Метка: мүгедектік

  • Мүгедектікті қашықтан белгілеу: жаңа жүйе қалай жұмыс істейді

    Мүгедектікті қашықтан белгілеу: жаңа жүйе қалай жұмыс істейді

    2025 жылдың басынан бері осы форматта 100 мыңға жуық өтінім қаралып, қызмет көрсету уақыты едәуір қысқарды және азаматтарға түсетін әкімшілік ауыртпалық азайды. Бұл туралы  Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап  хабарлайды.

    2025 жылдың қаңтарынан бастап мүгедектікті қашықтан белгілеуге арналған пилоттық жоба шеңберінде еліміздің барлық өңірінен 99,6 мың өтінім қаралды. Бүгінде 30 нозологиялық форма бойынша қашықтан тексеру жүргізіледі.

    Министрлік мәліметінше, 2024 жылы қашықтан форматта 96,9 мыңнан астам өтінім мақұлданған. Бұл — сол кезеңде МӘС-тен өткен азаматтардың жалпы санының 37,4%-ы.

    Ведомство өкілдері атап өткендей, қашықтан анықтау тетігі Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында жүктеген тапсырмалардың бірі. Президент ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасауды, қағазбастылықты жоюды және қызмет алушы мен көрсетуші арасындағы тікелей байланысты болдырмауды тапсырған.

    Пилоттық жоба Еңбек министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі және Цифрлық даму министрлігінің бірлескен жұмысы аясында еліміздің 20 өңірінде іске асырылып жатыр.

    Қызмет алу үшін тұрғындар тек тұрғылықты жердегі емханасына барып, қажетті медициналық тексеруден өтеді. Одан кейінгі барлық рәсімдер ақпараттық жүйелер интеграциясы арқылы автоматты түрде жүзеге асады.

    Министрлікке сәйкес, қашықтан тексеру жүйесі:
    * әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді азайтады;
    * МӘС шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді;
    * мүгедектікті белгілеу және әлеуметтік қолдау шараларын үйден шықпай алуға мүмкіндік береді;
    * қызмет көрсетуші мен қызмет алушының тікелей байланысын болдырмай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді.

    Бұған дейін Еңбек министрлігі мүгедектік тобын анықтауда қолданылатын жасанды интеллект моделін әзірлеп жатқанын хабарлаған болатын.

  • Қазақстанда мүгедектік тобын анықтау үшін жасанды интеллект енгізіледі

    Қазақстанда мүгедектік тобын анықтау үшін жасанды интеллект енгізіледі

    Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектік тобын тағайындау кезінде қолданылатын медико-әлеуметтік сараптамаға арналған жасанды интеллект (ЖИ) моделін әзірлеуде, деп хабарлайды, Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    ЖИ медициналық құжаттардан деректерді тану және құрылымдау жүйесі ретінде қолданылады. Бұл толық деректердің ұсынылғанын анықтау, диагноздарды халықаралық аурулар жіктемесіне сәйкес еңбек қабілетінің жоғалу дәрежесімен салыстыру, сондай-ақ алдын ала ұсынылатын шешімді қалыптастыру сияқты процестерді автоматтандыруға мүмкіндік береді.

    Жаңа құралды енгізу процедуралардың ашықтығын қамтамасыз етеді, барлық кезеңде адам факторы алынып тасталады және мүгедектік тобын анықтауда сыбайлас жемқорлық қаупі азайтылады.

    Қазіргі уақытта ЖИ моделі оқытылуда, ақпараттық жүйелерді біріктіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл медициналық-диагностикалық, зертханалық және аспаптық тексерулерден алынған электронды құжаттарды цифрландыру және құрылымданған деректерді беру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

    Алдағы уақытта дайындық кезеңі аяқталған соң, жаңа формат пилоттық режимде апробациядан өтеді.

  • Енді ауыр дертке шалдыққан азаматтарға мүгедектікті рәсімдеу жеңілдеді

    Енді ауыр дертке шалдыққан азаматтарға мүгедектікті рәсімдеу жеңілдеді

    Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов еліміздегі мүгедектікті рәсімдеу тәртібіне енгізілген маңызды өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды Sona.kz Azattyq Rýhy-ға сілтеме жасап.

    Аймағамбетовтің айтуынша, енді қол-аяғы ампутацияланған, қатерлі ісікке шалдыққан, инсульт алған және басқа да күрделі диагноз қойылған азаматтар мүгедектігін дәлелдеп, мекемелерді аралап құжат жинаумен әуре болмайды. Бұл рәсімдер қашықтан, проактивті форматта жүргізіледі.

    «Жақында Қарағандыдағы Медико-әлеуметтік сараптама бөлімінің жұмысымен таныстық. Биылдың өзінде 10 401 қызмет көрсетілген, соның 36 пайызы онлайн форматта орындалды. Бұл адамдардың уақытын, жүйкесін және қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді», – деді депутат.

    Жаңа тәртіп онкология, туберкулез, инсульт салдары, аяқ-қол ампутациясы, Даун синдромы, 1-типті қант диабеті, бүйрек жетіспеушілігі мен Паркинсон ауруының ауыр формасы бар азаматтарға қатысты.

    Сонымен бірге, депутат МӘС саласында кадр тапшылығы барын атап өтті. Қазір бөлімшелерде штат бойынша 18 сарапшының орнына 12 маман ғана жұмыс істейді, олардың төртеуі зейнет жасында. Жалақы деңгейінің төмендігі бұл салаға мамандарды тартуды қиындатып отыр.

    Аймағамбетовтің айтуынша, Ақмола және Павлодар облыстарында құжаттарды жолдауды орталықтандыру пилоты іске қосылды. 30 маусымнан бастап ерекше диагноздар бойынша («ампутация», «Даун синдромы», «мукополисахаридоз») мүгедектік арнайы механизм арқылы жедел рәсімделеді. Сондай-ақ міндетті госпитализация талабы алынып тасталмақ.

    «Бұл тек уақытты ғана емес, мемлекет қаражатын да үнемдейді. Өзгерістер табанды түрде жүзеге асатын болады», – деп түйіндеді депутат.