Метка: Көлік министрі Марат Қарабаев

  • Алматы мен Алатау қаласының арасында сутегімен жүретін тікұшақ-такси пайда болуы мүмкін

    Алматы мен Алатау қаласының арасында сутегімен жүретін тікұшақ-такси пайда болуы мүмкін

    Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанда қашан пилотсыз такси қызмет көрсете бастайтынын айтты.

    «Біз қазір мобильді жолаушы тасымалы дейтін жобаны көбірек талқылап жатырмыз. Былтыр жыл аяғында біз Оңтүстік Кореяға барған едік. Сол кезде осындай мәселені талқыладық. Әуежайдан Алатау қаласына дейін жолаушыларды тасымалдауға аэромобильдер пайдалану көзделіп отыр. Бұл өзі шу шығармайтын, сутегі тұтынатын, 5 адамға дейін жолаушы сиятын тікұшақ деуге болады. Қазір бұл бағытта Оңтүстік Корея мен АҚШ компаниялары табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстандық компаниялардың бірі осындай жобаны іске асыруға қызығушылық танытты», – деді ол.

    Министрдің айтуынша, аталған жоба әлі зерттеліп жатыр.

    «Бұл осы мәселені айтарлықтай терең зерттедік және әлі де пилоттық жоба ретінде іске асыру мәселелерін пысықтап жатырмыз. Бірінші сатысында Алматыдан Алатау қаласына дейін сынап көреміз. Бұл 2026 жылға қарай пилоттық негізде іске қосылуы мүмкін деп болжап отырмыз», – деді Марат Қарабаев.

  • Ақылы жолдардан түсетін кіріс 2026 жылы 100 млрд теңгеге жетуі мүмкін

    Ақылы жолдардан түсетін кіріс 2026 жылы 100 млрд теңгеге жетуі мүмкін

    Үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев ақылы жолдардан түсетін табыстың айтарлықтай өскені туралы баяндады.

    2024 жылы түсім сомасы 48 млрд теңгеге жетті. Биыл қосымша 4 мың шақырым ақылы учаскені іске қосу жоспарлануда, бұл кірісті 60 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Келесі жылы бұл көрсеткіш 100 млрд теңгеге дейін өсуі мүмкін.

    «Бұл ретте, осы ақылы жолдардан түскен қаражаттың бір бөлігін құрылыс жұмыстарына алынған қарыздардың пайыздық мөлшерлемелерді өтеуге жұмсау мәселесі қарастырылуда», – деп атап өтті министр.

    Бюджетке түсетін жүктемені азайту әрі өзін-өзі ақтау мақсатында реконструкциялау және жөндеу жұмыстары аяқталған учаскелерде «ақылы жол» мәртебесін кезең-кезеңімен енгізу жалғасуда. Қазіргі уақытта бүкіл еліміз бойынша ұзындығы 3,2 мың шақырым ақылы жол жүйесі жұмыс істейді.

    Сонымен қатар министр жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының дамуын атап өтті. Бүгінде елімізде 1 446 жол бойы сервистік объектілері жұмыс істейді, оның 90%-ы ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. 2025 жылы бұл көрсеткішті 100%-ға дейін жеткізу, сондай-ақ 400-ден астам заманауи қызмет көрсету нысандарын салу үшін ірі инвесторларды тарту жоспарлануда.

    «2029 жылға дейін 60 бірлік кешенді объектілердің құрылысы жоспарланған, оның ішінде 10 бірлігі осы жылы жүзеге асырылады. Инвестиция көлемі 120 млрд теңге. Оларда жатын орын, TIR тұрағы және жанармай бекеттері қарастырылған. Жол бойы сервистік объектілерін дамытудың негізінде елімізде бірінші рет отандық қонақүйлер жүйесі және олардың франшизасы қалыптасатын болады. Бұл жол бойы объектілерінің тасымал процессімен қатар, автотуризмнің де дамуына септігін тигізеді», – деп атап өтті Марат Қарабаев.

  • Биыл елімізде 13 мың шақырым жол жөндеуден өтеді

    Биыл елімізде 13 мың шақырым жол жөндеуден өтеді

    ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында 2025 жылы жөндеу жұмысы 13 мың шақырым жолды қамтитыны жоспарланғанын айтты.

    «Оның 9,5 мың шақырымы қажетті қаржымен қамтамасыз етілген, қалған шақырымын қаржыландыру мәселесі пысықталуда. Жаңа жобалар бойынша құрылыс маусымы басталғанға дейін мердігерлерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер өткізіледі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша республикалық жолдардың нормативтік жағдайы 94%-ды, ал жергілікті жолдарда – 91%-ды құрайды.

    Өткен жылдары басталған ұзындығы 1,08 мың шақырым жобалардың: Қалбатау – Майқапшағай (405 км), Күрті – Қонаев (67 км), Қызылорда – Жезқазған (398 км) және Ұзынағаш – Отар (42 км) құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 1 045 шақырым бірінші техникалық санаттағы жаңа магистралдардың құрылысы басталады», – деді Көлік министрі Марат Қарабаев.

    Министр мердігерлерді таңдау кезінде отандық компанияларға немесе шетелдік әріптестердің қатысуымен консорциумға артықшылық берілетінін, бұл қазақстандық құрылыс секторының одан әрі тұрақты дамуына ықпал ететінін атап өтті.

    «вБұдан басқа, Президенттің тапсырмасы бойынша, 2029 жылға дейін 3 мың шақырым жолды бірінші және екінші санаттарға ауыстыра отырып, реконструкциялау жоспарланып отыр. Бұл аталған сала мен ел экономикасының дамуына жаңа серпін береді.

    Ағымдағы жөндеумен 6,6 мың шақырым қамтылады. Басты мақсат – халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін өңіраралық және аудандық жолдарды қосу. Биыл Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Абай облыстарында ауқымды жұмыстар жоспарланған», – деді ведомство басшысы.

    Жөндеу жүргізілмегеніне 30 жылдан 50 жылға дейін болған жолдар, Петропавл – Жезқазған (703 км), Қандыағаш – Шалқар (246 км), Жаңаөзен – Түрікменстан шекарасы (156 км), Қарағанды – Аягөз – Боғас (452 км) толық жөндеуден өтеді.

  • Қаскелең мен Алматы арасындағы жол сегіз жолақты болады

    Қаскелең мен Алматы арасындағы жол сегіз жолақты болады

    Жобаның алғашқы кезеңінде Алматыдағы үлкен айналма жолдан Қаскелең өткеліне дейін, екінші кезеңде өткелден Айтей ауылына бұрылысқа дейінгі бөлігі жөнделеді. Қазір жобалау жұмыстары басталып кетті.

    «Бұл көлік қатынасын жақсартып, жолға кететін уақытты қысқартады деп күтілуде. Жолдың өткізу мүмкіндігі тәулігіне 60-90 мың көлік аралығында болады. Жолды кеңейту кептелісті азайтады. Көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін 12 жер асты жаяу жүргіншілер өткелі салынады», – делінген министрлік таратқан хабарламада. 

  • Қазақстанда 1,3 мың шақырым болатын теміржол салынады – Министр

    Қазақстанда 1,3 мың шақырым болатын теміржол салынады – Министр

    Қазақстанның көліктік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту мақсатында жалпы ұзындығы 1300 шақырымды құрайтын 4 теміржол жобасын іске асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

    Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында айтты.

    «Достық-Мойынты теміржол учаскесінде екінші жолдардың (836 км) және Алматы айналма жолының (74 км) құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ, Дарбаза-Мақтаарал (152 км) және Бақты-Аягөз (272 км) желілерінің құрылысы басталды. Бұл жобаларды іске асыру Достық станциясының өткізу қабілетін жылына 35 млн тоннаға дейін ұлғайтуға, Алматы станциясы арқылы жүк өткізу уақытын қысқартуға, Сарыағаш станциясын босатуға мүмкіндік береді», – деді Марат Қарабаев.

    Министр бұл Орталық Азия мен Қытай бағыттарындағы инфрақұрылым қабілетін 20 млн тоннаға артыратынын да айтты.

    Айта кету керек, осыған дейін «Қазақстан темір жолы» компаниясы пойыздардың кешігу себебін түсіндіргенін жазған болатынбыз.