Метка: Нью-Йорк

  • Нью-Йорк соты Храпуновты активтері туралы толық есеп беруге міндеттеді

    Нью-Йорк соты Храпуновты активтері туралы толық есеп беруге міндеттеді

    Нью-Йорктің Оңтүстік округінің федералдық соты Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың ұлы Ильяс Храпуновты сотты құрметтемеу бабы бойынша кінәлі деп тапты, деп хабарлайды Sona.kz соттың ресми мәлімдемесіне сілтеме жасап.

    2025 жылдың 6 тамызында өткен отырыста Храпунов өз активтері мен сот шешімдерін орындау әрекеттері жөнінде тұрақты түрде есеп беру туралы талапты орындамағаны анықталды. Енді ол өзінің барлық мүлкі туралы толық ақпарат беруге және Алматы қаласы мен БТА Банкінің шығындарын өтеуге міндеттелді.

    Айта кетейік, 2022 жылы осы сот Храпуновқа айғақтарды жойып, жалған мәлімет бергені үшін 221 мың доллар айыппұл салған болатын. ҚР Әділет министрлігінің мәліметінше, бұл – АҚШ соты Храпуновтың заң бұзушылықтарын тіркеген кемінде алтыншы жағдай.

    Храпуновтар отбасы мен олардың серіктесі Мұхтар Әблязов БТА Банктен миллиардтаған долларды заңсыз шығарып, Алматыға зиян келтіру фактілері бойынша бірнеше халықаралық сот процестерінде аталған. 2024 жылы Нью-Йорк сотының алқабилері Алматы қаласы мен БТА Банктің пайдасына 32 миллион доллардан астам қаржы өндіру туралы шешім шығарған болатын.

  • Қазақстан Нью-Йорк, Токио және Сингапурға тікелей рейстер ашуды жоспарлап отыр

    Қазақстан Нью-Йорк, Токио және Сингапурға тікелей рейстер ашуды жоспарлап отыр

    Қазақстан халықаралық әуе қатынасын кеңейтуді көздеп отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ICAO кеңесінің төрағасы Сальваторе Шаккитаномен кездесуде мәлімдеді.

    Мемлекет басшысының айтуынша, қазір еліміз 30-дан астам мемлекетпен тікелей әуе қатынасын орнатқан. Енді Нью-Йорк, Токио және Сингапур бағыттарында жаңа тікелей рейстерді іске қосу жоспары бар.

    «Өткен жылдан бастап Монреаль қаласында ICAO жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілдігі жұмыс істеп тұр. Ал 2024 жылы Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жаңа әуежай терминалдары пайдалануға берілді. Алматы әуежайының өткізу қабілеті алты есеге — жылына 2,5 миллионнан 14 миллион жолаушыға дейін ұлғайды», — деді Президент.

    Сондай-ақ кездесуде азаматтық авиацияны дамытуға арналған мастер-жоспардың маңыздылығы атап өтілді. Бұл құжат саладағы ұзақмерзімді стратегияның негізіне айналмақ.

    ICAO басшысы Қазақстанның авиация саласындағы ілгерілеуін жоғары бағалап, тұрақтылықты, даму қарқынын және нақты институционалдық құрылымды ерекше атап өтті.

    Айта кетейік, 2025 жылы қазақстандық және шетелдік әуе компаниялары ондаған жаңа бағыт ашуды жоспарлап отыр. Олардың қатарында Мюнхен, Будапешт, Шанхай, Дананг және Каир бар. Билік өкілдері мұндай бәсекенің өсуі билет бағасын төмендетіп, жолаушыларға көбірек таңдау ұсынады деп сенеді.

  • Республика күніне орай Қазақстанның туы Нью-Йорк төрінде көкке көтерілді

    Республика күніне орай Қазақстанның туы Нью-Йорк төрінде көкке көтерілді

    Ту көтеру рәсіміне Нью-Йорк мэриясы, қаладағы қазақ диаспорасы, бірқатар шет мемлекеттердің дипломаттары, Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдігі мен Бас консулдығы қатысты. Алаңға АҚШ-тағы Димаштың жанкүйерлері де келген. Қала мэрі Эрик Адамс жиналғандарды Республика күнімен құттықтап, екі ел арасындағы ынтымақтастықты атап өтті.

    «Ту халқымыз үшін әрқашан да бірлік пен ерліктің символы болып қала береді. Біз АҚШ-тағы әріптестерімізбен бірге осындай шара өткізіп, ұйымдастырғанымызға қуаныштымыз», – деді ҚР Нью-Йорк қаласындағы бас консулы Рауан Тілеулин.

    Ал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің АҚШ-тағы жанкүйері Тная Янг біздің елімізді қонақжай халық ретінде таниды.

    «Мен Димаштың концерті үшін Қазақстанға барған едім. Үлкен мега-концерт болды. Барша жанкүйерлерге ұнады. Қазақстан сондай қонақжай ел. Барша қазақстандықтарды және Димашты мерекемен құттықтаймын!», – деді ол.