады.

     Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Б.Қарасаевтың ұсталғаны жөнінде хабарлаған болатынбыз.

  • Тұздыбастау ауылдық округі әкімі тұрғынды ұрған

    Тұздыбастау ауылдық округі әкімі тұрғынды ұрған

    Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрғындардың бірі ауылдық округтің бекітілген Бас жоспарына қатысты  наразылығын білдірген. Оның жер учаскесі қызыл сызықпен өтетіні белгілі болған. Осыған байланысты тұрғын мен ауылдық округ әкімінің арасында жанжал орын алған.

    «Қазіргі уақытта әкімге қатысты Талғар ауданының әкімдігі мен полиция басқармасы қызметтік тергеу жүргізуде.  Әкімнің кінәсі расталған жағдайда оның жауапкершілігі облыстық Мемлекеттік қызмет істері департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесінде қаралады», – деп жазды баспасөз қызметі.

    Сонымен қатар тұрғын 23 шілдеде аудан әкімі аппаратының басшысына қабылдауға барады. Онымен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

  • Түркия, Америка, Египет: әкімдер қайда демалады?

    Түркия, Америка, Египет: әкімдер қайда демалады?

    Жалпақ жұрт еңбек демалысына жапа-тармағай шығып жатыр. Оның бірі –дәрігер, бірі – кәсіпкер, мемқызметкер, тағысын тағы. Тақырыптан алшақтамай, Sona.kz ұжымы әкімдер жаздың аптап ыстығында демалысын қалай өткізетіні жайында зерттеу жүргізді.

    Бізді таңқалдырғаны Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлының берген жауабы болды. Сөзінше, 3 жылдан бері еңбек демалысына шықпаған, теңізде шомылып, күнге күймеген.

     

    «Жалпы әкім тарихи орындарда уақыт өткізгенді жақсы көреді. Сондай-ақ ол ішкі туризмді дамытуға кеңес береді», – делінген жауапта.

    Өңір басшысы мүмкіндік болса, Түркия, Египет, Грузия сынды елдерге барып қайтуды да жөн санайды. Мұнда тек демалып қоймай, тарихпен танысуға мүмкіндік бар – дейді әкім.

    Ұлытаумен қатар құрылған Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Берік Әбдіғалиұлына қарағанда екі рет қысқа мерзімді еңбек демалысына барған. Ал халыққа Алакөл мен Шошқалы көлдерінің табиғатында уақыт өткізуді ұсынады.

    Курорт пен санаторийсіз қызмет еткендердің қатарынан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды да табылды. Ол екі жыл бойы ақ тер, қара терге түсіп, жұмыс жасап жүр. Қолы қалт еткенде ақ жаулықты анасына барады. Елдің түкпіріндегі басқа жерлерден гөрі, бұқараны Түркістанға келіп, зиярат етіп, «Керуен сарайды» көруге шақырады.

    Келесі әкім – жиында қарамағындағы мемқызметкерді Антикор алып кеткен Ғабит Сыздықбеков. Елді елең еткізген басшы былтыр тағайындалғаннан Шымкенттен аттап баспаған, жанына жай іздемеген. Техас лақап атымен танымал Шым шаһарға келуге кеңес береді.

     

    «Біздің қаладан экскурсияны да, тарихи-мәдени орындарды да, емдік аймақтарды да, бизнес туризмін де табуға әбден болады. Шымкент – арзан қалалардың бірі, сондықтан халыққа қолжетімді», – деп жазды әкімдік.

    Басына күн туған батыстық әкім Нариман Төреғалиев болса, биыл еңбек демалысына шығуды жоспарламаған. БҚО-ның мамандары су тасқыны салдарын жоюмен айналысуда. Негізі бір бүйірі санаторийге барып, ем алуға бұрып тұрады.

    Нариман Төреғалиұлы секілді биылдыққа жоспары жоқтың санатында Ақтөбе мен Ақмола облысының әкімдері де бар. Олар үшін көктемгі күйзеліс күз соңы мен қыс басына дейін жалғасатыны – анық. Ақтөбелік әкім өз өңірін мақтап, өзгеден ерек көреді. Табиғаты тұмса, көңілден шығатын аймақтардың бірқатарын тізіп жазыпты: Қарғалы су қоймасы, сарқырамалар, «Аққұм», «Ақтолағай» борлы тауы, «Барқын», «Аққайың» орманы, «Қобыланды батыр» мемориалды кешені және т.б. Ал ақмолалықтар жай ғана: «Бізге келіңдер, көріңдер» — деп, сұраққа сараң жауап қатты.

    Атыраулық шенеунік жоспарымен бөлісуден бас тартты, бірақ, отбасымен демалғанды ұнататынын жазды. Облыс әкімі Серік Шәпкенов Тұздыкөл, Ақкерегешін, Нарын, Ақмешіт, Сарайшық секілді тарихи әрі әсем жерді көруге шақырады.

    Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев былтыр демалысқа шыққанын білеміз. Ал биыл не көздеп отырғанын ашып жазбады. Ол «Көлсай көлдері», «Іле Алатауы», «Шарын шатқалы» ұлттық парктері туралы жүз естігенше, бір көруді ұсынды.

    Маңғыстаулық, астаналық шенділердің түртіп өткені мүлде қанағаттандырмады.

     

    «Әр маман қайда демалам десе де, өзі біледі», — деп астаналықтар қысқа қайырды.

    Бас қаланың әкімі Жеңіс Қасымбек былтырлары халық сынына ұшырағаны есімізде. Әлі де кері байланыс орнатып, қарым-қатынас құруды үйренбеген секілді.

    Маңғаз маңғыстаулықтар шын мәнінде маңғаз екендерін дәлелдеп, шенді-шекпенділер турасындағы заңды алға тартты. Нұрдәулет Қилыбай демалысын қалай өткізетіні жайлы сөз етпеді. Есесіне, өңірде 17 туроператордың қызмет етіп жатқанын тілге тиек етті.

    Жалпы біз сұраған облыс және қала әкімдерінің барлығы дерлік жақындарымен уақыт өткізгенді абзал санайтындарын атап өтті. Расымен солай ма?! Ақиқатын халық іштей сезеді, түйсінеді. Біздікі – ресми хатты әлеуметке жеткізу ғана.