Метка: Марат Сұлтанғазиев

  • Алматыдағы №1 балалар үйі Қонаевқа көшірілмейтін болды

    Алматыдағы №1 балалар үйі Қонаевқа көшірілмейтін болды

    Бұған дейін Алматыдағы №1 балалар үйінің Қонаев қаласындағы әлі құрылысы бітпеген ғимаратқа көшетіні туралы ақпарат тараған еді. Мұны естіген тәрбиеленушілер де жылы орыннан кеткісі келмейтінін жеткізді.

    Алайда, шенеуніктер 1963 жылы салынған балалар үйінің ғимараты апатты жағдайда қалғанын, күрделі жөндеуге келмейтінін айтқан. Яғни, оның орнына Қонаев қаласынан жаңа ғимарат салынып жатқанын, оның 2025 жылдың жазына дейін аяқталатыны туралы уәде етілген. Сондай-ақ, балаларға абаттандырылған аумақ, жолдар, жарықтандыру және инженерлік желілер салып беру жағы да кепілдендірілген.

    Десе де, балалар үйінің тұрғындары мен олардың қорғаушылары бұл қадамды дұрыс емес деп санайды. Олардың пікірінше, «Қонаев қаласында жетім балаларға Алматыдағыдай оқу мен даму мүмкіндігі болмайды».  Сонымен қатар, бұл ғимаратқа түзеу колониялары жақын орналасқандықтан тағы да қосымша мәселе туындауы мүмкін екенін де жасырмайды.

    Айта кету керек. бұл жағдайға Аружан Саин бастаған қоғам белсенділері араласты. Ол Instagram парақшасында балалар үйіне барып, тәрбиеленушілермен кездесіп, пікір алмасқанын салды. Онда балалар ғимараттың ешқандай апаттық жағдайда емес екенін айтқан.

    Ал Алматы облысының білім басқармасы жаңа балалар үйінің құрылысы бекітілген жоспар бойынша жүргізіліп жатқанын хабарлады.

    «Учаскенің таңдауы бірқатар факторларға, соның ішінде санитарлық және экологиялық нормаларға сәйкес, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды одан әрі дамыту мүмкіндігіне байланысты болды. Заречное ауылы Қонаев қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан. Ауыл Алматы мен Қонаев қалаларының арасында орналасқан», – деп хабарлады ведомство.

    Құрылыс аяқталғаннан кейін балаларға қолайлы жағдай жасалады: абаттандырылған аумақ, асфальт жолдар, жарықтандыру және инженерлік желілер бәрі салынады.

    Сондай-ақ, Алматы облысы Білім басқармасы балалар үйінің жерін Әлия Назарбаева сияқты жеке тұлғаларға сату туралы қауесеттерді жоққа шығарды және балаларды қорлау фактілері расталмаған деп сендірді. Балалар үйіне арнайы келген Алматы облысы білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева:

    «Біз балалар үйі мен оның тәрбиеленушілеріне қатысты барлық мәселелерді бақылауда ұстаймыз. Жаңа ғимаратты қажетті құрал-жабдықтармен, көліктермен және оқу құралдарымен қамтамасыз ету ғана емес, балалардың өмір сүруіне жайлы және қауіпсіз жағдай жасау маңызды. Ал Алматыдан Қонаевқа қалай келіп-кетеміз деген қызметкерлер үшін сол жерде арнайы жатып істейтін бөлмелер қарастырылады», – деді Салтанат Беспаева.

    Сонымен, Алматыдағы №1 балалар үйі Қонаевқа көшірілмейтін болды. Бұл туралы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерімен және Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевпен кездескен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева да хабарлады.

    Ол балалар үйінің тәрбиеленушілері мен Алматы облысының әкімімен өткен кездесудің қорытындысы бойынша келесі ақпаратпен бөлісті:

    – Баганашылдағы балалар үйінде тұрып жатқан балалар осы үйде қала береді;
    – Жаңа ғимарат Нүсіпбаев атындағы интернаттың балаларына беріледі (бұған дейін ол жерде жағдайдың өте нашар екенін және балаларға тиісті жағдай жасалмағанын жазған едім);
    – Жаңа ғимараттың бір корпусын Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына береді, ол жерге облыстың барлық ауданынан келген балалар қабылданады, осылайша оларды қалаға тасудың қажеті болмайды, – деді ол.

    Ал Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алматы қаласындағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесу барысында: «Балалар Алматыда қалғысы келетіндерін айтты, өйткені жаңа ортаға бейімделу және әлеуметтік ортадан ажырау олардың психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Бұл фактор шешім қабылдауда басты назарға алынды. Сондықтан қалада білім алып жүрген тәрбиеленушілер өздеріне үйреншікті ортада оқуын жалғастырады, ал жаңадан қабылданатын балалар Қонаев қаласына орналастырылады», – деді облыс әкімі.

    Айта кетейік, 240 орынға есептелген жаңа балалар үйінің ауданы 4000 шаршы метр. Онда жайлы тұрғын бөлмелер, оқу сыныптары және демалыс аймақтары қарастырылған. Жақын маңда 900 орындық мектеп орналасқан, ал балаларды тасымалдау үшін арнайы автобус бөлінеді. Кешеннің ашылуы жаз айларына жоспарланған. Бұдан бөлек, жаңа ғимараттың бір бөлігі инфрақұрылымдық мәселелерге тап болған Нүсіпбаев атындағы интернатқа беріледі.

  • Алматы облысы: Межелі уақытында тапсырылмаған нысандарға кім жауапты?

    Алматы облысы: Межелі уақытында тапсырылмаған нысандарға кім жауапты?

    Былтыр Алматы облысында 950 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, 17 ауыл газбен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ 700 шақырымға жуық жол жөнделген. 

    Қонаев қаласында өткен «AMANAT» партиялық бақылау комитетінің көшпелі отырысында өңірде партияның сайлауалды уәделерінің жүзеге асырылу жайы талқыланды. Сонымен қатар партия өкілдері сайлауалды бағдарлама аясында салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты.

    Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, былтыр өңірде нақты экономика саласында 23 жоба жүзеге асырылып, 8 мың жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ 19,4 мың орынға арналған 18 мектеп, 47 жаңа денсаулық сақтау нысаны салынды. Осылайша «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы азаматтардың өзекті мәселелерін шешуге және облыстың тұрақты дамуына бағытталғанын көрсетті.

    «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында былтыр 420 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері анықталса, оның 90 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал «Ауыл аманаты» жобасы бойынша соңғы екі жылда 1200-ден астам адам жеңілдетілген несие алды», – деді ол.  

    Алматы облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Ләззат Тұрлашов мәслихат депутаттарының жұмысы туралы айтты. 2024 жылы халық қалаулылары сайлауалды бағдарлама нысандарына 220-ден астам рейд жүргізіп, 450-ге жуық депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, сайлауалды бағдарламаның кей тармақтарының орындалмау себебі – қаржының жеткіліксіздігі мен кейбір мердігерлердің жауапсыздығы.

    Ал амбулаториялар немесе мектептер салу сияқты тапсырмаларды орындаудағы кідірістер жайын сөз еткен комитет төрағасының орынбасары Майра Айсина: «Меніңше, мәселе себептерде емес, нақты жауапты адамдарда, мәслихат депутаттарында. Барлық мәслихаттарда біздің партиялық фракциялар басымдыққа ие, сондықтан кез келген мәселелерді жедел шешуге және жергілікті бюджеттен қаражат бөлуге мүмкіндіктері бар. Жауапты қызметтерге кіріспес бұрын, олар өздеріне «Мен не үшін партияға кірдім, не үшін депутат болдым?» деген сұрақтарды қоюы керек. Ешкім оларды жауапкершілік алуға мәжбүрлеген жоқ!» – деді.

    Сол сияқты межелі уақытында салынбаған немесе жөнделмеген мектептер, емханалар, спорт кешендері және жолдарға кім жауапты? Мәжіліс депутаты, Комитет төрағасы Павел Казанцевтің айтуынша, жоспарлаудағы қателіктер көптеген нысандардың қаржыландырылмауына әкелген.

    «Нысандардағы туындаған мәселелер мемлекеттік органдардың, тапсырыс берушілердің және мердігерлердің қатысуымен сұрау салу, ресми хаттар және жиналыстар арқылы жедел қаралуы тиіс. Алайда қазіргі жағдай ондай емес. Кейбір депутаттар өздеріне бекітілген нысандарға мүлдем бармайды, жұмыстардың барысына қызығушылық танытпайды, кейде тіпті қай нысанның бақылауға алынғанын білмейді», – деді ол.

    Шын мәнінде, мемлекеттік нысандар құрылысының дер кезінде аяқталмауына қаржының жеткіліксіздігі мен мердігерлердің жауапсыздығы себеп пе? Сонда мұны жіті қадағалауы тиіс мәслихат депутаттары не қараған? Бәлкім, партиялық жауапкершілік мәселесін қарастыру осындайда керек шығар. Ал мұның ту басында тұрған жауапты облыс әкімі ше?  

     

  • Марат Сұлтанғазиев құмар ойын бизнесі тоқтамайтынын айтты

    Марат Сұлтанғазиев құмар ойын бизнесі тоқтамайтынын айтты

    Қонаев қаласындағы букмекерлік кеңселер мен казинолардан елге жыл сайын 90 млрд теңгеге жуық салық түсіп тұр. Қаланың артықшылығы болған ойынханалар шетелден туристерді де көптеп тартып жатыр. Осылай деген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласындағы құмар ойын бизнесі тоқтамайтынын айтты.

    Облыс басшысының айтуынша, Қонаев қаласында қазір 5 казино мен 6 ойын залы  жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек бірнеше букмекерлік компаниялар тіркелген. Әкім ойын бизнесінің арқасында қалада жұмыссыздық мәселесі азайғанын айтады.

    «Биыл қателеспесем, олар мемлекетке 90 миллиардқа жуық салық төледі. 3,5 мың жұмыс орны құрылды және осы ойын бизнесі саласында дәл осындай 3,5 мың жұмыс орны бар. Осыншалықты адам осы жерлерден өз нәпақаларын тауып отыр. Оның үстіне су қоймасының жағалауында орналасуы туристер үшін тартымды болып отыр», – деді Сұлтанғазиев орталық коммуникациялар алаңында брифингінде.

    Әкім сондай-ақ ойын бизнесі шетелдік туристерді қалай тартып отырғанына да тоқталды.

    «Жұмыс ітеп тұрған 5 казиноның лицензиясы бар. Өздеріңіз білесіздер тек Қонаев пен Щучинск қалаларында ғана ойын бизнесін жүргізуге болады. Сондықтан бізде жұмыс істейтіндер заңды  тіркелген. Ал шетелдік туристерге келер болсақ, осы  бағытта ең басты басымдық  соларда болып отыр», – деді әкім.

  • Алматы облысы әкімі халықты полицияға ғана сенуге шақырды

    Алматы облысы әкімі халықты полицияға ғана сенуге шақырды

    Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат және оның ағасының өлімін тәртіп сақшылары тергеп жатқанын айтып, құқық қорғау органдары берген ақпаратқа сенуге шақырды.

    Біз отбасына көңіл айтамыз. Жалпы, бұл мәселе біздің назарымызда. Құқық қорғау органдары өз жұмысын атқарып жатыр. Қазіргі таңда (іс) ішкі істер министрі мен бас прокурордың жеке бақылауында. Сондықтан біздің аудиторияға айтқым келгені – сабыр сақтап, құқық қорғау органдары берген мәліметтерге көңіл бөліп, сену. Қазір олар ашық жұмыс істеп отыр. Әр жұмысы бойынша баспасөз құралдарында (ақпарат) жариялап жатыр, – деді Марат Сұлтанғазиев ОҚК-де өткен баспасөз мәслихатында.

    Бұған дейін Шерзат Болаттың әкесіне қатысты қылмыстық іс қозғалған еді. Сондай-ақ, Талғар қаласы маңында Шерхат Болаттың 30 жастағы ағасының мәйіті табылған болатын. Алдын ала мәліметке сай, ол өзіне қол салған.

  • Қол астындағы аудан әкімі ұсталған Сұлтанғазиев отставкаға кете ме?

    Қол астындағы аудан әкімі ұсталған Сұлтанғазиев отставкаға кете ме?

    Бұл сұрақ орталық коммуникациялар алаңында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевке қойылды. «Біріншіден, іс әлі жүргізіліп жатыр. Сотқа берілген жоқ. Екіншіден, аудан әкімі ұсталған кезде өз лауазымын босатқан болатын. Өйткені оның уақыты өтті. Алты жыл басқарды. Үшіншіден, айып тағылып жатқан жағдай ол 2017-2021 жылғы басталған жұмыс еді», – дейді Марат Сұлтанғазиев.

    Іле ауданының бұрынғы басшысы Бағдат Қарасаев 4 қыркүйекте аймаққа 204 млн теңгеге залал келтіріп, басқа да лауазымды тұлғаларды қылмыстық схемаға тартты деген күдікке ілінген.

    Айта кету керек, Бағдат Қарасаев өзіне аффилиирленген компаниясына қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын сенімгерлік басқару құқығын беру арқылы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұза отырып, санитарлық-эпидемиялық бақылау органдарының рұқсатынсыз лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деген күдікке ілінген. Сонымен қатар, ол полигонды сенімгерлік басқару мерзімін заңсыз ұзарту арқылы өзінің лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдік бойынша тергеліп жатыр.Бекайдаровтың айтуынша, қылмыстық схемаға Қарасаев аудандық қаржы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің басшыларын тартқан.