Метка: Маңғыстау облысы

  • Фотосессия үшін алған несие: Маңғыстау облысында сериялы алаяққа үкім кесілді

    Фотосессия үшін алған несие: Маңғыстау облысында сериялы алаяққа үкім кесілді

    Маңғыстау облысында таныстары мен туыстарының атына онлайн-несие рәсімдеген 24 жастағы азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Алаяқтық әрекеттердің салдарынан келтірілген жалпы шығын көлемі 6,5 миллион теңгеден асты.

    Қылмыскер алдаудың айлалы әдісін қолданған: ол жәбірленушілерден фотосессия жасау сылтауымен ұялы телефондарын сұрап алып, оларды биометриялық сәйкестендіруден (бет-әлпетті сканерлеу) өтуге көндірген. Осылайша банк қосымшалары мен микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) сервистеріне жол ашқан ол, өзгелердің атына ірі көлемде қарыз алған. Мәселен, ол өз туысының атына 1,8 млн теңге, ал ауылдасының атына 4,1 млн теңгеден астам несие рәсімдеп үлгерген.

    Сот айыпталушыны ірі көлемдегі алаяқтық бабы бойынша кінәлі деп таныды. Күдікті өз кінәсін мойындап, өкініш білдіргеніне қарамастан, сот оны 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім кесті. Жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Сонымен қатар, сотталған азамат жәбірленушілерге келтірілген 6,5 млн теңгеден астам шығынды толық өтеуге міндеттелді.

  • Маңғыстау облысында 13 жастағы қызға қатысты зорлық туралы арыз күдіктінің қаза болуынан кейін түскен

    Маңғыстау облысында 13 жастағы қызға қатысты зорлық туралы арыз күдіктінің қаза болуынан кейін түскен

    Маңғыстау облысында 13 жастағы қыз балаға қатысты зорлық-зомбылық дерегі бойынша қылмыстық іс күдікті тұлғаның қаза болуынан кейін тіркелді, деп хабарлайды Sona.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.

    Полицияның мәліметінше, 2026 жылғы 20 қаңтарда Шетпе ауылында 42 жастағы, жұмыссыз ер адам қайтыс болған күйінде табылған. Оның өліміне байланысты мән-жайлар тексеру барысында анықталған.

    24 қаңтар күні «102» нөміріне 13 жастағы қызға қатысты зорлық туралы хабарлама келіп түскен. Тексеру нәтижесінде арызда аталған тұлға баланың өгей әкесі екені, ал оның сол уақытқа дейін қайтыс болғаны белгілі болды.

    Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция өкілдері баланың құқықтары мемлекет қорғауында екенін атап өтті.

    Тергеу мүддесі мен кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өзге мәліметтер жария етілмейді.

  • Маңғыстау облысында жолаушылар автобусы қатысқан жол апатында адамдар қаза тапты

    Маңғыстау облысында жолаушылар автобусы қатысқан жол апатында адамдар қаза тапты

    Маңғыстау облысында жолаушылар автобусының қатысуымен ауыр жол-көлік оқиғасы орын алды, деп хабарлайды Sona.kz Nege.kz-ке сілтеме жасап.

    Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 16 қаңтар күні сағат 01:03 шамасында Yutong маркалы автобус Ақтау – Бейнеу бағытымен келе жатып, жүргізушінің көлікті басқара алмауы салдарынан аударылған.

    Апат салдарынан оқиға орнында төрт жолаушы қаза тапты. Тағы үш адам түрлі деңгейдегі жарақаттармен медициналық мекемелерге жеткізілді. Автобус салонында 50 жолаушы болған, деп хабарлады Көлік министрлігі.

    Автобусты 1985 жылы туған жүргізуші басқарған. Ведомствоның мәліметінше, оқиға болған жерден шамамен 200 шақырым бұрын екінші жүргізуші ауыстырылған. Автобус 2025 жылғы 19 желтоқсанда техникалық тексеруден өткен және «CASPIAN TRANS CORPORATION» ЖШС-не тіркелген.

    Жолдың бұл бөлігі II техникалық санатқа жатады. Жабындысы — асфальтбетон, жолдың ені 9 метр, ақаулар анықталмаған. Жол белгілері толық орнатылған. Жол апаты қараңғы уақытта болған.

    Аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

  • «Жоғары лауазымдылар ұсталды: екі әкім орынбасары есірткі ісіне қатысты»

    «Жоғары лауазымдылар ұсталды: екі әкім орынбасары есірткі ісіне қатысты»

    Маңғыстау облысында Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары мен Атамекен ауылдық округі әкімінің орынбасары ұсталды, деп хабарлайды Sona.kz NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

    Облыстық ПД мәліметінше, арнайы операция «Қарасора-2025» жедел-алдын алу шарасы аясында өткізілген. Акиматтың қолдауымен есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен үш тұрғын ұсталды. Олардың ішінде екі әкім орынбасары бар.

    Ұсталғандардан тәркіленген зат сараптамаға жіберілді. Аудан әкімінің орынбасары уақытша ұстау изоляторына қамалды, қалған күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы қаралуда.

    Акимат мемлекеттік қызметтегі жемқорлық пен заңсыз әрекеттерге «нөлдік төзімділік» қағидатын ұстанатынын атап өтті. «Мемлекеттік аппаратты адал емес қызметкерлерден тазарту — басты міндеттердің бірі», – делінген ресми хабарламада.

  • Маңғыстау облысындағы жол апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы мәлімет жарияланды

    Маңғыстау облысындағы жол апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы мәлімет жарияланды

    Маңғыстау облысындағы жол-көлік оқиғасынан жарақат алған үш жолаушы Жаңаөзен көпсалалы қалалық ауруханасына жеткізілді, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1964 жылы туған ер адам мен 1967 жылғы әйел жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалады. Сонымен қатар, 1960 жылы туған әйел травматология бөліміне орналастырылды. Оның жағдайы тұрақты, бірақ ауыр.

    Қазіргі уақытта науқастардың жағдайы дәрігерлердің бақылауында.

    Еске салайық, 11 қыркүйекте Қарақия ауданына қарасты Сенек ауылынан 90 шақырым жерде жол апаты болды. Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Hiace автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіне аударылып кеткен. Салонда жолаушылар болған. Апат салдарынан 10 адам қаза тапты.

  • Маңғыстау облысында бірнеше мұғалім жалған дипломмен жұмыс істеген

    Маңғыстау облысында бірнеше мұғалім жалған дипломмен жұмыс істеген

    Маңғыстау облысында білім беру сапасының заңдылығына жүргізілген талдау нәтижесінде педагогтардың кәсіптік даярлықтан өту куәліктерінің жалған екендігі анықталды.

    Прокуратура мәліметінше, «Ә» есімді педагог 2024 жылдың наурыз айында SDU University университетінің (Алматы қаласы) «Арнайы педагогика» мамандығы «логопед-дефектолог» біліктілігі бойынша қайта даярлау курсынан өткені туралы жалған куәлігін пайдаланып, мектепте «педагог-психолог» лауазымында жұмыс істеген.

    Осыған ұқсас деректер аудандағы орта білім беру ұйымдарындағы 6 педагогтен анықталды.

    «Аталған әрекеттер үшін, сот үкімімен 7 педагог Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 385-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оларға айыппұл жазасы тағайындалды», — делінген хабарламада.

  • Маңғыстаудағы компьютерлік залда құмар ойыны ұйымдастырылған

    Маңғыстаудағы компьютерлік залда құмар ойыны ұйымдастырылған

    Компьютерлік залда құмар ойынын ұйымдастырғандар сотталды.

    Қаржы мониторингі агенттігі Маңғыстау облысында 2022-2023 жылдары компьютерлік зал атын жамылып, заңсыз құмар ойын бизнесін ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі.

    Агенттіктің мәліметінше, қатысушылардан ақшалай бәс банк аударымдары арқылы қабылданып, кейін олар арнайы платформада тіркеліп, ойындарға қатысу үшін логин, пароль және сілтеме беру арқылы жүзеге асқан.

    Қылмыстық топтың жалпы табысы 77 млн теңгеден асты. Күдіктілер заңсыз жолмен табылған қаражаттың 36 млн теңгесіне екі автокөлік – «Toyota Land Cruiser» және «Mersedes-Benz 320» сатып алған. Сот үкімімен олар 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

    Қылмыстық жолмен алынған автокөліктер мемлекет пайдасына тәркіленді.

  • Маңғыстау облысында сөгіс алған әкім қызметімен кетті

    Маңғыстау облысында сөгіс алған әкім қызметімен кетті

    30 желтоқсанда өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай Түпқараған ауданы мәслихатының депутаттарына Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігімен келісілген Ержан Күмісқалидің кандидатурасын аудан әкімі қызметіне ұсынды. Бұған дейін бұл қызметті Рахат Елтізаров атқарған. Ал Ержан Күмісқали Мұнайлы ауданының әкімі болған еді.

    Ержан Қүмісқали 1983 жылы туған. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2007 жылы Жаңаөзенде мұғалім болып бастаған.

    «Депутаттар кандидатураны қолдады. Олар Ержан Күмісқалидің тәжірибелі басшы ретінде өзін жақсы жағынан көрсеткенін атап өтіп, оған сенім білдірді. Өңір басшысы бұған дейін Түпқараған ауданының әкімі болған Рахат Елтізаровқа атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, жаңа әкімге сәттілік тіледі», деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

  • Еліміздің 13 өңірінде дауылды ескерту жарияланды

    Еліміздің 13 өңірінде дауылды ескерту жарияланды

    Маңғыстау облысының батысында, оңтүстігінде оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді деп күтіледі.

    Түнде және таңертең Түркістан облысының батысында, оңтүстігінде, таулы аудандарында, сондай-ақ орталығында да тұман түсетіні болжанады.

    Абай облысының батысында, солтүстігінде, орталығында жаяу бұрқасын жүреді деп күтіледі. Облыстың батысында, солтүстігінде, орталығында оңтүстік-шығыстан, оңтүстіктен соққан желдің екпіні 15-20 м/с, кей тұста 23 м/с дейін жетеді.

    Түнде Ақтөбе облысының батысында, күндіз солтүстігінде, батысында көктайғақ, түнде 13 желтоқсанда облыстың солтүстігінде, батысында, оңтүстігінде, күндіз облыстың басым бөлігінде жаяу бұрқасын жүреді, көктайғақ болад деп күтіледі. 13 желтоқсанда түнде облыстың батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде оңтүстіктен батысқа ойыса соққан желдің екпіні 15-20 м/с, күндіз облыстың батысында, солтүстігінде, оңтүстігіндегі екпіні 25 м/с дейін жетеді. Ақтөбеде 12 желтоқсанда күндіз көктайғақ, 13 желтоқсанда жаяу бұрқасын, көктайғақ болады деп күтіледі. Оңтүстіктен батысқа ойыса соққан желдің екпіні — 15-20 м/с.

    Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында жаяу бұрқасын жүреді деп күтіледі. Облыстың солтүстігінде, шығысында оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с құрайды.

    Қарағанды облысының батысында, солтүстігінде жаяу бұрқасын жүреді деп күтіледі. Облыстың шығысында, оңтүстігінде тұман болады. Оңтүстік-батыстан, оңтүстіктен жел соғады, облыстың батысында, солтүстігінде соққан желдің екпіні 15-20 м/с құрайды. Қарағандыда да оңтүстік-батыстан, оңтүстіктен жел соғады, түндегі екпіні — 15-20 м/с.

    Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында жаяу бұрқасын жүреді деп күтіледі. Оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с, кей тұста 23-28 м/с дейін жетеді. Петропавлда жаяу бұрқасын жүреді деп күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, соққан желдің екпіні 15-20 м/с, кей тұста 25 м/с дейін жетеді.

    Түнде Батыс Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде, күндіз облыстың басым бөлігінде тұман, көктайғақ болады деп күтіледі. Күндіз облыстың батысында, солтүстігінде оңтүстік-батыстан, оңтүстіктен соққан желдің екпіні 15-20 м/с құрайды. Оралда тұман, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан, оңтүстіктен жел соғады, күндізгі екпіні — 18 м/с.

    Атырау облысының батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде көктайғақ, тұман болады деп күтіледі. Атырау қаласында да түнде және таңертең тұман, көктайғақ болады деп болжанады.

    Қостанай облысының солтүстік жартысында жаяу бұрқасын жүреді деп күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, екпіні — 15-20 м/с. Қостанай қаласында да оңтүстік-батыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с құрайды.

    Жетісу облысында оңтүстік-шығыстан жел соғады, Алакөл көлдері ауданындағы екпіні — 17-22 м/с.

    Ақмола облысының батысында, солтүстігінде, шығысында жаяу бұрқасын жүреді деп күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, күші — 15-20 м/с, облыстың солтүстігінде, шығысында кей уақыттарда соққан желдің екпіні 23-28 м/с дейін жетеді. Көкшетауда да жаяу бұрқасын жүреді. Оңтүстік-батыстан жел соғады, күші — 15-20 м/с, кей уақыттарда екпіні 25 м/с дейін жетеді. Астанада да оңтүстік-батыстан жел соғады, күші — 15-20 м/с, түнде және таңертең екпіні 23 м/с дейін жетеді.

    Павлодар облысының батысында, оңтүстігінде оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с құрайды деп күтіледі.

  • Компанияға 2 млрд теңге шығын келтірген «Кезби» директоры ұсталды

    Компанияға 2 млрд теңге шығын келтірген «Кезби» директоры ұсталды

    Қаржылық мониторинг агенттігі «Кезби» компаниясының қаражатты жымқыру және салық төлемеу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді.

    ҚМА Маңғыстау облысы бойынша департаменті «Кезби» ЖШС атқарушы директоры Ержан Кезбаевқа қатысты ҚК 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғады, деп мәлімдеді агенттік.

    Ол компания қызметкерлеріне жалақы төлеу үшін «Өзенмұнайгаз» АҚ бөлген 321 млн теңгені жымқырып, сондай-ақ 1,5 млрд теңгеге жуық сомаға салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілініп отыр, – деп қосты ведомство.

    2021 жылы «Кезби» ЖШС «Өзенмұнайгаз» АҚ-мен бригада үшін сағатына 65 мың теңге бағамен қызмет көрсету шарттарын жасасты. Кейіннен еңбекақы мен медициналық жәрдемақылардың өсуін қоса алғанда, жұмысшылар үшің әлеуметтік пакетті жақсарту мақсатында қызмет бағасы бригада үшін сағатына 87 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Алайда қаражаттың едәуір бөлігін, атап айтқанда 321 млн теңгені компания басшысы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайларына жұмсамай жымқырған.

    2024 жылғы 3 қарашада күдікті Е.Кезбаев құрықталды. Қазір жасалған қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүріп жатыр.