Метка: Мигранттар

  • Мәскеу полициясы қырғыз мигранттарын моншада 5 сағат бойы азаптаған

    Мәскеу полициясы қырғыз мигранттарын моншада 5 сағат бойы азаптаған

    10 сәуірде Мәскеу полициясы қырғыз мигранттары барған «Бодрость» моншасына рейд жүргізіп, келушілерді соққыға жыққан.

     Бұл туралы сол күні моншада болған қырғыз азаматтары мәлімдеді. Әлеуметтік желіде сол күні болған оқиғаның видеосы да тарады.

    Мәскеуде бір айдан астам уақыт такси жүргізушісі болып жұмыс істеп жүрген Әлихан 10 сәуір кешке ағасымен және немере ағасымен бірге моншаға барған. Шамамен жарты сағаттан кейін олар әлдекімдердің есікті қалай сындырып жатқанын естіген және дүрбелең басталған.

    «Адамдар үрейленіп, қашуға тырысты. Біз де қашуға тырыстық, бірақ ешкімнің шығуына мүмкіндік бермеді. Кейін бәрін ұра бастады. Кім ұрып жатқаны түсініксіз — басыңды көтеруге де мүмкіндік жоқ. Олардың қолдарында таяқшалар мен электр шокерлер болды. Барлығын асүйге жинады. Күші бар деген еркектерді бөлді, ал әлсіз не арық көрінгендерді бір бөлмеге қалдырды. Сақалы бар адамдарды жеке алып кетті. Бір ер адамның мұртының жартысын сол жерде қырып тастады. Ол қарсылық көрсеткенде, бетінен ұрды. Біз не үшін ұрып жатқанын түсінбедік — ешкім құжаттарды сұраған жоқ. Бір адам орнынан тұрып, себебін сұрады, оған «Бізге тек сендер ұнамай тұрсыңдар» деп жауап берді», — деді ол.

    Әлиханның айтуынша, ұрып-соғу шамамен бес сағатқа созылып, полицейлер түрлі қорлық көрсеткен.

    «Біреуінің қалтасынан насыбай тауып алды. Сөйтіп сол насыбайды бәрінің аузына тығып, жегізді. Кейбірін қол күрестіріп, жеңілгендерді соққыға жықты. Кейбірінің құжатын жыртып тастады. Киімшең болғандарды бассейнге секіртті. Кейбірінің қалтасындағы ақшаны тартып алды. Бір адамға жарты келі ащы бұрыш жегізді» – дейді Әлихан.

    Оның айтуынша, бес сағаттан соң полицияның лауазымды адамдары келген. Олар болған жайтты туралы сұрақ қойған кезде мигранттарға ешкім тимеген. Куәгердің сөзінше, моншада 60-қа тарта қырғыз азаматы болған. Кейін олардың бәрін түрлі полиция бөлімдеріне алып кеткен. Әлиханды 1-2 сағат ұстап, босатқан. Ал оның күйеу баласы Байназарға айыппұл салған. Ол не үшін айыппұл салғанын түсінбеген.

    Жогорку Кенеш депутаты Жанарбек Ақаев Қырғызстан Мәскеудегі моншада болған оқиғаға назар аударуы керек екенін айтты.

    Осы оқиғадан кейін Ресейдің Қырғызстандағы елшісі Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрлігіне шақырылып, оған нота тапсырылды.

    «Ресей тарапына құқық қорғау органдары жүргізген іс-шаралардың негіздері туралы ақпарат беру туралы ресми нота табысталды», – делінген хабарламада.

  • АҚШ-та жүрген қазақстандықтарға ескерту жасалды

    АҚШ-та жүрген қазақстандықтарға ескерту жасалды

    АҚШ-тағы миграциялық саясаттың қатаңдатылуына байланысты Қазақстан елшілігі шетелде құжатсыз, визасыз жүрген қазақстандықтарға ескерту жасады.

    Қазақстан елшілігі АҚШ-тың шекара қауіпсіздігін нығайту және заңсыз миграцияны азайту мақсатында миграциялық саясатын барынша қатаңдатқанына назарларыңызды аударады.

    Шекара қауіпсіздігін нығайтуға және заңсыз миграцияны азайтуға бағытталған шаралар елге заңсыз келген шетелдіктерге (визасыз келген және тұрақты тұруға рұқсаты жоқ азаматтар) және АҚШ-та заңсыз жүрген мигранттарға қатысты болып отыр.

    Қамауға алу және елден шығару сынды мәжбүрлеу шараларымен қатар, АҚШ-қа қайта кіруге шектеулер енгізіліп, сондай-ақ әлеуметтік көмек, жұмыс істеуге рұқсат беретін құжаттар мен басқа да әлеуметтік жеңілдіктерді жою қарастырылуда.

    – АҚШ билігі заңсыз негізде жүрген шетелдіктерге (құжаты жоқ, жарамсыз виза мен тұрақты тұруға рұқсаты (Грин Карта) және басқа құжаттар болмауы) елден өз еркімен кетуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл шара Қазақстан азаматтарының депортацияға ұшырау қаупін азайтуға және оның салдарынан болашақта АҚШ визасына өтініш бергенде ел аумағына кіруге тыйым салынуынан сақтануға көмектеседі, – делінген хабарламада.

    Осы мәселеге қатысты тағы бірқатар өзгерістерді атап өтуге болады:

    • «Мексикада қалыңыз» саясаты қайта енгізілді, яғни мигранттар және саяси баспана сұрайтындар миграциялық сотқа шақырғанға дейін Мексикада қалуға міндеттеледі;
    • «Ұста да жібер» (catch and release) шарасы тоқтатылды. Бұл АҚШ шекарасынан заңсыз өткен мигранттар ісі қаралмайынша қамауда болатындығын білдіреді. Оларды арнайы орталықтарға қамап немесе бірден келген елдеріне қайтаратын болады. Сонымен қатар, азаматтар үшінші елдерге де жіберілуі мүмкін (мысалы, «Мексикада болу» бағдарламасы бойынша);
    • Шартты түрде уақытынан ерте босататын немесе АҚШ-қа кіруге алдын ала жеңілдіктер қарастырылған «CBP One» мобильдік қосымшасы жұмысын тоқтатты.

    АҚШ көші-қон заңнамасындағы өзгерістер туралы ресми ақпаратты келесі ресурстардан бақылап отыруды ұсынамыз:

    • АҚШ азаматтығы және иммиграция қызметі (USCIS);
    • АҚШ Мемлекеттік департаменті –  Консулдық мәселелер бюросы.

    Төтенше жағдайлар немесе консулдық-құқықтық көмек қажеттілігі туындаған жағдайда, төмендегі байланыс нөмірлеріне хабарласуды сұраймыз:

    • Қазақстан Республикасының Елшілігі: +1 202 232 5488 ішкі 127, 109, 121;
    • ҚР Нью-Йорк қаласындағы Бас консулдығы: +1 332 207 9632;
    • ҚР Сан-Франциско қаласындағы Бас консулдығы: +1 650 741-8894.