Метка: нәресте

  • Қызылорда-Астана пойызының дәретханасында босанған бойжеткен сәбиін терезеден лақтырып жіберген

    Қызылорда-Астана пойызының дәретханасында босанған бойжеткен сәбиін терезеден лақтырып жіберген

    Қызылордадан Астанаға бағыт алған пойыздың дәретханасында жолаушы әйел босанып, сәбиін терезеден лақтырып жібергені туралы ақпарат тарады. Оқиғаға қатысты Көліктегі Полиция департаменті түсініктеме берді.

    Желіде таралған ақпаратқа сүйенсек, пойыз Астанаға 20 сәуір күні таңғы сағат 5 шамасында жетуі керек болатын. Пойыз жолаушыларының бірі түнде оянғанда қан-жоса болған еденді жолсеріктің жуып жатқанын көрген. Оның айтуынша дәретхана да қанға боялған. Жолаушы қан ізімен жүріп өткенде төсегінде қансырап жатқан әйел адамды көрген. Сұрастырса, әйел адам пойызда босанып, сәбиін терезеден лақтырып жібергенін анықтады. Өкінішке қарай, сәби алған жарақатынан шетінеп кеткен.

    Желідегі мәліметке сүйенсек, жүкті әйел 9 айында босанған. Ал жүктілігінің бесінші айында есепке тұрыпты.

    Оқиғаның анық-қанығы әзірге белгісіз. Істің анық-қанығы жайында ҚТЖ былай деді:

    «Бұл жағдай «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойызында болған жоқ. «Қызылорда-Астана» бағытына қызметін Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі реттейтін үш жеке тасымалдаушы жүзеге асырады. Естеріңізге сала кетейік, «Жолаушылар тасымалы» АҚ-мен қатар Қазақстан Республикасында жолаушылар тасымалы нарығында 14 жеке оператор жұмыс істейді», – деп жауап берді «Қазақстан Темір Жолы».

    Өз кезегінде Көліктегі полиция департаменті оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатқанын айтты.

    «Бұл факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Оның аясында тиісті процестік шешімдер қабылданатын болады. Болған оқиғаның мән-жайы белгіленеді», – делінген Көліктегі Полиция департаментінің түсініктемесінде.

  • Өскеменде босанған әйел сәбиін қоқыс контейнеріне қалдырған

    Өскеменде босанған әйел сәбиін қоқыс контейнеріне қалдырған

    Instagram желісіндегі f16_kaz парақшасының мәліметінше, жалдамалы пәтерде тұратын 44 жастағы әйел адам медициналық көмекке жүгінбей, жалғыз өзі босанған. Оның айтуынша, сәби өлі күйінде өмірге келген, содан кейін мәйітті қоқыс жәшігіне тастай салған.

    Әйел адам жүкті ретінде есепте тұрмағаны, медициналық көмекке жүгінбегені анықталды. Кейін ол жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Желідегі мәліметтерге сүйенсек, куәгерлер жаңа туған нәрестенің денесін өткен жексенбіде тапқан.

    Редакцияның сауалына жолдаған жауабында Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

    «Жедел іс-шаралар барысында сәбидің анасы анықталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр», – делінген ПД хабарламасында.

     

  • Алматыда тұрғын үй подъезінен нәресте табылды

    Алматыда тұрғын үй подъезінен нәресте табылды

    Алматы қаласы Түрксіб ауданында тұрғын үй подъезінен жаңа туған сәби табылды. Жылап жатқан баланың дауысын үй тұрғындары естіп, полицияға хабар берген.

    Алматыда екіқабатты үйдің кіреберісінен жаңа туған сәби табылды. Жерде шырылдап жатқан шақалақты көрген тұрғындар абдырап қалған. Дүние есігін енді ашқан қыз баланы тұрғындар бүгін түскі уақытта байқапты. Бөбекті үйдің екінші қабатына тастап кеткен. Жылап жатқан сәбиді тұрғындар дереу жылы жерге кіргізіп, жедел жәрдем мен полицияға хабар берген.

    Жаңа туған қызды Чернышевский көшесіндегі үйлердің бірінің тұрғындары тауып алды. Түрксіб аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Сәбидің анасының жеке басын және істің мән-жайын анықтауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр, – деді Салтанат Әзірбек.

    Телеарна сайтында бірер сәт бұрын Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасындағылар сәбиді ата-анасы ауруханадан алып кеткенін мәлімдегені туралы ақпарат жарияланды. Олардың қолында сәбидің құжаты бар, делінген сайттағы мәліметте.

  • Үш жылда 14 нәресте пойызда өмірге келді

    Үш жылда 14 нәресте пойызда өмірге келді

    Жолаушы Кенжеева күйеуімен бірге жүктіліктің соңғы айында Шымкенттен елордаға сапарға шыққан. 21 қазаннан 22 қазанға қараған түні №86 «Шымкент-Астана» пойызында келе жатып, жолаушының толғағы басталды. Сағат 23:30-да күйеуі пойыз қызметкерлерінен шұғыл көмек сұрады.

    Пойыз бастығы Гүлшат Қарақұлова мен жолсерік Анар Адамбаева жедел түрде барлық қажетті шараны қабылдап, жолаушының аман-есен босануына көмектесті. Нәтижесінде, 21 қазан күні сағат 23:55-те қыз бала дүниеге келді, – деп мәлімдеді «Жолаушылар тасымалы» АҚ.

    Баспасөз қызметінің мәліметінше, пойыз бригадасы өз қызметтік міндеттеріне сай әрекет етіп, вагонда босанған әйелге қажетті барлық жағдайды жасады. Сары-Шаған стансасына жеткенде жедел жәрдем шақырылып, жас ана мен жаңа туған нәресте дәрігерлердің қарауына тапсырылды.

    Пойыз бригадаларының қызметкерлері үнемі алғашқы медициналық көмек көрсету және төтенше жағдайларда әрекет ету бойынша арнайы дайындықтан өтеді. Соңғы 3 жыл ішінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарында 14 нәресте туған.

  • Семейде жаңа туған баланы өртеп жіберген

    Семейде жаңа туған баланы өртеп жіберген

    Семей қаласында жаңа туған баланы  қоқысқа тастап, өртеп жіберген. Денесінің 80 пайызы жанып кеткен шақалақ ауруханада қаза болды.

    Абай облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта тәртіп сақшылары күдіктіні іздестіріп жатыр.  Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева нәрестенің сағат 19.40-та көз жұмғанын мәлім етті.

    «Оның денесінің 80 пайызын күйік шалған. Абай облысындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен байланыста болып отырмын», — деп жазды ол өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасында.