Метка: Нұржан Нұржігітов

  • Су саласының 105 маманы Қытайда біліктілігін арттырады

    Су саласының 105 маманы Қытайда біліктілігін арттырады

    Келесі жылы «Қазсушар» мекемесінің 105 маманы ҚХР-да біліктілік арттыру курстарынан өтеді.

    Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов қытайлық Power China компаниясының Қазақстандағы өкілдерімен кездесу барысында тиісті келісімге қол жеткізген.

    Ақпаратқа сәйкес, арнайы курстар тоқсан сайын өтеді. Сәуірде Қытайға 30 маман барады. Содан кейін 25 адамнан жасақталатын топтар әр 3 ай сайын біліктілік арттыру бағдарламасына қатысады. Жақын арада тараптар оқу бағдарламаларының тақырыбы мен бағыт-бағдарын айқындайды.

    Шетелдік компаниялармен және өзге мемлекеттермен келіссөздер барысында міндетті тақырыптың бірі – бірлесіп кадр даярлау және мамандардың біліктілігін арттыру. Біздің мамандар Қытайда мол тәжірибе жинайтынына сенімдімін. Биыл министрлік су шаруашылығы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жұмысын белсенді жүргізді. Мысалы, жыл басынан бері 500-ден астам адам мамандандырылған орталықтарда курстан өтті. Бұл бастапқы жоспардан 12%-ға артық, – деді Нұржан Нұржігітов.

    Сондай-ақ, министр қытайлық кәсіпкерлермен Power China компаниясының елімізде су қоймаларын салу және реконструкциялау жұмыстарына қатысу мәселесін талқылады. Шетелдік делегаттар Қазақстанда жаңа су шаруашылығы инфрақұрылымына инвестиция салуға дайын екендіктерін білдірді.

  • Биыл Балқаш көліне 15,4 млрд текше метр су толтырылды

    Биыл Балқаш көліне 15,4 млрд текше метр су толтырылды

    Биыл Балқаш көліне өткен жылмен салыстырғанда 4 млрд текше метрге артық су жіберілген. 

    Жыл басынан бері Балқаш көліне 15,4 млрд текше метр су толтырылған. Оның ішінде тасқын кезінде 3,3 млрд текше метр су түскен. Жыл басынан бері Каспий теңізіне 17 млрд текше метр су келді. Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасы соңғы 10 жылда алғаш рет 100%-ға толып, 18 млрд текше метрден астам су жинады.

    «Су тасқыны кезінде Батыс Қазақстан облысының Қамыс-Самар көлдеріне 80 млн текше метр су жіберілді. Ұлытау облысынан Қызылорда облысына 839 млн текше метр су келді. Осының арқасында, бақылау тарихында алғаш рет бұл су Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көлдер жүйесіне жетті» делінген хабарламада.

    Министрлік су дипломатиясы, суды дәл бөлу және су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы еліміздің оңтүстігінде су балансын жақсартуға қол жеткізді.

    «Біз әрқашан су ресурстарын бөлуде экономиканың қажеттіліктері мен су нысандарының экожүйесін қолдау арасындағы дұрыс тепе-теңдікті іздейміз. Биыл шаруалар мен басқа да су пайдаланушыларға кері әсерін тигізбестен үлкен және шағын су айдындарын сақтау және қалпына келтіру бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Мысалы, өткен суару кезеңінде еліміздің шаруа қожалықтарына шамамен 11 млрд текше метр су берілді. Болашақта бұл бағыттағы жұмыс жақсарады. Оның ішінде суды сауатты басқару және тұтынуға басымдық беретін жаңа нормативтік-құқықтық база құру есебінен де нәтижеге жетуге ниеттіміз», — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

  • Арал теңізіне тағы 1,6 млрд текше метр су жіберіледі

    Арал теңізіне тағы 1,6 млрд текше метр су жіберіледі

    Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді.

    «Жыл басынан бері Солтүстік Аралға шамамен 2 млрд текше метр су жіберілді. Бүгінгі таңда теңіздегі судың жалпы көлемі 22 млрд текше метрге жетті. Су дипломатиясы мен Орталық Азиядағы әріптестерімізбен тығыз жұмыстан бөлек, теңізді толтыруда су үнемдеу технологияларын енгізу де маңызды рөл атқарады. Жаңа технологияларды енгізудің нәтижесінде биыл Қызылорда облысының шаруалары 200 млн текше метрге жуық су үнемдеді. Бұл су Солтүстік Аралға жіберілді. Мәселе өте маңызды, біз оны жан-жақты қарастырып, үнемі бақылауда ұстаймыз», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

    Сонымен қатар Түркіменстанда өткен көрші елдермен келіссөздер кезінде 1-сәуірге дейін Шардара су қоймасына 11 млрд текше метр су жіберу туралы шешім қабылданды. Бұл еліміздің оңтүстік аймақтарына 2025 жылғы суару маусымы үшін қажетті су көлемін жинауға мүмкіндік береді.

  • Арал теңізіне 200 млн текше метр су құйылды

    Арал теңізіне 200 млн текше метр су құйылды

    Қызылорда облысының шаруалары су үнемдеу технологияларын енгізудің нәтижесінде 200 млн текше метрге жуық су үнемдеді. Бұл су Арал теңізіне құйылды, деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігі.

    Айта кетейік, биыл өңірдің дихандары 55 мың гектар күріш алқабында су үнемдеу технологияларын қолданды. Айта кету керек, Қызылорда облысындағы күріш алқаптарының жалпы ауданы 84 мың гектар.

    Осылайша, 2024 жылғы суару маусымында теңізге шамамен 1 млрд текше метр су жіберілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есе көп.

    Жыл басынан бері Солтүстік Аралға шамамен 2 млрд текше метр су жіберілді. Бүгінгі таңда теңіздегі судың жалпы көлемі 22 миллиард текше метрге жетті.

    «Су дипломатиясы мен Орталық Азиядағы әріптестерімізбен тығыз жұмыстан бөлек, Арал теңізіне су жіберуге үнемді технологияларды енгізу де маңызды рөл атқарады. Оларды қолдану жүздеген млн текше метр су үнемдеуге және оны теңізге бағыттауға мүмкіндік береді. Ол үшін біз шаруалардың су үнемдеу технологияларын енгізуге жұмсаған шығындарын субсидиялау көлемін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайттық. Алдағы үш жылда су үнемдеу технологияларымен суармалы суды пайдаланатын шаруа қожалықтары үшін субсидия мөлшері 50%-дан 85%-ға дейін ұлғаяды», — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.