Метка: Наурызнама

  • Наурызнама: Бүгін елімізде Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні

    Наурызнама: Бүгін елімізде Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні

    Жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі аясында 16 наурыз — Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні болып жарияланды. Бұл күн халқымыздың мәдени кодын айқындайтын құндылықтар мен тарихи мұраны дәріптеуге арналған.

    Мерекелік шаралардың орталығы Астанадағы Ұлттық музей мен Е. Рахмадиев атындағы филармонияда бастау алды. Мұнда «Дала мәдениетінің жаһандық бейнесі» фестивалі сияқты ауқымды жобалар таныстырылуда. Еліміздің өңірлері де бұл күннен қалыс қалған жоқ:
    Ақтөбе облысында «Жыраулар жолымен» жобасы мен «Dastur-fest» фестивалі өтуде.
    Қарағанды облысында салт-дәстүрлерді digital-форматта насихаттайтын байқаулар мен «Nauryz: Inspired by Traditions» фестивалі ұйымдастырылды.
    Маңғыстау облысында ұлттық жол-жоралғыларға арналған театрландырылған қойылымдар көрерменге жол тартты.

    Естеріңізге сала кетейік, Наурызнама онкүндігі 23 наурызға дейін жалғасады. Әр күннің өзіндік тақырыбы мен қоғамдық маңызы бар.

  • Наурызнама: Көне дәстүр қалай жаңғырды?

    Наурызнама: Көне дәстүр қалай жаңғырды?

     Бұл күн жаңару мен жақсылықтың бастауы, береке мен ырыстың белгісі. Қазақ қоғамында Наурыз мейрамы бір күндік той емес, бірнеше күнге, тіпті оншақты күнге созылатын мерекелік кезең ретінде тойланған. Осы дәстүр «Наурызнама» деген атаумен белгілі.

    Наурызнама – қазақ халқының ежелден қалыптасқан мейрамды ұлықтау дәстүрі. Бұл кезеңде әр күнге ерекше мағына беріліп, түрлі салт-дәстүрлер мен шаралар ұйымдастырылады.

    Наурызнаманың шығу тарихы

    Наурызнаманың тарихы көне түркі дәуіріне барып тіреледі. Ол заманнан бері түркі халықтары күн мен түннің теңелуін ерекше атап өтіп, табиғаттың жаңаруын мерекелеген. Көшпелі өмір салтын ұстанған бабаларымыз бұл мейрамды тек көктемнің келуі ғана емес, бірліктің, татулықтың және жақсылықтың символы деп есептеген.

    Орта ғасырлардағы тарихи деректерде Наурыз мерекесінің бірнеше күнге созылғаны туралы жазбалар кездеседі. Қазақ хандығы тұсында бұл мереке халықты бірлікке шақыратын ірі тойлардың бірі болған. Наурызнама деген атау да осы кезеңдерде кең тараған.

    Наурызнама кезінде халық бір-біріне қонаққа барып, ізгі тілектерін айтып, ұлттық ойындар ойнап, түрлі мерекелік шаралар өткізген.

    Наурызнама қандай күндерден тұрады?

    Қазіргі кезде Наурызнама бірнеше күнге бөлініп, әр күннің өзіне тән атауы мен мағынасы бар. Осы дәстүр қайта жаңғырып, ел ішінде кеңінен таралып келеді.

    1. Амал күні (14 наурыз) Бұл күн – «Көрісу күні» деп те аталады. Амал мерекесінде адамдар бір-бірімен құшақтасып, «Жасың құтты болсын!» деп тілек айтады.

    Көрісу – халықтың бір-біріне деген құрметін, татулығын нығайтатын дәстүр. Бұл күні жасы кіші адамдар ауылдағы үлкендерге барып, амандық-саулық сұрайды.

    1. Жайнау күні (15 наурыз) Бұл күн тазалық пен жаңару күні деп есептеледі. Адамдар үйін, ауласын тазалап, артық заттардан арылып, айналаны ретке келтіреді. Сонымен қатар, моральдық тазалық та маңызды, яғни адамдар бір-бірінен кешірім сұрап, өкпе-реніштерін ұмытуы тиіс.
    2. Шаттық күні (16 наурыз) Бұл күні әр отбасыда мерекелік көңіл-күй орнап, түрлі ойын-сауық шаралары ұйымдастырылады. Қазақтың ұлттық ойындары ойналып, балалар мен жастарға ерекше көңіл бөлінеді.
    3. Береке күні (17 наурыз) Береке күні дастарқан жайылып, қонақ күту дәстүрі жанданады. Әр отбасы Наурыз көже әзірлеп, көрші-қолаңды шақырып, «Дәм-тұзымыз аралассын» деген ниетпен бірге тамақтанады.
    4. Өнер күні (18 наурыз) Бұл күнде жастар өнерлерін көрсетіп, ақындар айтыс өткізіп, ән-күй шырқалады. Қазақтың дәстүрлі өнері дәріптеліп, мәдени шаралар ұйымдастырылады.
    5. Игілік күні (19 наурыз) Игілік күні қоғамға пайда әкелетін іс-шаралар өткізіледі. Адамдар қажетсіз заттарын мұқтаж жандарға таратып, қайырымдылық жасайды.
    6. Тарихқа тағзым күні (20 наурыз) Бұл күн ата-бабалар рухына тағзым етіп, өткенді еске алатын күн. Мешіттерде құран оқытылып, бабалар рухына дұға бағышталады. Сонымен қатар, ел тарихына қатысты мәдени-танымдық шаралар ұйымдастырылады.
    7. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз (21-22 наурыз) Наурыз мерекесінің шарықтау шегі – Ұлыстың ұлы күні. Бұл күні ұлан-асыр той жасалып, халықтық серуендер ұйымдастырылады.

    Наурыздың басты нышандары:

    • Наурыз көже – жеті түрлі тағамнан жасалған қасиетті ас;
    • Туыстың араласуы – алыс-жақыннан келген қонақтарды қарсы алу;
    • Ұлттық ойындар – бәйге, көкпар, күрес, қыз қуу сияқты сайыстар;
    • Батаның берілуі – үлкендердің жастарға ақ тілек айтуы;
    • Татуласу – бұрынғы реніштерді ұмытып, ағайынның араласуы.

    Наурызнаманың қазіргі заманға сай жаңғыруы

    Қазіргі таңда Наурыз мейрамын бірнеше күн атап өту дәстүрі қайта жанданып келеді. Мемлекеттік деңгейде Наурыз мейрамы ұлттық құндылық ретінде насихатталып, әр күнге арнайы атаулар берілуде.

    Мысалы, Қазақстанда Наурыз мерекесі «Жасыл экономика», «Отбасы күні», «Ұлттық спорт күні», «Қайырымдылық күні» секілді атаулармен атап өтіледі. Бұл – ежелгі Наурызнама дәстүрінің жаңаша үлгіде қайта жаңғыруы.

    Наурызнама – тек мейрам емес, ұлттық рух пен бірлікті дәріптейтін мереке. Оның басты мақсаты – халықты жақындастырып, дәстүр мен мәдениетті жаңғырту.

  • Наурыз көже дайындау қанша тұрады?

    Наурыз көже дайындау қанша тұрады?

    Наурыз көже – көктемгі жаңару мен молшылықтың символы. Бұл тағам әр өңірде әртүрлі дайындалғанымен, негізгі ингредиенттері өзгеріссіз қалады.

    Ұлттық статистикасының мәліметінше, Қазақстанда Наурыз көже әзірлеу үшін қажет өнімдердің орташа бағасы төмендегідей:

    • Айран (2,5%) – 446 теңге/литр
    • Сүт (2,5%) – 413 теңге/литр
    • Арпа жармасы – 399 теңге/кг (ең төмен баға Көкшетауда – 283 теңге)
    • Күріш – 639 теңге/кг (ең төмен баға Шымкентте – 535 теңге)
    •  Қазы, жылқы еті – 3098 теңге/кг
    • Тұз – 76 теңге/кг

    Қазақстанның әр өңірінде Наурыз көженің құрамына құрт, құрғақ өрік және кеспе қосылады. Бұл тағамды дайындау дәстүрі дастарқан молшылығы мен амандықтың белгісі саналады.

    Бағалар нарыққа байланысты өзгеруі мүмкін, бірақ бастысы – Наурыз көже тек тағам ғана емес, халықтың бірлігі мен дәстүрге деген құрметінің көрінісі.

  • Наурызнама онкүндігі: Бүгін – Ынтымақ күні

    Наурызнама онкүндігі: Бүгін – Ынтымақ күні

    Қазақстан – адамдар бір-біріне қол ұшын беретін, қиын жағдайда қалғандарға қолдау көрсетіп, ортақ болашақ үшін жұмыла әрекет ететін ел.

    Бұл күні әрбір қазақстандық елдің бірлік-берекесін нығайтуда өзінің үлес қоса алатынын, игіліктің үлкен-кішісі болмайтынын, жақыныңа жақсылық жасау – шынайы құндылық екенін сезінуі керек.

    Бұл күн ата-баба өнегесін, бірлік пен ынтымақтың маңыздылығын еске салады. Ынтымақ – әр түрлі этникалық және әлеуметтік топтардың бірігуі, қоғамда ортақ құндылықтар мен азаматтық бірегейліктің қалыптасуы.

    Қазақстандықтардың күші бірлікте екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі айтып жүр. Ынтымақ күні «Әділетті Қазақстан» қағидасына сай құрылған инклюзивті қоғам туралы дұрыс түсінік қалыптастыру мен халықтың әртүрлі топтарын біріктірудің маңыздылығын айшықтайды. Бұл күн бізді түп тамырымызға қайтарып қана қоймай, ел азаматтары мен сырттағы ағайынмен арадағы көпір бола алады.

    Бұл күн бірлік рухын насихаттайды, ортақ құндылықтарды айшықтайды және азаматтық бірегейлікті қалыптастырады. Бұл – әділ және берекелі қоғам құру жолында бейбітшілік, келісім мен толеранттылықты ұстанып, өзара құрмет, жолдастық пен бір-біріне көмектесуді ортақ ережеге айналдырудың маңызын көрсететін күн.

  • Наурызнама: Бүгін – Ұлттық спорт күні

    Наурызнама: Бүгін – Ұлттық спорт күні

    Наурызнама онкүндігінің аясында бүгін Қазақстанда Ұлттық спорт күні тойланады.

    Ұлттық спорт күні қазақтың дәстүрлі спорт түрлерін жаңғырту мен насихаттауға арналған. Бұл күні азаматтарды спорттық дәстүрлер мен дала халықтарының бай мұрасын тануға, тән мен жан үйлесіміне ұмтылыс біріктіреді.

    Көкпар, асық ату, қыз қуу, күрес сынды дәстүрлі спорт түрлерінің тамыры сонау Ұлы Дала тарихында жатыр. Олар көшпелі халықтардың тұрмыс салты  дене күші, ептілік пен батылдықты талап еткен бұрынғы кезеңді еске түсіреді.

    «Ұлттық спорт күні» адамдарды бәсекелестік пен өзара сыйластық арқылы жақындастырады және ұлттық бірегейлікті нығайтуға ықпал етеді. Бұл спорт – қиындықтарды жеңудің, жетістіктерді бірге атап өтудің және дәстүрлі құндылықтарды жаңа ұрпаққа жеткізудің ең ұтымды жолы.

    Табиғат пен жан-дүниеміздің жаңаруын бейнелейтін Наурыз мейрамын тойлау аясында бұл күні салауатты өмір салтын ұстану, дене шынықтыру және ұжымдық рухтың маңыздылығына баса назар аударылады. Ол бізді тән саулығына мән беріп, күш-қуат пен төзімділікті арттыруға және табысқа жету жолында бір-бірімізді қолдауға үндейді.

    Ұлттық спорт түрлері жай жарыс емес, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрі мен құндылықтарын бейнелейтін мәдени мұраның маңызды бөлігі. Күш, ептілік, төзімділік, намыс – көшпенділер өркениетіне сіңісті болған, жас ұрпақты жігерлендіріп келе жатқан қасиеттер. Ұлттық спорттық ойындар арқылы біз рухани тамырымызды сақтаймыз және бай мәдени мұрамызды мақтан тұтамыз.