Метка: Микроқаржы ұйымдары

  • Заңсыз микрокредит ұйымдастырғандар 32 млрд теңге пайда тапқан

    Заңсыз микрокредит ұйымдастырғандар 32 млрд теңге пайда тапқан

    Алматыда «Creditum» МҚҰ, «Sofi Finance» МҚҰ, «Hava Finance» МҚҰ, «SF Offline» МҚҰ, «POS Credit» МҚҰ, «Сәлем Кредит» МҚҰ басшыларына қатысты алаяқтық және заңсыз кәсіпкерлік қызмет фактілері бойынша тергеу жүріп жатыр.

    Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, аталған МҚҰ-лардың заңсыз әрекетінің салдарынан 327 мыңнан астам азамат зардап шекті, оларға келтірілген шығын көлемі 30 млрд теңгені құрайды.

    Төлемдері кешіктірілген қарыз алушылар Hava.kz, Koke.kz, Tengo.kz компаниялармен кепілдік шарттарын жасасуға мәжбүр болған.

    Бұл ретте, кепілгердің жауапкершілігі тек қарыз алушы қайтыс болған жағдайда ғана қарастырылған.

    «Бұл қызмет үшін бастапқы несие сомасынан бірнеше есе асып түсетін төлем алынып, азаматтарды қарызға батырған. Нәтижесінде, қарыз алушылар несие сомасынан 3-5 есе артық ақша төлеуге мәжбүр болған.  Микроқаржы ұйымдарының есепшоттарына 1,8 млрд теңге көлемінде тыйым салынды, сондай-ақ 30 млрд теңге мөлшерінде несие портфеліне шектеу қойылды.

    МҚҰ ұйымдастырушысы 2 айға қамауға алынды. Оның жалпы құны 225 млн теңге көлемінде 2 тұрғын үйі мен BMW X6, Toyota Tundra маркалы автокөліктеріне тыйым салынды», – делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.

  • Микроқаржы ұйымының клиенттеріне тегін көмек көрсететін омбудсман құрылды

    Микроқаржы ұйымының клиенттеріне тегін көмек көрсететін омбудсман құрылды

    Қазақстанда 21 желтоқсаннан бастап микроқаржы омбудсман институты жұмыс істейді. Оның негізгі мақсаты – азаматтардың құқығын қорғау және дауларды сотқа дейін реттеуге көмектесу, деп хабарлайды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

    Агенттіктің ақпаратынша, микроқаржы омбудсманы қазақстандықтардың микрокредиттерге байланысты дауларын, соның ішінде мерзімі өткен қарыздарды реттеп, коллекторлық агенттіктермен туындаған мәселелерді қарайды.

    «Омбудсманның көмегіне тек микроқаржы ұйымдарының клиенттері – жеке тұлғалар жүгіне алады. Оның қызметі тегін болады. Омбудсман тәуелсіз төреші ретінде әрекет етіп, дауларды сотқа жүгінбей шешуге ықпал етеді. Омбудсман қабылдаған шешімді микроқаржы ұйымы мен қарыз алушы орындауға міндетті. Егер тараптардың келісімімен басқа мерзім белгіленбесе, омбудсманның шешімі 30 күн ішінде орындалуы керек», – делінген хабарламада.

    Омбудсман сотқа жолданған істер немесе заңды күшіне енген сот актілеріне араласпайды. Сонымен қатар дәлелденбеген немесе жаңа мән-жайлары анықталмай қайта жолданған өтініштерді қарамайды.
    Айта кетейік, қазір елімізде банк және сақтандыру омбудсмандары жұмыс істейді. Енді олардың қатарына 21 желтоқсаннан бастап микроқаржы омбудсманы қосылады.
    2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда 220 микроқаржы ұйымы, 215 кредит серіктестігі және 497 ломбард бар.