Метка: мұнай

  • Қазақстан мұнайы қымбаттады: Еуропадағы тапшылық CPC Blend сұранысын арттырды

    Қазақстан мұнайы қымбаттады: Еуропадағы тапшылық CPC Blend сұранысын арттырды

    Қазақстандық CPC Blend мұнай сұрпы наурыз айында Еуропадағы шикізат тапшылығы аясында айтарлықтай қымбаттады. Таяу Шығыстағы тұрақсыздық пен жеткізілімдегі іркілістер еуропалық және Жерорта теңізі аймағындағы мұнай өңдеу зауыттарын баламалы нұсқалар іздеуге мәжбүр етті. Трейдерлердің мәліметінше, наурыз-сәуір айларында жөнелтілетін CPC Blend партиялары өткен аптада Brent маркасына қатысты 1–2 доллар сыйлықақымен саудаланған. Айта кетерлігі, бұған дейін қазақстандық мұнай әлемдік эталоннан 5 долларға дейін арзан бағамен сатылып келген болатын.

    Сұраныстың артуына қарамастан, Каспий құбыр консиорциумы (КҚК) арқылы экспорттау процесі әлі де тұрақсыз болып қалуда. Жеткізілімге қолайсыз ауа райы жағдайлары, дрондардың шабуылдары және Теңіз кенішіндегі өндіріс көлеміне қатысты мәселелер өз әсерін тигізіп отыр. Нарық қатысушылары CPC Blend сұрпының Жерорта теңізі өңдеушілері үшін негізгі шикізат екенін, бірақ оның экспорты геосаяси тәуекелдерге тығыз байланысты екенін атап өтті. Сарапшылардың болжамынша, Таяу Шығыстағы жағдай тұрақталғанша қазақстандық мұнайға деген жоғары сұраныс пен бағаның құбылмалылығы сақталады.

  • Таяу Шығыстағы дағдарыс: кемелерді сақтандыру құны 50%-ға қымбаттауы мүмкін

    Таяу Шығыстағы дағдарыс: кемелерді сақтандыру құны 50%-ға қымбаттауы мүмкін

    Таяу Шығыстағы жағдай шегіне жетті: әлемдік мұнай тасымалының 20%-ы өтетін негізгі бағыт — Ормуз бұғазына қауіп төнді. Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшылығы бұғаздың жабылғанын жариялап, оған кірген кез келген кемені өртеп жіберетінін айтып сес көрсетті, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
    Бұғазды техникалық тұрғыдан толық жабу қиын болғанымен, бұл қоқан-лоқының өзі нарықты дүрліктіруге жеткілікті болды. Maersk, MSC және Hapag-Lloyd сияқты ірі логистикалық алпауыттар аймақ арқылы тасымалдауды шектеді немесе тоқтатты. Енді кемелер Африканы айналып, Қайырлы үміт мүйісі арқылы жүруге мәжбүр.
    Бағыттың өзгеруі тауар жеткізу мерзімін бірнеше аптаға ұзартады. Сарапшылар әуежайлар мен порттарда кептеліс болып, «дәл уақытында» басқару жүйесі істен шығады деп болжап отыр. Тек шикізат емес, автокөлік, электроника және дәрі-дәрмек жеткізілімі де тоқтап қалуы мүмкін.
    Геосаяси шиеленіс логистика құнына әсер етіп үлгерді. Marsh сақтандыру брокері жақын күндері кемелерді сақтандыру бағасы 50%-ға өсетінін болжауда. Тасымалдаудың қымбаттауы мен ресурстардың тапшылығы жаһандық инфляцияның өсуіне әкеп соғады.
    Энергия ресурстары бағасының өсуі ерекше алаңдаушылық туғызады. Қымбат мұнай бензин мен дизель отынының бағасын көтеріп, тұтынушылардың шығынын азайтады. Бұл өз кезегінде әлемдік экономикалық өсімді баяулатады.
    Жоғары инфляция мен өндірістің тоқырауы «стагфляция» сценарийін тудырады. Бұл АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі сияқты орталық банктерді тығырыққа тірейді. Ұзаққа созылған қақтығыстың экономикалық салдары өте ауыр болуы мүмкін.
    Бұғаз арқылы мұнайдан бөлек алюминий, тыңайтқыш пен қант тасымалданады. Бұл тізбектің үзілуі көптеген елдердің, соның ішінде жаһандық хабтарға тәуелді Қазақстанның да ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібіне соққы болады.
    Қазіргі уақытта халықаралық қауымдастық Иранның әрекетін жіті бақылап отыр. Бұғазды нақты жабу әрекеті Таяу Шығыс шикізатына тәуелді ірі экономикалар тарапынан қатаң жауап қайтаруға түрткі болуы мүмкін.

  • Мұнай бағасы өсті: Таяу Шығыстағы шиеленіс нарыққа әсер етті

    Мұнай бағасы өсті: Таяу Шығыстағы шиеленіс нарыққа әсер етті

    Әлемдік мұнай нарығында баға күрт өсті: Brent фьючерстері барреліне $82-ден жоғары деңгейге жетіп, 2025 жылғы қаңтардан бергі ең жоғары мәнді көрсетті. Кейін котировкалар түзетілді, бірақ жалпы өсім сақталды.

    Нарық Иран айналасындағы эскалацияға және жеткізу тәуекелдеріне жауап берді. Ақпарат көздерінің мәліметінше, Ормузский пролив аймағында мұнай мен газ тасымалдайтын 250-ден астам кеме бар. Бұл жеткізу тізбегінің тұрақтылығына қатысты алаңдаушылық туғызады.

    Сарапшылар геосаяси тәуекелдер мен негізгі логистикалық бағыттардағы қауіптер мұнай бағасына тікелей әсер ететінін айтады. Энергетикалық нарықта құбылмалық сақталуы мүмкін, ал бағаның одан әрі динамикасы қақтығыстың дамуына байланысты болады.

    Әлемдік нарықтағы жағдайды бақылау жалғасуда. Аналитиктер алдағы кезеңде мұнай котировкаларының жоғары құбылмалылығын жоққа шығармайды.

  • Биыл Қазақстанда 16,7 млн мұнай өңделді

    Биыл Қазақстанда 16,7 млн мұнай өңделді

    2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өңдеу көлемі 16,7 млн тоннаға жетті. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6%-ға артық.

    Биылғы есепті кезеңде мұнай өнімдерін өндіру көлемі:

    • автобензин – 4,88 млн тонна немесе 2023 жылға 101,1%;
    • дизель отыны – 4,91 млн тонна немесе 2023 жылға 103%;
    • авиакеросин – 0,68 млн тонна немесе 2023 жылға 118,6%.

    Бүгінде қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары тұрақты жұмыс істейді, жанар-жағармай материалдарының (ЖЖМ) қорларын тиеу және толықтыру үздіксіз іске асырылады.

  • Қашағанда мұнай мен газ өндіру қайта басталды

    Қашағанда мұнай мен газ өндіру қайта басталды

     Қашаған кен орнында мұнай мен газ өндіру қайта басталды. «Кеше Қашаған кен орнында күрделі жөндеу аяқталып, мұнай мен газ өндіру қайта басталды», – деп атап өтті Энергетика министрлігінен.

    Ведомство өкілдері өндірістің толық қуатта іске қосылмағанын, ал 1 қарашадан бастап толық қуатқа шығу жоспарланып отырғанын нақтылады. NCOC компаниясы 7 қазанда «Қашаған» кен орнының теңіздегі және құрлықтағы нысандарында жоспарланған техникалық қызмет көрсету жұмыстары басталғанын хабарлаған еді.

    «Қашаған» кен орны соңғы ондаған жыл ішінде ашылған ең ірі мұнай кен орындарының бірі болып саналады. Кен орнының өндірілетін қоры 9-13 млрд баррель мұнай аралығында деп бағаланып отыр. «Қашаған» кен орнынан коммерциялық мұнай өндіру 2016 жылдан бері жүргізіліп келеді.

  • Мұнай бағасы 3,7% арзандады

    Мұнай бағасы 3,7% арзандады

    Әлемде мұнай бағасы үш сауда сессиясында қатарынан құлдырап барады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, оның Brent маркасының баррелі бүгін бірден 3,7 пайызға арзандап, 74 доллар 58 центке сатылды. Экономистердің пікірінше, энергетикалық шикізат құнының түсуіне сұраныс азаяды деген алаңдаушылық себепші. Оның үстіне Израиль АҚШ-қа Ислам Республикасының мұнай кеніштеріне емес, әскери нысандарына ғана соққы беруді қалайтынын ескерткен.

  • Мұнай бағасы күрт өсті

    Мұнай бағасы күрт өсті

    Әлемде мұнай бағасы 5 пайызға өсті. «Би-Би-Си»-дің хабарлауынша, бұған АҚШ президенті Джо Байденнің мәлімдемесі түрткі болған. Ақ үй басшысы «Израиль Иранның мұнай зауыттарына соққы бере ме? » деген сұраққа «біз оны талқылап жатырмыз» деп жауап берді. Дүйсенбіден бері «Брент» маркалы мұнай 10 пайызға қымбаттаған. Қазір оның бір баррелі 77 долларға сатылып жатыр.

  • Қашаған кен орны уақытша жабылады

    Қашаған кен орны уақытша жабылады

    7 қазанда Қашаған кен орны жөндеуге жабылады. Кен орнындағы жөндеу жұмыстары қарашаның басына дейін жалғасады.

    «Қашаған кен орнында жөндеу жұмыстары 7 қазанда басталып, 30 күнтізбелік күнге созылады», – делінген Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарламасында.

    Қашаған – Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде орналасқан Қазақстанның қайраңды мұнай-газ кен орны. Соңғы 40 жылда ашылған әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі.

  • Атырау мұнай өңдеу зауыты уақытша жабылды

    Атырау мұнай өңдеу зауыты уақытша жабылды

    Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша жабылды. Кәсіпорын қазан айының аяғында қайта іске кіріседі. Жөндеу жұмыстарына 2 мыңнан аса адам мен 70 арнайы техника жұмылдырылған. Олар технологиялық құрылғылар мен құБырларды тексеріп, реакторлық жабдықтардағы катализаторларды ауыстырады. Қазір зауыттың резервуар паркінде жанар-жағармай қоры жинақталған. 30 мың тонна бензин, 15 мың тонна дизель және 500 тоннадай сұйытылған газ қоры бар.

    «Зиянды заттардың ауаға шығарылуын болдырмау үшін жабдықтарды тазалау жұмыстары жабық жүйеде жүргізіледі. Жалпы жоспарлы-алдын алу жұмыстары зауыттағы технологиялық қондырғылардың қауіпсіз қызметі мен тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, өндірістің тиімділігін арттыру үшін қажет. Бұл жыл сайын өткізілетін шара», —  деді мұнай өңдеу зауыты бас механигінің міндетін атқарушы БОЛАТБЕК ЕСҚАЛИЕВ.