Метка: Наурыз мейрамы

  • Мереке күндері 21 мыңнан астам полицей мен ұландық қызмет етеді

    Мереке күндері 21 мыңнан астам полицей мен ұландық қызмет етеді

    Наурыз мейрамы мерекелік концерттермен және бұқаралық іс-шаралармен өткізіледі.

    Осыған байланысты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген.

    – Патрульдеу күшейтіліп, тәулік бойы бейнебақылау жүргізілуде. Тәртіп сақшыларының арқасында қазақстандық азаматтар мерекелік атмосфераны алаңсыз сезіне алады, – делінген хабарламада.

  • Жамбыл облысында асау ат мерекеге жиналған жұртты таптап кетті

    Жамбыл облысында асау ат мерекеге жиналған жұртты таптап кетті

    Жамбыл облысы, Рысқұлов ауданы, Қызылшаруа ауылында Наурыз мерекесіне орай жиналған жұртты асау ат балалармен бірге таптап өтті.

    Оқиғаны куәгерлердің бірі видеоға түсіріп алған. Кадрдан асау аттың үстіндегі иесіне бағынбай, жиналғандардың қағып-соғып өткенін, жұрттың зардап шекпес үшін жапа-тармағай үрейлене қашқанын көруге болады.

    Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның тіркелгенін хабарлады. Азаматтар ауыр дене жарақатын алмаған және медициналық көмекке мұқтаж болмаған.

    Полицейлер тексеру жүргізді, оның барысында жануардың иесі анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

     

     

    Посмотреть эту публикацию в Instagram

     

    Публикация от БЛОГ Дениса Денски (@denski_blog)

  • Алматыда 5 мың адам Абай әндерін шырқады

    Алматыда 5 мың адам Абай әндерін шырқады

    Ұлыстың ұлы күнінде Алатаудың етегі Абай әуеніне тербелді. Ұлы ақынның 180 жылдығына орай 5 мыңнан аса адам Республика сарайының алдында ақынның таңдамалы туындыларын шырқады.

     Қатысушылар Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» және «Көзімнің қарасы» әндерін орындап, жұртшылықты тәнті етті. Бұл ерекше іс-шара еліміздің рекордтар кітабына енуі мүмкін.

    Сонымен қатар, NauryzFest фестивалі ұйымдастырылды. Мәселен «Рухани мұра» киіз үйінде Біржан, Жамбыл және Дина ойнаған музыкалық аспаптардың көшірмесі қойылған. Ал «Алматыға саяхат» киіз үйінде қонақтар қаланың көрікті жерлерін виртуалды форматта тамашалай алады.

  • Президент Наурыз мерекесіне орай бірқатар ел басшыларына құттықтау жеделхатын жолдады

    Президент Наурыз мерекесіне орай бірқатар ел басшыларына құттықтау жеделхатын жолдады

     Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровты, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовті, Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовті, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевті, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанды, Иран Президенті Масуд Пезешкианды, Ирак Президенті Абдул Латиф Рашидті, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифті Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады, – делінген Ақорда баспасөз қызметінің хабарламасында.

    Қазақстан Президенті жеделхаттарында Наурыз мерекесі елдеріміздің ғасырлар бойы қалыптасқан достық, бауырластық және өзара құрмет дәстүрлерімен үйлесетінін әрі табиғат жаңаруының нышаны саналатынын жазған. Сонымен қатар әз-Наурыздың қастерлі құндылықтары халықтарымыздың игілігіне бағытталған байланыстарды одан әрі дамытуға септігін тигізетініне сенім білдірген.

  • Наурызнама: Көне дәстүр қалай жаңғырды?

    Наурызнама: Көне дәстүр қалай жаңғырды?

     Бұл күн жаңару мен жақсылықтың бастауы, береке мен ырыстың белгісі. Қазақ қоғамында Наурыз мейрамы бір күндік той емес, бірнеше күнге, тіпті оншақты күнге созылатын мерекелік кезең ретінде тойланған. Осы дәстүр «Наурызнама» деген атаумен белгілі.

    Наурызнама – қазақ халқының ежелден қалыптасқан мейрамды ұлықтау дәстүрі. Бұл кезеңде әр күнге ерекше мағына беріліп, түрлі салт-дәстүрлер мен шаралар ұйымдастырылады.

    Наурызнаманың шығу тарихы

    Наурызнаманың тарихы көне түркі дәуіріне барып тіреледі. Ол заманнан бері түркі халықтары күн мен түннің теңелуін ерекше атап өтіп, табиғаттың жаңаруын мерекелеген. Көшпелі өмір салтын ұстанған бабаларымыз бұл мейрамды тек көктемнің келуі ғана емес, бірліктің, татулықтың және жақсылықтың символы деп есептеген.

    Орта ғасырлардағы тарихи деректерде Наурыз мерекесінің бірнеше күнге созылғаны туралы жазбалар кездеседі. Қазақ хандығы тұсында бұл мереке халықты бірлікке шақыратын ірі тойлардың бірі болған. Наурызнама деген атау да осы кезеңдерде кең тараған.

    Наурызнама кезінде халық бір-біріне қонаққа барып, ізгі тілектерін айтып, ұлттық ойындар ойнап, түрлі мерекелік шаралар өткізген.

    Наурызнама қандай күндерден тұрады?

    Қазіргі кезде Наурызнама бірнеше күнге бөлініп, әр күннің өзіне тән атауы мен мағынасы бар. Осы дәстүр қайта жаңғырып, ел ішінде кеңінен таралып келеді.

    1. Амал күні (14 наурыз) Бұл күн – «Көрісу күні» деп те аталады. Амал мерекесінде адамдар бір-бірімен құшақтасып, «Жасың құтты болсын!» деп тілек айтады.

    Көрісу – халықтың бір-біріне деген құрметін, татулығын нығайтатын дәстүр. Бұл күні жасы кіші адамдар ауылдағы үлкендерге барып, амандық-саулық сұрайды.

    1. Жайнау күні (15 наурыз) Бұл күн тазалық пен жаңару күні деп есептеледі. Адамдар үйін, ауласын тазалап, артық заттардан арылып, айналаны ретке келтіреді. Сонымен қатар, моральдық тазалық та маңызды, яғни адамдар бір-бірінен кешірім сұрап, өкпе-реніштерін ұмытуы тиіс.
    2. Шаттық күні (16 наурыз) Бұл күні әр отбасыда мерекелік көңіл-күй орнап, түрлі ойын-сауық шаралары ұйымдастырылады. Қазақтың ұлттық ойындары ойналып, балалар мен жастарға ерекше көңіл бөлінеді.
    3. Береке күні (17 наурыз) Береке күні дастарқан жайылып, қонақ күту дәстүрі жанданады. Әр отбасы Наурыз көже әзірлеп, көрші-қолаңды шақырып, «Дәм-тұзымыз аралассын» деген ниетпен бірге тамақтанады.
    4. Өнер күні (18 наурыз) Бұл күнде жастар өнерлерін көрсетіп, ақындар айтыс өткізіп, ән-күй шырқалады. Қазақтың дәстүрлі өнері дәріптеліп, мәдени шаралар ұйымдастырылады.
    5. Игілік күні (19 наурыз) Игілік күні қоғамға пайда әкелетін іс-шаралар өткізіледі. Адамдар қажетсіз заттарын мұқтаж жандарға таратып, қайырымдылық жасайды.
    6. Тарихқа тағзым күні (20 наурыз) Бұл күн ата-бабалар рухына тағзым етіп, өткенді еске алатын күн. Мешіттерде құран оқытылып, бабалар рухына дұға бағышталады. Сонымен қатар, ел тарихына қатысты мәдени-танымдық шаралар ұйымдастырылады.
    7. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз (21-22 наурыз) Наурыз мерекесінің шарықтау шегі – Ұлыстың ұлы күні. Бұл күні ұлан-асыр той жасалып, халықтық серуендер ұйымдастырылады.

    Наурыздың басты нышандары:

    • Наурыз көже – жеті түрлі тағамнан жасалған қасиетті ас;
    • Туыстың араласуы – алыс-жақыннан келген қонақтарды қарсы алу;
    • Ұлттық ойындар – бәйге, көкпар, күрес, қыз қуу сияқты сайыстар;
    • Батаның берілуі – үлкендердің жастарға ақ тілек айтуы;
    • Татуласу – бұрынғы реніштерді ұмытып, ағайынның араласуы.

    Наурызнаманың қазіргі заманға сай жаңғыруы

    Қазіргі таңда Наурыз мейрамын бірнеше күн атап өту дәстүрі қайта жанданып келеді. Мемлекеттік деңгейде Наурыз мейрамы ұлттық құндылық ретінде насихатталып, әр күнге арнайы атаулар берілуде.

    Мысалы, Қазақстанда Наурыз мерекесі «Жасыл экономика», «Отбасы күні», «Ұлттық спорт күні», «Қайырымдылық күні» секілді атаулармен атап өтіледі. Бұл – ежелгі Наурызнама дәстүрінің жаңаша үлгіде қайта жаңғыруы.

    Наурызнама – тек мейрам емес, ұлттық рух пен бірлікті дәріптейтін мереке. Оның басты мақсаты – халықты жақындастырып, дәстүр мен мәдениетті жаңғырту.

  • Қазақстанда қымыз өндірісі артты

    Қазақстанда қымыз өндірісі артты

    Наурыз мерекесі қарсаңында Ұлттық статистика бюросы қымыз өндірісінің 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,2%-ға өскенін мәлімдеді. Жалпы, 178 тонна қымыз өндірілген, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 12 тоннаға артық.

    Сонымен қатар, шұбат өндірісінің көлемі төмендегені байқалады. 2025 жылдың алғашқы екі айында 184 тонна шұбат өндірілген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 тоннаға аз немесе 2,8%-ға төмен.

    Соңғы екі жылдағы динамикаға қарасақ, 2023 жылы қымыз өндірісі 1812 тоннаны құраса, 2024 жылы 1541 тонна болған. Ал шұбат өндірісі керісінше өскен: 2023 жылы 1813 тоннадан 2024 жылы 1865 тоннаға жеткен.

    Сарапшылардың айтуынша, ұлттық сусындарға сұраныстың артуы және сүтті мал шаруашылығының дамуы өндірістің өсуіне ықпал еткен.

  • Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады

    Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады

    Президент мерекелік іс-шараға жиналған көпшілікті Наурыз мейрамымен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.

    – Ұлыстың ұлы күні – ұлтымыздың ұлық мейрамы. Бұл – біздің ата дәстүріміз. Шуақты көктем мерекесінде бүкіл дүние қайта жаңғырады. Күн мен түн теңеледі. Қазақ елі әз-Наурызды көне заманнан бері тойлап келеді. Наурыз – ең алдымен, игілікті істердің мерекесі. Осы күндері әр үйде ақ дастархан жайылады. Ел-жұрт бір-бірімен қауышып, ақ тілегін айтады. Мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, қамқорлық көрсетеді. Ұлыстың ұлы күні биыл да қасиетті Ораза айымен тұспа-тұс келіп отыр. Еліміз үшін мұның мән-маңызы зор. Себебі біздің дініміз бен дәстүріміз – егіз. Қос қазынамыз халқымыздың бірегей болмысын айшықтай түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Президент Наурыз мерекесі былтырдан бастап жаңа тұжырымдамаға сәйкес он күн бойы аталып өтетініне назар аударып, Наурызнаманың әр күні тағылымға толы екенін айтты.

    Ұлыстың ұлы күні
    Ақорда

    – Наурыз – көптеген шығыс халықтарына ортақ мереке болғанымен, елімізде Ұлыстың ұлы күнін тойлаудың ерекше дәстүрі бар. Бұл мейрамның төл мәдениетіміздегі орны айрықша. Шетелдік меймандар да мереке қарсаңында Қазақстанға арнайы келіп, біздің салт-дәстүрімізбен танысады, әдет-ғұрпымызды танып-біледі. Біз осы рухани қазынамызды жан-жақты дәріптеуіміз керек. Наурызнама бойынша бүгін – Ынтымақ күні. Еліміз үшін ауызбіршілік пен татулықтың орны қашанда ерекше. Бүкіл халқымыз ұлтына, дініне қарамастан бір ел болып, Наурызды бірге атап өтеді. Біз осындай береке-бірлігіміздің арқасында болашаққа зор сеніммен қарап, тек алға қарай қадам басып келеміз. Жан-жақты реформа жасап, мемлекеттің саяси жүйесін жаңғыртып жатырмыз. Ауқымды экономикалық жобаларды қолға алдық. Байсалды сыртқы саясатымыздың арқасында Қазақстан бүкіл әлемге беделді мемлекет ретінде танымал болды, – деді Мемлекет басшысы.

    Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамының тазалық, еңбекқорлық құндылықтарын дәріптейтін тәрбиелік мәніне тоқталды.

    – Ұлыстың ұлы күні – тазалық мерекесі. Халқымыз осы күні тал егіп, бұлақтың көзін ашқан. Айналасын тазалап, табиғатты аялаған. Бұл дәстүр бүгін де өз жалғасын табуда. Былтырдан бері елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Жалпыұлттық іске барша жұртымыз, әсіресе, жастар белсенді атсалысуда. Осылайша қоғамымызда жаңа экологиялық мәдениет пен болмыс қалыптасып келеді. Наурыз – нағыз еңбек мерекесі. Көктемнің басы – дала еңбегі жанданатын кезең. Қазір ауыл шаруашылығында қарқынды жұмыс басталды. Біз осы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладық. Басты мақсатымыз – еңбек адамының беделін арттыру. Өйткені еңбекқорлық – озық ойлы ұлтқа тән қасиет, – деді Мемлекет басшысы.

    Президент бүкіл әлемнің алмағайып жағдайда өмір сүріп жатқан шағында қоғамның тұрақтылығын нығайту  басты саясатымыздыңбағыты болып қала беретінін айтты.

    Ақорда

    – Биыл Конституциямызға және Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл толады. Сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтеміз. Көп ұзамай қастерлі Тәуелсіздігіміздің 40 жылдық мерейлі белесіне жетеміз. Қазақстан осы уақытта озық, өркениетті, қуатты мемлекет болуы керек. Мен Ұлттық құрылтайдың Бурабайдағы жиынында осы мәселеге арнайы тоқталдым. Біз елімізді жаңа жаһандық жағдайға бейімдеуіміз қажет. Мемлекетіміздің бағдары да, басымдығы да – айқын. Цифрландыру ісі мен жасанды интеллект, ірі инфрақұрылымдық жобалар, көлік тасымалы және энергетика, агроөнеркәсіп кешені, сондай-ақ адам капиталы – осының бәрі еліміздің негізгі даму бағыттары. Қазақстан осы салалар бойынша әлемдік бәсекеге қабілетті ел болмақ. Бұған біздің мүмкіндігіміз толық жетеді. Біз «Заң мен тәртіп» қағидасы берік орныққан, әділетті, қауіпсіз, таза, мәдениетті және дамыған Қазақстанды міндетті түрде бірге құрамыз! Қазақстаннан басқа еліміз жоқ. Сондықтан бәріміз бір қоғам болып мемлекетімізді нығайтайық, дамытайық, көркейтейік!, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Бұдан кейін Мемлекет басшысы жұртшылықпен бірге мерекелік концертті тамашалады.

  • Наурызда қазақстандықтар неше күн демалады?

    Наурызда қазақстандықтар неше күн демалады?

    Қазақстандықтар наурызда 31 күннің 17-сінде жұмыс істеп, 14 күнінде демалады.

    «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні (8 наурыз күнгі демалыс сенбіден 10 наурыз, дүйсенбіге ауысты).  21-23 наурыз – Наурыз мейрамы (наурыздың 22, 23 сенбі мен жексенбі , сондықтан, 24, 25 наурыздың демалыстары дүйсенбі мен сейсенбіге ауысты)», – деп хабарлады Азаматтарға арналған үкімет порталы.