Метка: мемлекеттік сатып алу

  • Астанада сот сараптама орталығының директоры қамауға алынды

    Астанада сот сараптама орталығының директоры қамауға алынды

    ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Сот сараптамалары орталығының лауазымды тұлғалары мен мердігер ұйым басшысына қатысты 2 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу ісін тіркеді.

    2023-2025 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында сот-сараптама органдарын материалдық-техникалық жабдықтау мақсатында республикалық бюджеттен 10,3 млрд теңге бөлінді.

    Алайда, 2023-2024 жылдары Сот сараптамалары орталығының лауазымды тұлғалары мүдделі топпен алдын-ала келісіп, бюджет өтінімін қалыптастыру кезінде жалған коммерциялық ұсыныстар ұсыну арқылы жабдықтың құнын үш есе арттырған.

    Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланбай тұрып, техникалық сипаттамаларда тек өздері танитын компаниялар ғана ұсына алатын жабдықтар көрсетілген.

    «Мүлікті тәркілеу мақсатында жалпы құны 148 млн теңгеден асатын Алматы қаласындағы 2 жер телімі, Астана қаласындағы пәтер және BMW Х6 мен RAV 4 автокөліктеріне тыйым салынды, – деді ҚМА баспасөз қызметі

    Сонымен қатар, банк есепшоттарындағы 1,6 миллиард теңге, 367 мың АҚШ долларыжәне 366 мың еуро сомасындағы компанияның ақша қаражаты бұғатталды.

    Құқықтық сараптама орталығының директоры, мемлекеттік сатып алу департаментінің басшысы және ЖШС басшысы ұсталып, сот оларды 2 айға қамауда ұстау жөнінде шешім қабылдады.

    ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.

    Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

     

  • Маңғыстау облысында 39 млн теңгенің тендері заңсыз деп танылды

    Маңғыстау облысында 39 млн теңгенің тендері заңсыз деп танылды

    Маңғыстау облысының прокурорлары 39 млн теңгеге
    мемлекеттік сатып алу конкурсының күшін жойды.

    Маңғыстау облысының Қарақия ауданының прокуратурасымен мемлекеттік сатып алу заңнамасы талаптарының сақталуына жүргізілген талдау барысында 39 млн теңгеге жарияланған конкурстың күші жойылды.

    «Атап айтқанда, аудандық білім бөлімі мен мемлекеттік сатып алу веб-порталында ақпараттық жүйені техникалық қолдау және оған қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша конкурс жарияланған.Прокурорлар әлеуетті өнім берушінің біліктілік талаптары бойынша жалған ақпарат бергенін анықтады»,- делінген Маңғыстау облысы прокуратурасының ресми сайтындағы хабарламада.

    Прокурорлық қадағалау актісімен конкурстың күші жойылып, білім бөлімінің қызметкері тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

    Мемлекеттік сатып алу саласындағы ашықтықты және заңдылықты сақтауды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасуда.