Метка: Метро

  • Алматы метросын Алатау қаласына дейін ұзарту жоспарлануда

    Алматы метросын Алатау қаласына дейін ұзарту жоспарлануда

    Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі жаңартылған Бас жоспарын талқылау барысында мегаполистегі метрополитенді дамытуға қатысты жаңа бастамалар жарияланды. «Алматыгенплан» ҒЗИ бас директоры Асхат Садуовтың айтуынша, қолданыстағы метро желісін кеңейту және оны қала маңындағы аумақтармен, соның ішінде Алатау қаласымен байланыстыру мәселесі қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Жоспарға сәйкес, қазіргі «қызыл» желі «Барлық» станциясына дейін ұзартылып, одан әрі Алматы-1 теміржол вокзалымен біріктірілуі мүмкін. Бұл шешім ірі көлік тораптарын өзара байланыстыруға бағытталған классикалық тәсіл ретінде қарастырылады. Осылайша, метро желісі қала ішіндегі және қала маңындағы жолаушылар ағынын тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді.

    Бұдан кейін аталған желіні солтүстік бағытта жалғастырып, болашақта жоспарланып отырған «жасыл» желімен интеграциялау көзделген. Бұл өзгерістер Алатау қаласынан Алматыға дейін жылдам әрі қолжетімді көлік қатынасын қамтамасыз етуге бағытталған. Мамандардың айтуынша, метрополитеннің қала шегінен шығуы агломерациялық дамуға серпін береді.

    Сонымен қатар Алматыда жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесін дамыту да қатар қарастырылып отыр. Жобаға сәйкес, LRT желісі «Барлық» станциясынан басталып, Төле би көшесі арқылы өтіп, Абылай хан даңғылымен Алматы-2 вокзалына, одан әрі Райымбек даңғылы мен жаңа Хмельницкий көшесі арқылы қаланың шығыс және оңтүстік бөліктерімен байланысады.

    Қазіргі уақытта LRT жобасының бірінші кезеңіне арналған техникалық-экономикалық негіздеме аяқталу сатысында. Құжат бекітілгеннен кейін құрылыс-монтаж жұмыстарының нақты мерзімдері айқындалады. Жобаны іске асыру үшін EPC-келісімшарт форматы қарастырылып отыр, яғни мердігер жобалаудан бастап құрылысты толық өз мойнына алады.

    Қала билігі мұндай келісімшарттар бастапқыда қымбат болуы мүмкін екенін мойындайды, алайда қысқа мерзімде жүзеге асырылуы есебінен экономикалық тұрғыда тиімді болады деп есептейді. Әлемдік тәжірибеде, соның ішінде Қытай мен Ресейде, ірі көлік инфрақұрылымдары қысқа уақыт ішінде салынатыны мысалға келтірілді.

    Айта кетейік, Алматыда метро құрылысы да қарқынды жалғасуда. «Қалқаман» станциясындағы құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталады деп жоспарланған. Жалпы, жаңартылған Бас жоспар қоғамдық көлікті басым бағыт ретінде дамытуға, метро желілерін кеңейтуге, LRT және BRT жүйелерін іске қосуға және автобус жолақтарын көбейтуге басымдық береді.

  • Алматыда метро басшылығы кәсіпкерлермен заңсыз келісім жасаған

    Алматыда метро басшылығы кәсіпкерлермен заңсыз келісім жасаған

    Алматыда метро басшылығы кәсіпкерлермен заңсыз келісім жасаған. Көлік прокуратурасы «Метрополитен» ШЖҚ КМК қызметін талдау барысында кәсіпкерлердің құқығына нұқсан келтіретін заңбұзушылықтарды анықтады.

    Метрополитен басшылығы салық шығындарын сауда алаңдарын жалға алушылар есебінен өтеуге шешім қабылдап, ол үшін оларды қосымша келісімдер жасауға мәжбүрлеген. Прокуратураның қадағалау актісі бойынша салық төлемдерін жабу бөлігіндегі заңсыз талаптар келісімдерден алынып тасталды, ал кәсіпкерлерге 12,5 млн теңге қайтарылды, – делінген прокуратура хабарламасында.

    Заңсыз әрекеттерден барлығы 11 кәсіпкер зардап шеккені белігі болды.

  • Алматы метросы жұмыс кестесін өзгертеді

    Алматы метросы жұмыс кестесін өзгертеді

    Бүгін метро әкімшілігі мәлімдеме жасап, 20 қыркүйектен 21 қыркүйекке қараған түні Алмалы бекетінен Абай бекетіне дейінгі аралықтағы рельс бунағын ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілетінін хабарлады.

    Осыған орай, 21 қыркүйек күні метро бекеттері өз жұмысын сағат 07:00-ден бастайды,  – деп хабарлады «Метрополитені» ШЖҚ МКК.

    Әкімшілік уақытша қолайсыздықтар үшін жолаушылардан кешірім сұрады.