Метка: Көлік қыздыру

  • Көлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салынбайды

    Көлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салынбайды

    Мәжіліс депутаттары мен «АМАНАТ» партиясы фракциясының мүшелері Ішкі істер министрлігін қоғамды адастыратын резонансты ақпараттарға жедел назар аударуды өтінді.

    Атап айтсақ, көліктерді бес минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл салынады деген ақпараттар қоғамды алаңдатып отыр. Депутат Нартай Сәрсенғалиев атап өткендей, жалпы еліміздің солтүстік өңірлерінде көлікті жылытуға бес минут уақыт аздық етеді, ал егер көлікті қыздырмай жүргізсе, бұл жүргізушілерге қосымша қаржылық жүктеме туғызады.

    Ал Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха көлікті 5 минуттан артық қыздыруға шектеу жоқ екенін атап өтті.

    «Автокөлікті 5 минуттан артық қыздыруға шектеу жоқ. Елді мекендерде тұрғындарға қолайсыздық туғызған жағдайда механикалық көлік құралдарымен оталдырған қалпы тоқтап тұруға тыйым салынады. Тек арыз түскен жағдайда ғана бұл норма бойынша жауапқа тартамыз. Былтыр осындай үш жағдай тіркеліп, оның бірі прокуратура тарапынан жойылды. Яғни, біз көлік қыздырған адамды жауапқа тартпаймыз», – деді вице-министр.

    Ал депутат Бақытжан Базарбек көлікті қыздыру үшін айыппұл төңірегіндегі шу мемлекеттік органдардың немқұрайлылығы екенін тілге тиек етті.

     

  • Көлікті көп қыздырғаны үшін айыппұл салына ма?

    Көлікті көп қыздырғаны үшін айыппұл салына ма?

    Сенат депутаты, Ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары Марат Қожаев көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін салынатын айыппұға қатысты пікір білдірді. Айыппұл мөлшері айлық есептік көрсеткіштің көтерілуіне байланысты 18 460 теңгеден 19 660 теңгеге өсті.

    Қазақстанда аймақтарда қозғалтқышы қосылып тұрған көлікті қоюға тыйым салынған. Қозғалтқышы қосулы көлікті 5 минуттан артық тұраққа қойғаны үшін 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған, ал қайталанған жағдайда – 10 АЕК (39 320 теңге).

    Бұл норма бірнеше жылдан бері тұрғындардың ашуын туғызып жүр. Олардың айтуынша, әсіресе Астана қаласында қыста көлікті жылытуға көбірек уақыт қажет.

    Сенатор Қожаевтың айтуынша, бұл бұрыннан қолданыста бар норма және ол экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында енгізілген.

    – Қалаларымыздағы ауа бассейндері қатты ластанған. Сондықтан осындай норма қабылданған. Әрине, осы бап бойынша жауапқа тарту үшін даусыз процессуалдық дәлелдер қажет. Бұл – бейнежазба, уақытты тіркеу және басқа да факторлар. Егер осылар анықталса, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мұндай ережелер дамыған елдерде де қолданылады, – деді сенатор. 

    Ал ІІМ тұрғын үй тұрған аймақта қозғалтқышы бар көлік құралының тоқтап тұруы жайлы былай дейді.

    ІІМ 2023 жылғы 30 маусымдағы № 534 бұйрығымен бекітілген жол жүрісі қағидаларына сәйкес, көліктің тоқтап тұру – көлік құралының қозғалысын жолаушыларды отырғызу немесе түсірумен, не көлік құралын тиеу немесе түсірумен байланысты емес себептер бойынша бес минуттан артық уақытқа әдейі тоқтату саналады. Ереженің 88-тармағы 5-тармақшасына сәйкес, тұрғын пункттерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған механикалық көлік құралдарының тұрғындарға қолайсыздық тудырып тоқтап тұруына тыйым салынады. Осындай талап ЖЖҚ-ның 17-бөлімінің 122-тармағы 4-тармақшасында да көрсетілген, – делінген ІІМ хабарламасында.

    Ведомствоның хабарлауынша, бұл жаңа норма емес. 20 жылдан астам уақыттан бері бар. ІІМ түсіндіруінше, егер көлік құралы бес минуттан артық жұмыс істеп тұрған қозғалтқышпен тоқтап тұрып, тұрғындарға қолайсыздық тудырса, бұл жағдайда әкімшілік кодекстің 597-бабы 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың құрамына сәйкес қарастырылады.