Метка: Онлайн несие

  • Қазақстандықтар несиелік қабілетін онлайн бақылай алады

    Қазақстандықтар несиелік қабілетін онлайн бақылай алады

    EGov Mobile мобильді қосымшасында «Кредиттік және сақтандыру тарихы бойынша нұсқаулық» атты жаңа сервис іске қосылды. Енді пайдаланушылар өздерінің несие алу және сақтандыру тарихын қадағалап, жалпы кредиттік қабілеттілік деңгейін онлайн бағалай алады.

    «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы дерегінше, сервис «Кредиттеу» және «Сақтандыру» атты бөлімдерден тұрады. Бұл бөлімдерде пайдаланушы бұрын алған несиелері мен сақтандыру қызметтері туралы АО «Мемлекеттік несие бюросының» деректеріне негізделген өзекті ақпарат ұсынылған.

    «Кредиттеу» бөлімінде пайдаланушының соңғы бес жылдағы несие алу тарихы туралы есеп, белсенді несие міндеттемелері мен скорингтік балл ұсынылады. Ол несие алу тарихының деректері негізінде қалыптасады және пайдаланушыға өзінің несие беделін бағалауға көмектеседі. Скорингтік балл тек ақпараттық сипатқа ие және пайдаланушылар үшін оның кредиттік мінез-құлқын бағалауға арналғанын айта кету керек» делінген хабарламада.

    «Сақтандыру» бөлімінде пайдаланушыға бұрын жасалған сақтандыру шарттары мен полистері туралы жалпы есеп, сондай-ақ міндетті автосақтандыру құнына әсер ететін бонус-малус класы туралы ақпарат қолжетімді.

    Егер алынған мәліметтер бойынша сұрақтар туындаса, пайдаланушы тікелей кредит берушіге немесе сақтандыру компаниясына жүгінуі қажет.

  • Жаңа жылдан бастап онлайн кредит алу қиындай түседі

    Жаңа жылдан бастап онлайн кредит алу қиындай түседі

    2025 жылғы 1 қаңтардан бастап микроқаржы ұйымдарынан онлайн несие алу кезінде азаматтар биометриялық сәйкестендіруден өтіп қана қоймай, электрондық цифрлық қолтаңбаны да қолданады.

    Алаяқтыққа қарсы күрестің жаңа шаралары туралы Ұлттық банк төрағасы депутаттық сауалға берген жауабында айтты.

    «Онлайн микроқарызды ресімдеу кезінде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап биометриялық сәйкестендіруді және электрондық цифрлық қолтаңбаны міндетті түрде қатар қолдану талабы енгізіледі. Сондай-ақ микроқаржы ұйымдары ақшаны аударғанға дейін банк шотының немесе төлем картасының клиентке тиесілі екенін тексеруге міндеттеледі», — делінген жауапта.

    Бұған қоса Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктерге онлайн несие ресімдеген кезде өтінімді дәл сол мезетте емес, ертесіне мақұлдауға кеңес береді. Осылайша клиент алаяқтар рәсімдеген кредиттен бас тарта алады.

    Сондай-ақ, Ұлттық банк алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары бойынша деректер алмасу орталығын құрған. Антифрод-орталық қатысушыларға алаяқтық операцияларды анықтауға және бұғаттауға, алаяқтық белгілері бар операцияларға жедел ден қоюға, нақты уақыт режимінде ақпарат алмасуға мүмкіндік береді.

    Антифрод-орталыққа барлық банк, бірқатар ірі төлем және микроқаржы ұйымдары, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің 21 аумақтық бөлімшесі мен орталық аппаратының өкілдері қосылған. Қазір ұялы байланыс операторлары қосылу сатысында.

  • Онлайн кредитке жаңа шектеу ұсынылды

    Онлайн кредитке жаңа шектеу ұсынылды

    Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова алаяқтыққа тосқауыл қою үшін онлайн кредит рәсімдеу кезінде банктерді қосымша тексеріс жүргізуге міндеттеу ұсынылып отырғанын мәлімдеді.

    Әбілқасымованың айтуынша, кредитті электронды түрде алуға тыйым салу халықтың шамадан тыс қарызға бату проблемасын шешпейді. Себебі адамдар онлайн ала алмаған несиесін банкке де барып рәсімдейді.

    «Электронды түрде алуға тыйым салсаңыз, азаматтар бәрібір де банкке барып, кредит алуға мүмкіндігі бар. Сол себепті онлайн кредитке тыйым салу халықтың қарызға шамадан тыс батуы мәселесін толығымен шешпейді», — деп санайды агенттік төрағасы.
    Дегенмен алаяқтарға тосқауыл қою үшін агенттік банктерді онлайн кредит рәсімдеу барысында қарыз алушыны қосымша тексеруге міндеттемек.

    «Тәуекелі жоғары операциялар анықталса, мысалы әлеуметтік осал санатқа кіретін азаматтар, зейнеткер несие алса, банктер қосымша тексеріс жүргізуге міндетті болады. Бұл несиені бірден мақұлдауға жол бермейді, яғни бес минут ішінде 5 млн теңге кредит ала алмайсыз», — деді Әбілқасымова.
    Агенттік Ресейдің тәжірибесін зерделеген.

    «Егер операция күмәнді көрінсе, банктер кредит беруді тоқтата тұрады. Біз ресейлік тәжірибені зерттедік: онлайн несиені бірден мақұлдамай, кредит сомасына байланысты 3 сағаттан 2 тәулікке дейін уақыт өтуі керек», — дейді ол.
    Айтуынша, қазір бұл ұсыныс банктермен талқыланып жатыр.