Метка: Кредит

  • Қазақстанда қандай кредиттер кешіріледі?

    Қазақстанда қандай кредиттер кешіріледі?

    Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов қазақстандықтарға алаяқтар арқылы рәсімделген несиелерді есептен шығаруға жол ашатын заңнамаға енгізілмек өзгерістерді түсіндірді.

    Мәжіліс депутаттары бүгін екінші оқылымда қаржы нарығын дамыту және қаржылық қызметтер тұтынушыларының құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заң жобасын қабылдады.

    Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтың айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңнамада алаяқтар рәсімдеген несиелерді тек сот шешімі арқылы ғана есептен шығару көзделген. Мұндай талап көбіне зардап шеккен азаматтардың өз құқықтарын толыққанды қорғауына елеулі кедергі келтіріп отыр. Осыған орай заң жобасы аясында сотқа дейінгі тәртіппен қарыздарды есептен шығаруға мүмкіндік беретін жаңа негіздер енгізу ұсынылған. Атап айтқанда, Қизатов алғашқы несие рәсімделген кезде банкке немесе микроқаржы ұйымына (МҚҰ) клиенттің жеке өзі келуі міндеттелетінін атап өтті. Сондай-ақ, 24 сағаттық «суыту мерзімі» енгізілмек – бұл кезеңде азамат алған несиеден бас тарта алады.

    Бұған қоса, белгілі бір әлеуметтік топтарға қосымша талаптар қойылады. Яғни несие беру үшін қосымша келісім алу міндетті болады. Егер осы талаптар сақталмаса, банк немесе микроқаржы ұйымы мұндай несиені сотқа жүгінбей-ақ есептен шығаруы тиіс. Сонымен қатар, заң жобасында қаржы ұйымдары тарапынан биометриялық сәйкестендіру рәсімін бұзу, алаяқтыққа қарсы орталықтың талаптарын елемеу, не болмаса клиенттің жеке деректерін заңсыз қолдану жағдайларында сот арқылы есептен шығаруға негіз болатын жаңа тетіктер қарастырылған, – деді Олжас Қизатов.

    Қизатовтың айтуынша, егер мұндай заңбұзушылықтар сотта дәлелденсе, банктер мен микроқаржылық ұйымдар тиісті несиелерді міндетті түрде есептен шығаруы тиіс болады.

  • Депутат Әбенов банктердің қандай қылмыс жасап жүргенін айтты

    Депутат Әбенов банктердің қандай қылмыс жасап жүргенін айтты

    Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов банктер мен цифрландыру министрлігін электронды цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) бақылаусыз беру мен пайдалануға байланысты сынға алды. Оның айтуынша, қазіргі таңда банктер клиенттерінің келісімінсіз, бетін көрмей, биометриялық сәйкестендірусіз ЭЦҚ рәсімдеуде.

    – Кез келген келісімшарт, банк операциясы азаматтың өзі тарапынан мақұлданып, қол қойылуы керек – қағаз түрінде немесе ЭЦҚ арқылы. Алайда бүгінде банктер куәландырушы орталықтар құқығын пайдаланып, азаматтардың жеке қатысуынсыз, келісімінсіз және биометриясыз ЭЦҚ беріп отыр, деді Әбенов.

    Депутаттың сөзінше, бұл – заң талаптарының өрескел бұзылуы: ЭЦҚ шығарылғаны туралы хабарламалар келмейді, оның жасалғаны жүйеде көрсетілмейді.

    – Біз бір күнде бір азаматтың атына әртүрлі банктерден ондаған мың несие рәсімделгенін көріп отырмыз. Бұл банктердің өзі ЭЦҚ жасап, келісімшарттарға қол қойып жатыр деген сөз. Бұл – банктердің ішіндегі қылмыстық әрекет, – деп мәлімдеді ол.

    Оның айтуынша, банктер өз кінәсін мойындамай, жауапкершілікті клиенттерге артып отыр. Осыған байланысты депутат қаржы ұйымдарына ЭЦҚ-ны заңсыз қолданғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді ұсынды.

    – Біз заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынамыз. ЭЦҚ арқылы жасалған алаяқтықтың әрбір дерегін цифрландыру министрлігі мен ІІМ тексеруі тиіс. Егер ЭЦҚ заң бұзушылықпен берілсе – несие сот шешімінсіз-ақ есептен шығарылуы керек. Азаматтар цифрлық жүйенің ақауы мен жауапсыздығы үшін жауап беруге міндетті емес, – деді депутат.

    Сондай-ақ Әбенов Цифрландыру министрлігі ЭЦҚ рәсімдеу мен банктердің аккредитациясын қатаң бақылауға алуы тиіс екенін атап өтті.

  • Қазақстандықтар несиелік қабілетін онлайн бақылай алады

    Қазақстандықтар несиелік қабілетін онлайн бақылай алады

    EGov Mobile мобильді қосымшасында «Кредиттік және сақтандыру тарихы бойынша нұсқаулық» атты жаңа сервис іске қосылды. Енді пайдаланушылар өздерінің несие алу және сақтандыру тарихын қадағалап, жалпы кредиттік қабілеттілік деңгейін онлайн бағалай алады.

    «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы дерегінше, сервис «Кредиттеу» және «Сақтандыру» атты бөлімдерден тұрады. Бұл бөлімдерде пайдаланушы бұрын алған несиелері мен сақтандыру қызметтері туралы АО «Мемлекеттік несие бюросының» деректеріне негізделген өзекті ақпарат ұсынылған.

    «Кредиттеу» бөлімінде пайдаланушының соңғы бес жылдағы несие алу тарихы туралы есеп, белсенді несие міндеттемелері мен скорингтік балл ұсынылады. Ол несие алу тарихының деректері негізінде қалыптасады және пайдаланушыға өзінің несие беделін бағалауға көмектеседі. Скорингтік балл тек ақпараттық сипатқа ие және пайдаланушылар үшін оның кредиттік мінез-құлқын бағалауға арналғанын айта кету керек» делінген хабарламада.

    «Сақтандыру» бөлімінде пайдаланушыға бұрын жасалған сақтандыру шарттары мен полистері туралы жалпы есеп, сондай-ақ міндетті автосақтандыру құнына әсер ететін бонус-малус класы туралы ақпарат қолжетімді.

    Егер алынған мәліметтер бойынша сұрақтар туындаса, пайдаланушы тікелей кредит берушіге немесе сақтандыру компаниясына жүгінуі қажет.

  • Онлайн кредитке жаңа шектеу ұсынылды

    Онлайн кредитке жаңа шектеу ұсынылды

    Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова алаяқтыққа тосқауыл қою үшін онлайн кредит рәсімдеу кезінде банктерді қосымша тексеріс жүргізуге міндеттеу ұсынылып отырғанын мәлімдеді.

    Әбілқасымованың айтуынша, кредитті электронды түрде алуға тыйым салу халықтың шамадан тыс қарызға бату проблемасын шешпейді. Себебі адамдар онлайн ала алмаған несиесін банкке де барып рәсімдейді.

    «Электронды түрде алуға тыйым салсаңыз, азаматтар бәрібір де банкке барып, кредит алуға мүмкіндігі бар. Сол себепті онлайн кредитке тыйым салу халықтың қарызға шамадан тыс батуы мәселесін толығымен шешпейді», — деп санайды агенттік төрағасы.
    Дегенмен алаяқтарға тосқауыл қою үшін агенттік банктерді онлайн кредит рәсімдеу барысында қарыз алушыны қосымша тексеруге міндеттемек.

    «Тәуекелі жоғары операциялар анықталса, мысалы әлеуметтік осал санатқа кіретін азаматтар, зейнеткер несие алса, банктер қосымша тексеріс жүргізуге міндетті болады. Бұл несиені бірден мақұлдауға жол бермейді, яғни бес минут ішінде 5 млн теңге кредит ала алмайсыз», — деді Әбілқасымова.
    Агенттік Ресейдің тәжірибесін зерделеген.

    «Егер операция күмәнді көрінсе, банктер кредит беруді тоқтата тұрады. Біз ресейлік тәжірибені зерттедік: онлайн несиені бірден мақұлдамай, кредит сомасына байланысты 3 сағаттан 2 тәулікке дейін уақыт өтуі керек», — дейді ол.
    Айтуынша, қазір бұл ұсыныс банктермен талқыланып жатыр.

  • Бизнеске кредит беру рәсімдері цифрландырылады

    Бизнеске кредит беру рәсімдері цифрландырылады

    Бизнеске кредит беру рәсімдері цифрландырылады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен мәлім етті.

    «Кредит беруді ынталандыру жөніндегі жұмыстың маңызды бағыты — банктердегі кредиттерді мақұлдау рәсімдерін одан әрі оңтайландыру және оңайлату. Осы мақсатта бизнеске кредит беру рәсімдерін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізілуде.Атап айтқанда, Smart Bridge платформасы және электрондық Үкімет шлюзі арқылы банктерді мемлекеттік дерекқорымен ықпалдастыру жалғастырылды. Тиісті ведомствоаралық жол картасы қабылданды. Оны іске асыру нәтижесінде 2023 жылы банктердің ақпараттық жүйелерін заңды тұлғалар, жылжымайтын мүлік, салық деректері, лицензиялау, заңды тұлғаны тіркеуге өтініш беру, заңды тұлғалардың кірістері және т.б. бойынша деректерге қатысты 37 сервиспен ықпалдастыру қамтамасыз етілді», — делінген агенттіктің хабарламасында.

  • Несиеге сұраныс азая түсті

    Несиеге сұраныс азая түсті

    Елімізде несие алушылар азайған. Бірінші кредиттік бюроның хабарлауынша тамыз айында ел азаматтары 1 триллион 400 миллиард теңгеге үш жарым миллионнан астам несие рәсімдеген. Бұл шілде айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 10 процентке төмен. Тіпті өткен жылдың сәуір айынан бері ең төменгі көрсеткіш.  Ал қазір жеке азаматтардың банк алдындағы берешегі 22 триллион 300 миллиард теңгеден асады. 8 миллион 900 мың азаматтың несиесі бар.

  • Кредит алудан мүлдем бас тартуға болады

    Кредит алудан мүлдем бас тартуға болады

    Енді ҚР азаматтары eGov.kz порталындағы қызметтің көмегімен банктік қарыздар мен микрокредиттерді алудан шексіз уақытқа өз еркімен бас тарта алады. 

    «Сервисті пайдалануға тек азаматтың өзі ғана өтінім бере алады. Кредиттер мен шағын қарыздарды ресімдеуге тыйым салу мерзімсіз уақытқа қойылады. Сондай-ақ, пайдаланушы кез келген уақытта несиелер мен қарыздарды алуға белгіленген шектеулерді алып тастай алады. Ол үшін eGov.kz порталында қызмет көрсетуді мерзімінен бұрын тоқтатуға өтінім беру қажет», — делінген «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ хабарламасында.

    Қызметті алу үшін:

    — eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Кеден және салықтар» бөліміне өтіңіз;

    — тізімнен «Экономика және қаржы» бөлімін таңдап, «Банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту» қызметін таңдаңыз;

    — қажетті жолдарды толтырып, ЭЦҚ көмегімен өтінімге қол қойыңыз;

    — көрсетілетін қызмет нәтижесімен Жеке кабинетте танысуға болады.

    Бұрын белгіленген шектеулерді алып тастау үшін пайдаланушы:

    — «Банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту» қызметін таңдаңыз;

    — «Жазылудан бас тартқыңыз келе ме?» деген сұраққа «Иә» деп жауап беріңіз және қол қоюдың қолжетімді әдістерінің бірімен өтінімге қол қойыңыз.

    «Сервис жеке тұлғаның банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тартуды жою құқығын бекітуді көздейтін заңнамалық актілерге түзетулер шеңберінде іске асырылғанын атап өтеміз. Сервис ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жұмысының аясында қолжетімді болды», — деп толықтырды аталған ведомствоның баспасөз қызметі.

  • Қазақстанда онлайн-кредитке тыйым салуға петиция жарияланды

    Қазақстанда онлайн-кредитке тыйым салуға петиция жарияланды

    «Хақ-Назар» қоғамдық қорының қызметкерлері елімізде онлайн кредит беруге тыйым салуды сұрайды. Петиция epetition.kz https://epetition.kz/petition/278e6e8c-e31d-4d12-9248-10b4189fe146?commentPage=0

    сайтында жарияланды.

    «Жоғары пайыздық мөлшерлемелер мен ашық, айқын емес несие шарттары көбінесе адамдарды қарызға батырады. Одан бөлек, онлайн-несие алаяқтық, ұрлық және бопсалау сияқты қарызды өтеу жолдарымен байланысты қылмыстардың көбеюінее алып келеді», — делінген хабарламада.

    Петиция әзірге 1233 қаралым жинаған. Бірақ, ешкім пікір қалдырмаған. 12 тамызда жарияланған петиция 6 қыркүйекке дейін көпшіліктің талқысына ұсынылып отыр.