Метка: көгілдір отын

  • Қонаевта бес шағынауданға көгілдір отын тартылып жатыр

    Қонаевта бес шағынауданға көгілдір отын тартылып жатыр

    Қонаев қаласында Кешенді даму жоспары аясында газдандыру жобасы жүзеге асуда. Ол Арна, Спутник, 19, 20 және Рауан шағынаудандарын қамтиды.

    Жобаның тапсырыс берушісі – Алматы облысы әкімдігінің салалық басқармасы. Бүгінге дейін жалпы жұмыстың 20%-дан астамы орындалды: жоба бойынша инженерлік желілердің жалпы ұзындығы 89 км, соның ішінде 7 км құбыр төселді. Сонымен қатар 7 мыңнан астам тік газ құбыры (стояк) орнатылды.

    Құрылыс бекітілген кестеге сай жүргізілуде. Жобаның жалпы ұзақтығы 14 ай: құрылыс 2025 жылдың соңына дейін аяқталып, одан кейін іске қосу-реттеу жұмыстары басталады. Абоненттерге көгілдір отынға қосу 2026 жылғы наурызда жоспарланып отыр.

    Кейіннен тұрғындарға табиғи газға қосылуға техникалық шарттар (ТШ) беріле бастайды. Қосылу құны шамамен 200–220 мың теңге аясында болады деп күтілуде.

    Алдағы жоспар

    Кешенді жоспар шеңберінде ауылдар, саяжайлар және жаңа шағынаудандарды газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Сондай-ақ көгілдір отынды тұрақты жеткізу үшін автоматтандырылған газ тарату стансасын (АГРС) салу жоспарланған.

    Бұл жобалардың жүзеге асуы қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, дәстүрлі энергия көздеріне түсетін жүктемені азайтуға және коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.

    Қазіргі таңда Қонаев қаласы және жақын елдімекендер бойынша 6 618 тұтынушы газға қосылған: оның ішінде 5 699 пәтер, 28 кәсіпорын және 78 шағын коммуналдық нысан бар. Қаланың газбен қамтылу деңгейі 42%-ға жетті.

  • Алматыда 10 мыңға жуық пәтер мен үй газсыз отыр

    Алматыда 10 мыңға жуық пәтер мен үй газсыз отыр

    «QazaqGaz Aimaq» АҚ мәліметіне сәйкес, 16 қаңтар күні белгісіз тұлғалар кәріз құбырларын жүргізу кезінде орташа қысымды жерасты газ құбырын зақымдаған.

    – Оқиға асфальтты тесу кезінде жеке тұлғалардың кәсіби емес әрекеттері нәтижесінде болды. Осыған байланысты қазіргі уақытта «QazaqGaz Aimaq» АҚ Алматы өндірістік филиалының мамандары газ құбырының зақымдалған учаскесінде авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жедел орындауға кірісті, – деп хабарлады «QazaqGaz Aimaq» АҚ баспасөз қызметі.

    Авариялық-қалпына келтіру жұмыстары кезінде көп қабатты тұрғын үйлердегі 8048 пәтерге, жеке сектордағы 2543 үйге және 67 коммуналдық-тұрмыстық және өнеркәсіптік кәсіпорынға газ беру уақытша тоқтатылады.

  • Жетісу облысында 6 мыңға жуық тұрғын табиғи газға қол жеткізді

    Жетісу облысында 6 мыңға жуық тұрғын табиғи газға қол жеткізді

    Жетісу облысында 5735 тұрғыны бар екі ауылдың тұрғындары газға қосылуға мүмкіндік алды. Жаңа жыл қарсаңында Ескелді ауданының Шымыр және Абай ауылдарына көптен күткен көгілдір отын жеткізілді.

    – Бүгінде Ескелді ауданының 14 елді мекені газдандырылды. Газға 39 мың адам немесе 10 354 абонент қол жеткізді. Көкжазық, Теректі, Қаратал, Жастар, Ақтасты ауылдарында газ желілерін салу жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылға Қайнарлы, Жалғызағаш ауылдарын газдандыру жұмыстары жоспарланған, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Азамат Бейісбаев.

    Салтанатты жағдайда өткен газ қосу шарасына қатысқан ауыл тұрғындары пікір бөлісті.

    – Мен 50 жылдан бері осы ауылда тұрамын. Бүгін біздің ауылымызда қуанышты жаңалық – табиғи газ жеткізілді. Енді тұрмысымызды жақсартуға оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын, – деді Абай ауылының тұрғыны Людмила Ясинская.

    Ал Ескелді ауданы Шымыр ауылында зейнеткер Асылбике Аязбаеваның шаңырағы алғашқылардың бірі болып газға қосылды. Бұл үйді мердігер ұйым демеушілік көрсетіп, газға тегін қосып берді.

    «Жасым 82-де. Өмір бақи көмір тасып, от жағып келгенбіз. Оның өз қиындығы бар. Енді, міне, көптен күткен газға қолымыз жетті. Үйімді газға қосып берген азаматтарға рахметімді айтамын», – деді А. Аязбаева.

    Атап өтсек, Ескелді ауданының Шымыр, Абай ауылдарында газ құбырларын салу жұмыстары өткен жылдың қараша айында басталған. Газ құбырының жалпы ұзындығы – 47 шақырым.

    Еске салсақ, Жетісу облысының газдандыру деңгейі жыл қорытындысында 56,9% құрап отыр.