Метка: Марат Қарабаев

  • Елімізде тағы 53 теміржол вокзалы жөнделеді

    Елімізде тағы 53 теміржол вокзалы жөнделеді

    Осы жылы тағы 53 теміржол вокзалында жөндеу жұмыстары басталады. Бұл туралы көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.

    Министрдің айтуынша, осы күнге дейін 5 вокзал реконструкциялау жұмыстарынан өткен.

    «Осы жылы туристік бағыттарды қоса алғанда, тағы 53 вокзалға жөндеу жұмыстары басталады. Вокзал маңындағы алаңдарды жөндеу жұмыстары жергілікті атқарушы органдар тарапынан қамтамасыз етілуі қажет», — деді Қарабаев Үкімет отырысында.

    Сонымен қатар, Көлік министрлігі «Қызылжар – Мойынты» жаңа теміржол желісін салу; екіжолақты «вставка» мен қабылдау-жөнелту жолдарын салу арқылы «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» учаскелерін модернизациялау; «Қызылжар – Сексеуіл», «Шалқар – Бейнеу», «Қандыағаш – Тобыл», «Әлімбет – Никельтау» және «Ақсу – Дегелең – Жаңа-Семей» учаскелерінде заманауи реттеу жүйелерін енгізуді жоспарлап отыр.

    «Қазіргі уақытта бұл жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында халықаралық қаржы институттарымен келіссөз жүргізіліп жатыр. Жалпы, теміржол саласындағы жобаларды жүзеге асыру 20 жыл ішінде әлеуметтік-экономикалық бағытта 11 трлн теңге көлемінде мультипликативті әсерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 2025-2029 жылдар аралығында жалпы ішкі өнімнің өсіміне шамамен 0,4-тен 1% деңгейінде үлес қосуға ықпал етеді. Барлық жоба бойынша биыл сәуір айында құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жоспарланған», – деді министр.

     

  • Ақылы жолдардан түсетін кіріс 2026 жылы 100 млрд теңгеге жетуі мүмкін

    Ақылы жолдардан түсетін кіріс 2026 жылы 100 млрд теңгеге жетуі мүмкін

    Үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев ақылы жолдардан түсетін табыстың айтарлықтай өскені туралы баяндады.

    2024 жылы түсім сомасы 48 млрд теңгеге жетті. Биыл қосымша 4 мың шақырым ақылы учаскені іске қосу жоспарлануда, бұл кірісті 60 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Келесі жылы бұл көрсеткіш 100 млрд теңгеге дейін өсуі мүмкін.

    «Бұл ретте, осы ақылы жолдардан түскен қаражаттың бір бөлігін құрылыс жұмыстарына алынған қарыздардың пайыздық мөлшерлемелерді өтеуге жұмсау мәселесі қарастырылуда», – деп атап өтті министр.

    Бюджетке түсетін жүктемені азайту әрі өзін-өзі ақтау мақсатында реконструкциялау және жөндеу жұмыстары аяқталған учаскелерде «ақылы жол» мәртебесін кезең-кезеңімен енгізу жалғасуда. Қазіргі уақытта бүкіл еліміз бойынша ұзындығы 3,2 мың шақырым ақылы жол жүйесі жұмыс істейді.

    Сонымен қатар министр жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының дамуын атап өтті. Бүгінде елімізде 1 446 жол бойы сервистік объектілері жұмыс істейді, оның 90%-ы ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. 2025 жылы бұл көрсеткішті 100%-ға дейін жеткізу, сондай-ақ 400-ден астам заманауи қызмет көрсету нысандарын салу үшін ірі инвесторларды тарту жоспарлануда.

    «2029 жылға дейін 60 бірлік кешенді объектілердің құрылысы жоспарланған, оның ішінде 10 бірлігі осы жылы жүзеге асырылады. Инвестиция көлемі 120 млрд теңге. Оларда жатын орын, TIR тұрағы және жанармай бекеттері қарастырылған. Жол бойы сервистік объектілерін дамытудың негізінде елімізде бірінші рет отандық қонақүйлер жүйесі және олардың франшизасы қалыптасатын болады. Бұл жол бойы объектілерінің тасымал процессімен қатар, автотуризмнің де дамуына септігін тигізеді», – деп атап өтті Марат Қарабаев.

  • Биыл елімізде 13 мың шақырым жол жөндеуден өтеді

    Биыл елімізде 13 мың шақырым жол жөндеуден өтеді

    ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында 2025 жылы жөндеу жұмысы 13 мың шақырым жолды қамтитыны жоспарланғанын айтты.

    «Оның 9,5 мың шақырымы қажетті қаржымен қамтамасыз етілген, қалған шақырымын қаржыландыру мәселесі пысықталуда. Жаңа жобалар бойынша құрылыс маусымы басталғанға дейін мердігерлерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер өткізіледі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша республикалық жолдардың нормативтік жағдайы 94%-ды, ал жергілікті жолдарда – 91%-ды құрайды.

    Өткен жылдары басталған ұзындығы 1,08 мың шақырым жобалардың: Қалбатау – Майқапшағай (405 км), Күрті – Қонаев (67 км), Қызылорда – Жезқазған (398 км) және Ұзынағаш – Отар (42 км) құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 1 045 шақырым бірінші техникалық санаттағы жаңа магистралдардың құрылысы басталады», – деді Көлік министрі Марат Қарабаев.

    Министр мердігерлерді таңдау кезінде отандық компанияларға немесе шетелдік әріптестердің қатысуымен консорциумға артықшылық берілетінін, бұл қазақстандық құрылыс секторының одан әрі тұрақты дамуына ықпал ететінін атап өтті.

    «вБұдан басқа, Президенттің тапсырмасы бойынша, 2029 жылға дейін 3 мың шақырым жолды бірінші және екінші санаттарға ауыстыра отырып, реконструкциялау жоспарланып отыр. Бұл аталған сала мен ел экономикасының дамуына жаңа серпін береді.

    Ағымдағы жөндеумен 6,6 мың шақырым қамтылады. Басты мақсат – халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін өңіраралық және аудандық жолдарды қосу. Биыл Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Абай облыстарында ауқымды жұмыстар жоспарланған», – деді ведомство басшысы.

    Жөндеу жүргізілмегеніне 30 жылдан 50 жылға дейін болған жолдар, Петропавл – Жезқазған (703 км), Қандыағаш – Шалқар (246 км), Жаңаөзен – Түрікменстан шекарасы (156 км), Қарағанды – Аягөз – Боғас (452 км) толық жөндеуден өтеді.

  • Үшарал қаласы әуежайында жаңа терминал салынады

    Үшарал қаласы әуежайында жаңа терминал салынады

    Құрылыстың екі нұсқасы қарастырылуда: біріншісі – ғимараттарды келу және кету аймақтарына бөле отырып, қолданыстағы терминалдың жанынан шағын терминал салу; екіншісі – бірден үлкен терминал салу.

    Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаевтың Жетісу өңірі тұрғындарымен кездесуінде белгілі болды. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы орган жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін талдап, әзірлеуде.

    Сондай-ақ, бүгінгі таңда «Сарыөзек-Көктал» жолының 45-68-ші шақырымдары арасында күрделі жөндеу, ал 68-110 шақырымдары арасында орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Келесі жылы 0-ден 45-ші шақырымға дейін орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Тиісінше, жол толығымен ретке келтіріледі.

    Жалпы ұзындығы 762 шақырымды құрайтын «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» жолын қайта жаңғырту жұмыстары да 2024 жылдың соңына дейін аяқталады.

    Өңір тұрғындарымен еркін форматта өткен кездесуде ведомство басшысы министрліктің құзыретіне кіретін және осы өңірге қатысты сұрақтарға барынша ашық жауап берді.

    Қазақстандықтардың сұрақтары авиабилеттерді қайтару, халықаралық жүк тасымалдарының жүргізушілеріне виза беру және т.б. мәселелерге қатысты болды.