Метка: Наурызбай қажы Тағанұлы

  • «Ауызашарды – ифтар, сәресін – сухур» дейтіндер көп – Бас мүфти

    «Ауызашарды – ифтар, сәресін – сухур» дейтіндер көп – Бас мүфти

    Сан ғасырдан бері мұсылмандық жолды ұстанған бабаларымыз ана тіліміздегі сөздерді қолданған. Бұл туралы елордада өткен баспасөз мәслихатында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлім етті.

    «Осы ретте жастарды діни терминдерді қазақша айтуға шақырамын. Өкінішке қарай, кейбір жас буын өкілдерінің ауызашарды – ифтар, сәресін – сухур деп айтып жүргені көңілге қаяу түсіреді. Сан ғасырдан бері мұсылмандық жолды ұстанған ата-бабаларымыз ауызашар, сәресі деген сөздерді қолданған. Біз де бабалар жолын ұстанған ұрпақ ретінде өзге тілден енген діни терминдерден барынша аулақ болып, өзіміздің ата-бабамыздан қалған жақсы сөздерді қолданып, өзіміздің ана тілімізге құрмет көрсетіп, қазақша сөйлеуге тырысайық», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

    Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталатынын хабарлап отыр. Наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – Қадір түні, ал 30 наурыз – Ораза айт мерекесі.

    Еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілді.

     

     

  • Қазақстанның Бас мүфтиі сайланды

    Қазақстанның Бас мүфтиі сайланды

    Бүгін Астана қаласында өткен Қазақстан мұсылмандарының Х Құрылтайында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти лауазымына Наурызбай қажы Тағанұлының кандидатурасы ұсынылды.

    Құрылтайға жиналған 300-ге жуық делегат осы кандидатураға бірауыздан дауыс беріп, қолдау көрсетіп, Наурызбай қажы Тағанұлын Бас мүфти лауазымына қайта сайлады.

    ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы журналистерге берген сұхбатында: «Құрылтайға еліміздің әр облысынан келген 300-ге жуық делегат менің кандидатурама дауыс беріп, сенім білдіріп, Бас мүфти лауазымына қайта сайлады. Бұл сенімді абыроймен ақтауға бар күш-жігерімді жұмсаймын. Жоспарлап отырған бірқатар жұмыстарымыз бар. Мәселен, алдағы 2025 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дербес мүфтият болып құрылғанына 35 жыл толады. Мерейтой аясында жоспардағы көптеген игі істерді жұрт болып жұмылып, халық болып бірігіп атқаруға баршаңызды шақырамын», – деді.