Метка: Көлік министрлігі

  • Астана қаласының әуе кеңістігі уақытша жабылады

    Астана қаласының әуе кеңістігі уақытша жабылады

    22 сәуір мен 7 мамыр аралығында сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін Астана қаласының әуе кеңістігінде уақытша қозғалыс шектеледі. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі мәлім етті.

    − Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес елордада 2025 жылғы 22 сәуір мен 7 мамыр аралығында сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін әскери парадты дайындауға және өткізуге байланысты әскери авиацияның оқу-жаттығу ұшуларын орындау үшін Астана қаласының әуе кеңістігін пайдалануға қысқа мерзімді шектеулер енгізіледі, − деп хабарлады ведомстводан.

    Осыған байланысты жолаушылар сапарын жоспарлау кезінде аталған шектеулерді ескеріп, әуе компания мен әуежайдағы ақпарат қызметтерінен рейс күйін тексеруді  өтінді.

  • Елімізде тағы 53 теміржол вокзалы жөнделеді

    Елімізде тағы 53 теміржол вокзалы жөнделеді

    Осы жылы тағы 53 теміржол вокзалында жөндеу жұмыстары басталады. Бұл туралы көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.

    Министрдің айтуынша, осы күнге дейін 5 вокзал реконструкциялау жұмыстарынан өткен.

    «Осы жылы туристік бағыттарды қоса алғанда, тағы 53 вокзалға жөндеу жұмыстары басталады. Вокзал маңындағы алаңдарды жөндеу жұмыстары жергілікті атқарушы органдар тарапынан қамтамасыз етілуі қажет», — деді Қарабаев Үкімет отырысында.

    Сонымен қатар, Көлік министрлігі «Қызылжар – Мойынты» жаңа теміржол желісін салу; екіжолақты «вставка» мен қабылдау-жөнелту жолдарын салу арқылы «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» учаскелерін модернизациялау; «Қызылжар – Сексеуіл», «Шалқар – Бейнеу», «Қандыағаш – Тобыл», «Әлімбет – Никельтау» және «Ақсу – Дегелең – Жаңа-Семей» учаскелерінде заманауи реттеу жүйелерін енгізуді жоспарлап отыр.

    «Қазіргі уақытта бұл жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында халықаралық қаржы институттарымен келіссөз жүргізіліп жатыр. Жалпы, теміржол саласындағы жобаларды жүзеге асыру 20 жыл ішінде әлеуметтік-экономикалық бағытта 11 трлн теңге көлемінде мультипликативті әсерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 2025-2029 жылдар аралығында жалпы ішкі өнімнің өсіміне шамамен 0,4-тен 1% деңгейінде үлес қосуға ықпал етеді. Барлық жоба бойынша биыл сәуір айында құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жоспарланған», – деді министр.

     

  • Алматы мен Алатау қаласының арасында сутегімен жүретін тікұшақ-такси пайда болуы мүмкін

    Алматы мен Алатау қаласының арасында сутегімен жүретін тікұшақ-такси пайда болуы мүмкін

    Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанда қашан пилотсыз такси қызмет көрсете бастайтынын айтты.

    «Біз қазір мобильді жолаушы тасымалы дейтін жобаны көбірек талқылап жатырмыз. Былтыр жыл аяғында біз Оңтүстік Кореяға барған едік. Сол кезде осындай мәселені талқыладық. Әуежайдан Алатау қаласына дейін жолаушыларды тасымалдауға аэромобильдер пайдалану көзделіп отыр. Бұл өзі шу шығармайтын, сутегі тұтынатын, 5 адамға дейін жолаушы сиятын тікұшақ деуге болады. Қазір бұл бағытта Оңтүстік Корея мен АҚШ компаниялары табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстандық компаниялардың бірі осындай жобаны іске асыруға қызығушылық танытты», – деді ол.

    Министрдің айтуынша, аталған жоба әлі зерттеліп жатыр.

    «Бұл осы мәселені айтарлықтай терең зерттедік және әлі де пилоттық жоба ретінде іске асыру мәселелерін пысықтап жатырмыз. Бірінші сатысында Алматыдан Алатау қаласына дейін сынап көреміз. Бұл 2026 жылға қарай пилоттық негізде іске қосылуы мүмкін деп болжап отырмыз», – деді Марат Қарабаев.

  • Ақтау маңында құлаған ұшақ ішінде Қазақстанның алты азаматы болған

    Ақтау маңында құлаған ұшақ ішінде Қазақстанның алты азаматы болған

    Ақтау маңында Баку – Грозный бағытындағы ұшақ апатқа ұшырады. Бұл ұшақ Azerbaijan Airlines авиакомпаниясына тиесілі. Бұл туралы көлік министрлігі хабарлады.

    Ақтау маңында құлаған ұшақ ішінде Қазақстанның алты азаматы болған. Бұл туралы көлік министрлігінен мәлім етті.

    «Алдын ала ақпаратқа сәйкес бортта 37 Әзірбайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған», – деп хабарлады көлік министрлігі.

  • Жамбыл облысында жүк тасымалдаушы компанияға 26,8 млн теңге айыппұл салынды

    Жамбыл облысында жүк тасымалдаушы компанияға 26,8 млн теңге айыппұл салынды

    Көлік министрлігі ауыр салмақты жел генераторы бөлшектерін тасымалдайтын «М нефтьСервис» ЖШС-ның көліктерін өлшеді. Нәтижесінде орта есеппен алғанда көлікке тиелген артық жүк мөлшері 85 тоннаны көрсетті.

    Ақпаратқа сәйкес, көліктік бақылау нәтижесі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы 22 хаттама толтырылған. Осылайша, ел бюджетіне түсетін қосымша қаражат 26 млн 850 мың теңге болды.

    Тексеру нәтижесінде арнайы рұқсаттағы салмақ параметрлері 85 тоннаға асқаны, жүргізушілердің еңбек және демалыс тәртібін бұзуы, лауазымды адамдарға жұмыс барысында кедергі жасау және халықаралық тасымалдауға рұқсат картасының болмауы анықталды, – делінген хабарламада.

    Министрліктің мәлімдеуінше, бұған дейін бұл компания өлшеу рәсімінен бас тартып, БАҚ арқылы шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат таратқан.

    Еске сала кетсек, қазір елімізде ауыр жүк көліктерін өлшейтін автоматтандырылған станциялар кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Олар жолдың мерзімінен бұрын тозуын болдырмауға бағытталған. Көліктерге шамадан тыс жүк тиелген кезде жүйе автоматты түрде фотосуретке түсіреді, одан кейін бұл ақпарат көліктік деректер базасының ақпараттық-аналитикалық жүйесіне беріледі. Бұл көлікті бақылау комитетіне салмақ нормаларын асыруға байланысты құқықбұзушылықтар туралы хабарламаларды жедел жіберуге мүмкіндік береді.

    Ақпарат үшін, автокөліктің жалпы салмағы жүкпен бірге келесі мәндерден аспауы керек:

    • үш осьті (М3 санатындағы топсалы автобустарды қоспағанда) – 25 тонна;
    • төрт осьті, оның ішінде екі басқарылатын осімен – 32 тонна;
    • бес осьті – 38 тонна;
    • алты немесе одан да көп осьтері бар – 44 тонна.