Метка: медбике

  • Клиникадағы сұмдық: Қарағандыда ер адам медбикені шашынан тартып, сегіз минут бойы азаптады

    Клиникадағы сұмдық: Қарағандыда ер адам медбикені шашынан тартып, сегіз минут бойы азаптады

    Қарағанды қаласындағы жеке DiVera маммологиялық орталығында болған жантүршігерлік оқиға елді дүр сілкіндірді. 16 шілде күні сағат 16:00 шамасында 42 жастағы ер адам орталықтың аға медбикесі Асель Тасмагомбетоваға шабуыл жасап, оны қатыгездікпен соққыға жыққан.

    Оқиға ер адамның әйелін дәрігерге әкеліп, кейін рұқсат етілмеген кабинетке кірмек болған сәтінде орын алған. Медбике оған кіруге болмайтынын айтқан. Алайда ашуға мінген азамат есікті түгелімен жұлып, Асельді жерге жығып, шашынан ұстап, беті мен денесіне соққы жасап, саусағын сындырған, қолын тістелеп, ұзақ уақыт бойы азаптаған.

    «Басымды қолыммен қорғаштап жаттым, бірақ ол бәрібір теуіп жатты. Қатты қорықтым. Үйге тірі жетпей қалам ба деп ойладым. Астым қан болды», – деп көзіне жас алды Асель.

    Куәгерлердің айтуынша, сол сәтте оқиға орнына жүктілігінің алтыншы айында жүрген дәрігер маммолог жүгіріп келіп, көмектесуге тырысқан. Бірақ ер адам салмағы шамамен 100 келі бола тұра, медбикенің үстіне мініп алып, шашынан айырмай, соққылауын тоқтатпаған.

    Полиция департаменті күдіктінің психоневрологиялық орталыққа жеткізілгенін растады. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында, тергеу жүріп жатыр.

    DiVera медициналық орталықтар желісінің директоры Наталья Ибраева бұл оқиғаны жүйелі мәселеге балап, қоғам мен мемлекетті бірлесіп әрекет етуге шақырды:

    «Біз бұл жағдайды жай қалдырмаймыз. Медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігі – біздің басты басымдығымыз. Бұл – денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімнің іргетасы».

    Клиникада ішкі тексеріс басталып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Персонал агрессияға қалай әрекет ету керектігі бойынша оқытылатын болады. Ал Асель Тасмагомбетоваға қазіргі таңда медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Ол ауыр дене жарақатын алған және күйзеліс жағдайында.

  • Екі баланың өліміне себеп болған іс: медбике сот залында қамауға алынды

    Екі баланың өліміне себеп болған іс: медбике сот залында қамауға алынды

    Петропавлда отбасының жаппай улануына қатысты іс бойынша 26 жастағы медбике екі жылға бас бостандығынан айырылды.

    Қайғылы жағдай былтыр маусымда Қызылжар ауданына қарасты Надежка ауылында болды. Дүкеннен сатып алынған бекон мен тұшпараны жеген отбасы уланды. Үш және алты жастағы екі бала көз жұмды.

    Анасы Галина Коваленконың айтуынша, оларды құтқаруға алғашқы келген медбике тек көмір беріп кетіп қалған, жедел жәрдем де шақырмаған. Балаларға дер кезінде медициналық көмек көрсетілмеген.

    Сот медбикені Қылмыстық кодекстің 317-бабы 4-бөлігі («Медициналық міндеттерді тиісті деңгейде орындамау») бойынша кінәлі деп таныды. Ол үш жылға медицина саласында жұмыс істеу құқығынан айырылып, минималды қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтейді.

    Моральдық зиян үшін талап етілген 50 млн теңгенің орнына Кызылжар аудандық ауруханасынан 10 млн теңге өндірілді.

    Жәбірленуші тарап үкімге наразы және оны апелляцияға бермек.
    Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.