Метка: мұғалім

  • Тоқаев мұғалімдерге мемлекеттік марапат тапсырды

    Тоқаев мұғалімдерге мемлекеттік марапат тапсырды

    Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің білім саласына сіңірген елеулі еңбегі мен ерекше жетістіктері үшін ұстаздарға ордендер мен медальдар табыстады, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Марапаттау рәсімі Ақордада өтті. Мемлекет басшысы мұғалімдердің қоғамдағы рөлін ерекше атап өтіп, олардың еңбегі әрқашан мемлекет назарында болатынын айтты.

    — Ұстаз — жай ғана мамандық емес, ол — ұлы миссия. Бүгінгі ұрпақтың ой-санасын қалыптастырып, білімге және Отанға деген сүйіспеншілігін тәрбиелеу — ұстаздың қасиетті борышы. Біз әрқашан сіздердің еңбектеріңізді бағалаймыз және қолдаймыз, — деді Президент.

    «Парасат» ордені Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті Улжан Жанбершиевке және Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы Рашида Мусайбековаға берілді.

    «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағына Алматы, Шымкент, Жамбыл, Түркістан облыстарының ұстаздары мен еңбек ардагерлері ие болды.

    «Құрмет» орденімен алты педагог пен ардагер марапатталды.

    «Ерен еңбегі үшін» медалі колледж оқытушыларына, мектеп мұғалімдеріне және SOS балалар ауылдарының тәрбиешілеріне берілді.

    Ал «Шапағат» медалі жеке мектеп директоры мен политехникалық колледж оқытушысына тапсырылды.

    Биылғы мәлімет бойынша, елімізде 380 мыңнан астам педагог еңбек етуде. Соңғы үш жылда ауыл мектептеріне 20 мыңнан астам жас мұғалім жұмысқа қабылданды. Мемлекет ұстаздарға қолдау шараларын кеңейтіп, еңбекақысын көтеріп, тұрғын үй мәселесін шешуге жағдай жасап келеді.

    Президент алдағы жылдары білім беру саласының негізгі міндеті – жаңа технологияларды енгізу, оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамыту және әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлау екенін атап өтті.

    — Біз «цифрлық мемлекет» құрып жатырмыз. Бұл үдерісте ұстаздың рөлі бұрынғыдан да арта түседі. Дегенмен, қандай технология болмасын, бала үшін басты рухани жетекші — әрқашан мұғалім, — деді Қ. Тоқаев.

    Марапаттау туралы Жарлық қол қойылған күннен бастап күшіне енді.

  • ЖИ қазақстандық мұғалімдерді күнделікті жүктемеден босатады — Тоқаев

    ЖИ қазақстандық мұғалімдерді күнделікті жүктемеден босатады — Тоқаев

    Жасанды интеллект білім беру саласындағы рутинді жұмыстарды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында айтты, деп хабарлайды Kazinform.

    Мемлекет басшысының айтуынша, алгоритмдер оқушыларға жеке тапсырмалар мен тестілер құрастырып, жауаптарды автоматты түрде тексеріп, жедел кері байланыс орната алады. Бұл мұғалімдердің басты миссиясына — шәкірттерге тәлімгер болуға көңіл бөлуіне жол ашады.

    Сонымен қатар Президент ешбір технология мұғалімнің жанашырлығын және бағыт-бағдар беруші рөлін алмастыра алмайтынын атап өтті.

    «Педагог пен оқушы арасындағы байланыс білім берудің негізі болып қалуы тиіс», — деді ол.

    Тоқаев Үкіметке жасанды интеллектті білім беру жүйесіне енгізу барысында мұғалімдерді барынша рутинді міндеттерден босатуды және олар үшін қолайлы жағдай жасауды тапсырды.

    Бұған дейін елде жасанды интеллект университетімен ықпалдастырылған оқушының цифрлық профилін құру жоспарланғаны хабарланған еді.

  • Тоқаев: Мұғалімдерді оқушылардың қателігі үшін жазалауға болмайды

    Тоқаев: Мұғалімдерді оқушылардың қателігі үшін жазалауға болмайды

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздарды өздеріне тән емес міндеттерден босатып, мектептен тыс немесе ата-аналардың жауапсыздығынан болған оқиғалар үшін жауапқа тартпау қажет екенін айтты.

    «Егер мұндай оқиға мектептен тыс немесе ата-аналардың жауапсыздығынан орын алса, педагог оған жауапты болмауы тиіс. Алматы облысында түлектердің қатысуымен болған қайғылы жағдайдан кейін мектеп директоры мен мұғалімдер жауапқа тартылып, жұмыстан босатылды. Білім министрлігінің мектеп басшылығы мен педагогтарды қорғап шыққаны – дұрыс шешім деп санаймын. Мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу керек», – деді Президент.

    Тоқаев педагогтардың құқықтарын қорғау және олардың беделін арттыру мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынды. Сонымен қатар, ол Маңғыстау облысында орын алған улану оқиғаларынан кейін мектеп асханаларындағы тамақ сапасын бақылау қажеттігін еске салды.

  • Алматы облысында мұғалімдерге заңсыз ұсталған жарналар қайтарылды

    Алматы облысында мұғалімдерге заңсыз ұсталған жарналар қайтарылды

    Талғар ауданының білім бөлімі 83 мұғалімнің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты төлемдерін заңсыз ұстаған, олар заң бойынша мұндай төлемдерден босатылған.

    Олардың арасында көпбалалы аналар, мүгедектер, магистратура және докторантура студенттері бар.

    Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде мұғалімдердің құқықтары қорғалып, ұсталған сомалар толық көлемде қайтарылды.

    Бұл түрдегі сақтандырудың азаматтардың сапалы медициналық көмекке тең қолжетімділігін қамтамасыз етуде ерекше маңызы бар екенін атап өту маңызды.

    Барлық азаматтар мен жұмыс берушілерді, азаматтардың құқықтарының бұзылуын болдырмау үшін жарналардың дұрыс төленуіне мұқият назар аударуға шақырамыз.

  • Жетісу облысында мұғалімге демалыс беруден бас тартқаны үшін директор жазаланды

    Жетісу облысында мұғалімге демалыс беруден бас тартқаны үшін директор жазаланды

    Жетісу облысында мұғалімге ақысыз демалыс беруден бас тартқан директор тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

    Тексеру барысында Ақсу ауданындағы 35 орта мектепте «Еңбек кодексі» талаптарының сақталмауы саласындағы бұзушылықтар анықталды. Еңбек кодексінің 97-бабының 3-бөлігіне сәйкес жұмыс беруші қызметкердің өтінішінен кейін бес күнтізбелік күн ішінде ақысыз демалыс беруі тиіс деп көрсетілген. Алайда осы талаптарға қарамастан мектеп директорлары қызметкерлерге  мұндай демалысты беруден бас тартқан.

    «Прокурорлық қадағалау актісі бойынша мұғалімдер мен білім беру мекемелерінің басқа да қызметкерлерінің конституциялық құқықтары қалпына келтірілді. Кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – делінген хабарламада.

    Облыстық прокуратура білім беру мекемелеріңде жұмыс істейтін 2 мыңнан астам қызметкердің конституциялық құқықтарын қорғады.

  • Елімізде 400 мыңға жуық мұғалім бар

    Елімізде 400 мыңға жуық мұғалім бар

    Бүгінде Қазақстанда 400 мыңға жуық мұғалім мектепте жұмыс істейді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда еліміздегі барлық білім беру ұйымында шамамен 600 мың педагог бар.

    Оның ішінде мектепте 399 247 мұғалім (323 569 – әйел, 75 678 ер адам) сабақ береді:

    • 10 жылға дейінгі еңбек өтілі бар – 142 722 адам,
    • 10-20 жыл еңбек өтілі бар – 114 175 адам,
    • 20-30 жыл еңбек өтілі бар – 77 мың 22 адам,
    • 30 жылдан және одан көп еңбек өтілі бар – 65 328 адам.

    Сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 41 155 педагог, мектепке дейінгі мекемелерде 100 566 тәрбиеші еңбек етіп жүр.

     

  • Маңғыстауда мектеп директоры ұстаздардан заңсыз ақша жинаған

    Маңғыстауда мектеп директоры ұстаздардан заңсыз ақша жинаған

    Облыстық прокуратураның ақпаратынша, мектеп басшылығы ай сайын «Kaspi bank» және «Halyk bank» мобильдік қосымшалары арқылы қарамағындағы қызметкерлерден ақша қаражатын заңсыз жинап келген.

    Формальді бұйрықтар шығару және жеке тұлғаларға артық сыйлықақылар есептеу негізінде ақша қаражатын заңсыз аудару фактілері анықталды. Сондай-ақ мектеп директоры өз қарамағындағылардан өзіне салынған әкімшілік айыппұлдарды төлеуге мәжбүрлеген, — делінген мәліметте.

    Аталған арнайы мектептің лауазымды тұлғаларына қатысты лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактісі бойынша ҚК 361-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.