Метка: отбасы

  • Атырау облысында жоғалған отбасы ісінде қаза тапқандардың күйеу баласы негізгі тұлға ретінде қарастырылуда

    Атырау облысында жоғалған отбасы ісінде қаза тапқандардың күйеу баласы негізгі тұлға ретінде қарастырылуда

    Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында жоғалып кеткен отбасыға қатысты қылмыстық іс бойынша негізгі тұлғалардың бірі ретінде қаза тапқандардың 29 жастағы күйеу баласы  Сұлтан Сәрсемәлиев аталып отыр. Оның да, жұбайы Ақбаянның да процессуалдық мәртебесі құқық қорғау органдары тарапынан ресми түрде жарияланған жоқ, деп хабарлайды Sona.kz Halyqstan-ға сілтеме жасап.

    6 қаңтар күні Атырау облысында бұрын хабар-ошарсыз кеткен отбасының екі мүшесінің  66 жастағы Мақсат Қарабалин мен оның жұбайы, 64 жастағы Насип Өтешқалиеваның мәйіттері табылды. Полицияның мәліметінше, мәйіттердің табылу жағдайлары олардың зорлықпен өлтірілгенін меңзейді.

    Ерлі-зайыптылардың денелері үй маңындағы шаруашылық құрылысынан табылған. Алдын ала мәліметке сәйкес, сарайда шамамен 1,5 метр тереңдікте шұңқыр қазылып, мәйіттер бірінің үстіне бірі қойылып, топырақпен көмілген, үстіне линолеум жабылып, диван қойылған. Құрылыс есігі кілтпен жабылған.

    Қазіргі уақытта мәйіттер сот-медициналық сараптамаға жіберілді, өлімнің нақты себептері анықталуда.

    Тергеу амалдары Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты бағытталған. Белгілі болғандай, ол бұрын тұрақты жұмыста істемеген, кездейсоқ табыстармен күн көрген. Оның жұбайы Ақбаян үй шаруасымен айналысып, бес баланы тәрбиелеген, тұйық өмір салтын ұстанған.

    Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян отбасының басқа мүшелерімен бір кезеңде жоғалып кеткен. Олардың нақты қайда екені ресми түрде жарияланған жоқ.

    Сондай-ақ, қаза тапқандардың шоттарынан зейнетақы төлемдері алынғаны және отбасыға тиесілі малдың сатылғаны белгілі болды. Бұл деректерге қатысты ресми түсініктемелер әзірге берілген жоқ.

    Қаза тапқан ерлі-зайыптылардың ұлы, 32 жастағы Наурыз Мұқанғалиевтің де қайда екені белгісіз. Алдын ала мәлімет бойынша, ол Ақтауға жұмыс іздеп кеткен, содан бері байланысқа шықпаған.

    Мәйіттердің табылғанына қарамастан, ресми іздеуде әлі де төрт адам ғана көрсетілген. Іздеудегі тұлғалар тізіміне өзгеріс енгізілгені жөнінде полиция тарапынан жария мәлімет жоқ.

    Бейресми деректерге сәйкес, Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның жұбайы Қазақстан аумағынан тыс жерде болуы мүмкін. Болжамды бағыттардың қатарында Индонезия аталады. Сонымен қатар, Наурыз Мұқанғалиевтің телефоны Өзбекстан аумағында тіркелгені туралы ақпарат тарады.

    Ресми ақпараттың шектеулі болуына байланысты әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде түрлі нұсқалар мен расталмаған мәліметтер таралуда. Полиция азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырады.

    Белгілі болғандай, 7 қаңтар күні полиция қызметкерлері Геолог ауылына жақын маңдағы септиктердің бірінде 35 жастағы Мирамгүл Қарабалинаның — қаза тапқан ерлі-зайыптылардың қызының мәйітін іздеу жұмыстарын жүргізген. Алайда бұл іздеу нәтижесіз аяқталған.

  • Петропавлда әйелін және балаларын азаптаған ер адам ұсталды

    Петропавлда әйелін және балаларын азаптаған ер адам ұсталды

    Әйелі бірнеше ауыр операциядан, соның ішінде бас сүйегіне трепанация жасалғаннан кейін, жүре алмай қалған. Қазір оған анасы қарайды, деп хабарлайды Sona.kz «НеМолчи.kz» қорына сілтеме жасап.

    Қордың мәліметінше, әйел ұзақ жылдар бойы күйеуінен физикалық және психологиялық қысым көріп келген. Тіпті ауыр жарақат алғаннан кейін де ер адам оны ұрып-соғуды тоқтатпаған. Нәтижесінде әйел есінен танып, артынша екі аяғынан айырылған.

    Отбасының бес баласы әкесінің қолында қалып, анасына кездесу мүмкіндігінен айырылған. Туыстары ер адамның әлеуметтік желілерде өз балаларымен түсірген бейнелерін жариялап жүргенін және оның әрекеті күмән тудыратынын айтқан.

    Полиция мен қамқоршылық органдары дереу тексеру жүргізіп, ер адамды уақытша ұстау изоляторына қамады. Балалар уақытша Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды, оларға медициналық және психологиялық көмек көрсетілмек.

    Полицияның мәліметінше, бұл жағдай бойынша бұған дейін ешқандай шағым түспеген. Қазір қосымша сараптамалар жүргізіліп жатыр, оның нәтижесіне қарай іс қылмыстық сипат алуы мүмкін.

    «НеМолчи.kz» қоры балалардың аналарының қасында екенін және олардың барлығы куәлік бергенін хабарлады. Құқық қорғаушылар отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ер адамды заң алдында жауапқа тартуды талап етті.

    Полиция тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері бойынша 102 немесе 111 нөміріне хабарласуға шақырады.

  • Бурабайда алты баласы бар отбасы тауға шығып, адасып кетті

    Бурабайда алты баласы бар отбасы тауға шығып, адасып кетті

    Бурабайда алты баласы бар отбасы тауға шығып, жолдан адасып қалған. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.

    Оқиға 29 маусым күні кешкі уақытта болған. Отбасы «Бурабай» ұлттық саябағындағы таулардың біріне шығып, кері қайтар жолды таба алмай қалған. Дереу құтқарушыларға хабар беріліп, оқиға орнына жедел түрде «112» қызметі мен орман шаруашылығы мамандары жұмылдырылды.

    Іздеу жұмыстары нәтижесінде отбасы аман-есен табылып, таудан түсірілді. Абырой болғанда ешкім зардап шекпеген, медициналық көмек қажет болмаған.

    Құтқарушылар азаматтарға тауға шығарда қауіпсіздік ережелерін сақтауды, таныс емес жерлерге жалғыз немесе дайындықсыз шықпау керегін ескертті. Осындай қарапайым сақтық шаралары адам өмірін аман алып қалуға көмектеседі.

  • Ақмола облысында бүтін бір отбасы суға батып кетті

    Ақмола облысында бүтін бір отбасы суға батып кетті

    Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

    Министрліктің мәліметінше, 4 адамның өмірін қиған қайғылы оқиға Аршалы ауданы Арнасай ауылынан 2 шақырым жердегі Астана су қоймасында болған.

    «Төртеуі де бір отбасының мүшелері. 1980 жылы туған әйел мен 2001 жылы туған қыздың денелерін куәгерлер тапты. 1977 және 2000 жылы туған екі ер адамның денесін Ақмола облысы және Астана қаласының ТЖД құтқарушылары іздеп жатыр», — делінген хабарламада.

    Сондай-ақ ТЖМ отбасы мүшелері шомылуға тыйым салынған жерде суға кеткенін атап өтті.