Метка: Микроқаржы

  • Қазақстанда микроқаржы ұйымдары мен коллекторларға бақылау күшейтіледі

    Қазақстанда микроқаржы ұйымдары мен коллекторларға бақылау күшейтіледі

    Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық қызмет саласында өзін-өзі реттеу институтын енгізу бастамасын талқылады, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Қазіргі таңда елде 899 микроқаржы ұйымы және 197 коллекторлық агенттік жұмыс істейді. Олардың жалпы несие портфелі 3,2 трлн теңгені құрайды. Оның 61 пайызы, яғни 1,9 трлн теңге, бизнеске берілген микрокредиттердің үлесінде.

    Агенттік төрайымы Мадина Әбілқасымова қаржылық қызметтер тұтынушыларынан түсетін шағымдар саны артқанын атап өтті. Тек 2024 жылдың өзінде 812 тексеріс жүргізіліп, оның нәтижесінде 431 млн теңге көлемінде 1175 айыппұл салынған.

    «Бақылау нәтижелері бұзушылықтардың тек микрокредит берумен ғана емес, басқа да қызмет түрлерімен байланысты екенін көрсетті. Осыған байланысты біз екі деңгейлі қадағалау жүйесін ұсынамыз – міндетті түрде өзін-өзі реттеу институтын енгізу», – деді Әбілқасымова.

    Кездесуге Агенттік басшылығы, Ұлттық банк, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы, Ресей банкінің өкілдері, сондай-ақ микрокредиттік ұйымдар мен коллекторлар қатысты. Ресейлік мамандар өз елдерінде енгізілген өзін-өзі реттеу тәжірибесімен бөлісті.

    Мамандардың айтуынша, бұл қадам нарықтағы тәртіпті күшейтіп, қызмет сапасын арттыруға және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.

  • Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз несие беру схемасын анықтады

    Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз несие беру схемасын анықтады

    Алматы қаласы бойынша ҚМА департаменті алты микроқаржы ұйымның заңсыз әрекеттерін әшкереледі.

    “Creditum” МҚҰ, “Sofi Finance” МҚҰ, “Hava Finance” МҚҰ, “SF Offline” МҚҰ, “POS Credit” МҚҰ, “Сәлем Кредит” МҚҰ басшылығына қатысты алаяқтық және заңсыз кәсіпкерлік қызмет бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

    Төлемдері кешіктірілген қарыз алушыларды «KOKE.KZ», «TENGO.KZ», «HAVA.KZ» платформалары арқылы серіктес компаниялармен кепілдік шарттарын жасауға мәжбүрлеген.

    Бұл ретте кепіл берушінің жауапкершілігі тек қарыз алушы қайтыс болған жағдайда ғана күшіне енген.

    Аталған қызмет үшін бастапқы несие сомасынан бірнеше есе асып түсетін төлемдер алып, азаматтарды қарызға батырған.

    Нәтижесінде қарыз алушылар несиенің бастапқы сомасынан 3-5 есе көп төлем жасауға мәжбүр болған.

    Мысалы, қарыз алушы Ш. 120 мың теңге несие алып, негізгі қарыз бен  пайыздарды қоспағанда тек кепілдік үшін 446 мың теңге төлеген.

    Осылайша, микроқаржы ұйымдарының негізгі табысы жалған кепілдік шарттары бойынша төлемдерден жасалған.

    Аталған заңсыз әрекеттерден жалпы сомасы 30 млрд теңге көлемінде шығын келген.

    Тергеу жалғасуда.

  • Микроқаржы ұйымының клиенттеріне тегін көмек көрсететін омбудсман құрылды

    Микроқаржы ұйымының клиенттеріне тегін көмек көрсететін омбудсман құрылды

    Қазақстанда 21 желтоқсаннан бастап микроқаржы омбудсман институты жұмыс істейді. Оның негізгі мақсаты – азаматтардың құқығын қорғау және дауларды сотқа дейін реттеуге көмектесу, деп хабарлайды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

    Агенттіктің ақпаратынша, микроқаржы омбудсманы қазақстандықтардың микрокредиттерге байланысты дауларын, соның ішінде мерзімі өткен қарыздарды реттеп, коллекторлық агенттіктермен туындаған мәселелерді қарайды.

    «Омбудсманның көмегіне тек микроқаржы ұйымдарының клиенттері – жеке тұлғалар жүгіне алады. Оның қызметі тегін болады. Омбудсман тәуелсіз төреші ретінде әрекет етіп, дауларды сотқа жүгінбей шешуге ықпал етеді. Омбудсман қабылдаған шешімді микроқаржы ұйымы мен қарыз алушы орындауға міндетті. Егер тараптардың келісімімен басқа мерзім белгіленбесе, омбудсманның шешімі 30 күн ішінде орындалуы керек», – делінген хабарламада.

    Омбудсман сотқа жолданған істер немесе заңды күшіне енген сот актілеріне араласпайды. Сонымен қатар дәлелденбеген немесе жаңа мән-жайлары анықталмай қайта жолданған өтініштерді қарамайды.
    Айта кетейік, қазір елімізде банк және сақтандыру омбудсмандары жұмыс істейді. Енді олардың қатарына 21 желтоқсаннан бастап микроқаржы омбудсманы қосылады.
    2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда 220 микроқаржы ұйымы, 215 кредит серіктестігі және 497 ломбард бар.

  • Жаңа жылдан бастап онлайн кредит алу қиындай түседі

    Жаңа жылдан бастап онлайн кредит алу қиындай түседі

    2025 жылғы 1 қаңтардан бастап микроқаржы ұйымдарынан онлайн несие алу кезінде азаматтар биометриялық сәйкестендіруден өтіп қана қоймай, электрондық цифрлық қолтаңбаны да қолданады.

    Алаяқтыққа қарсы күрестің жаңа шаралары туралы Ұлттық банк төрағасы депутаттық сауалға берген жауабында айтты.

    «Онлайн микроқарызды ресімдеу кезінде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап биометриялық сәйкестендіруді және электрондық цифрлық қолтаңбаны міндетті түрде қатар қолдану талабы енгізіледі. Сондай-ақ микроқаржы ұйымдары ақшаны аударғанға дейін банк шотының немесе төлем картасының клиентке тиесілі екенін тексеруге міндеттеледі», — делінген жауапта.

    Бұған қоса Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктерге онлайн несие ресімдеген кезде өтінімді дәл сол мезетте емес, ертесіне мақұлдауға кеңес береді. Осылайша клиент алаяқтар рәсімдеген кредиттен бас тарта алады.

    Сондай-ақ, Ұлттық банк алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары бойынша деректер алмасу орталығын құрған. Антифрод-орталық қатысушыларға алаяқтық операцияларды анықтауға және бұғаттауға, алаяқтық белгілері бар операцияларға жедел ден қоюға, нақты уақыт режимінде ақпарат алмасуға мүмкіндік береді.

    Антифрод-орталыққа барлық банк, бірқатар ірі төлем және микроқаржы ұйымдары, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің 21 аумақтық бөлімшесі мен орталық аппаратының өкілдері қосылған. Қазір ұялы байланыс операторлары қосылу сатысында.