Метка: маркетплейс

  • «Қазпошта» Қытаймен бірге маркетплейс іске қосады

    «Қазпошта» Қытаймен бірге маркетплейс іске қосады

    «Қазпошта» АҚ электрондық коммерция мен цифрлық технологиялар саласындағы Қытайдың жетекші компанияларымен екі стратегиялық келісімге қол қойды.

    Жоспарға сәйкес, Қазақстанда трансшекаралық маркетплейс іске қосылады. Платформа JD.com International сынды ірі қытайлық ритейлерлердің жеткізу тізбегін пайдаланып, тауарларды тікелей Қытай фабрикаларынан жеткізуге мүмкіндік береді. Жобаны 2025 жылдың IV тоқсанында іске қосу көзделген.

    Президент тапсырмасына сәйкес, трансшекаралық сауданы дамыту үшін «Қазпошта» 2025 жылдың 14 тамызында China Poly Group (CITIC Poly Fund) компаниясымен бірлескен кәсіпорын құрды.

    Жоба аясында шағын және орта бизнеске халықаралық нарыққа шығуға және тиімділігін арттыруға көмектесетін жаңа цифрлық шешімдер енгізіледі.

    Сонымен қатар, Alipay Labs және Whale Cloud Technology компанияларымен келісім жасалды. Ол трансшекаралық саудаға арналған ашық цифрлық экожүйені дамытуға бағытталған. Бұл платформа 2026 жылы іске қосылады.

    Әлемдегі ең ірі төлем жүйелерінің бірі — Alipay, онлайн және оффлайн төлемдерді бірыңғай экожүйеге біріктіру мүмкіндігін ұсынады.

    «Трансшекаралық электрондық сауданы дамыту және бизнеске арналған заманауи сервистер құру — «Қазпоштаның» стратегиялық міндеті. Қытайлық серіктестердің қолдауын жоғары бағалаймыз және бұл жобалар ұзақ мерзімді әріптестіктің негізіне айналады деп сенеміз», — деді «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Бекежан Жәкеев.

  • Қазақстандықтар маркетплейстердегі онлайн-тапсырыстарға баж салығын төлейтін болады

    Қазақстандықтар маркетплейстердегі онлайн-тапсырыстарға баж салығын төлейтін болады

    Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдер, оның ішінде Қазақстан, онлайн-саудаға қатысты кедендік баж салығының жаңа ережелерін бекітпек. Бұл туралы Sona.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

    12 қыркүйекте өтетін Еуразиялық экономикалық комиссия отырысында шетелдік маркетплейстерден алынатын тауарларға жаңа талаптар қойылмақ. Жоспар бойынша, егер тапсырыс құны 200 еуродан асса, сатып алушы 5% мөлшерінде баж салығын төлеуге тиіс болады. Сонымен бірге ең төменгі мөлшерлеме – 1 еуро/кг деңгейінде белгіленеді.

    Жаңа тәртіп барлық ЕАЭО елдері Кеден кодексіне түзетулерді ратификациялаған соң күшіне енеді. Қазір бұл өзгерістерді бекітпеген жалғыз ел – Қазақстан.

    Шенеуніктердің айтуынша, қазіргі кезде шетелдік маркетплейстер бажсыз сауда есебінен артықшылыққа ие, ал бұл жергілікті кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігіне кері әсер етеді.