Метка: Қар күреу

  • Алматыда көше қары тоқтаусыз күреледі

    Алматыда көше қары тоқтаусыз күреледі

    Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шахановтың айтуынша, қаланың коммуналдық қызметі көшелерді, жолдар мен тротуарларды жедел қардан арылтуға кірісті. Қар күреу жұмыстары тәулік бойы жүргізіледі.

    «Бүгін сағат 9:00-де қалада және таулы аудандарда қар жауа бастады. Екі күн бойы қар жауып, 20 мм қар түседі деп болжанып отыр. Бұл едәуір мөлшер, сондықтан бұл ауқымды жұмыс. Таңертеңнен бастап коммуналдық қызмет көшелеге көктайғаққа қарсы арнайы қоспалар сеуіп, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Негізгі жұмыс қар күрелген соң басталады. Біз магистралды және орталық көшелерде қар үйінді жасалған соң қарды шығаруға кірісеміз, – деді Алматы әкімінің орынбасары.

    Қазгидрометтің мәліметінше, 23-24 қаңтарда Алматыда ауа температурасы -15…-20 градусқа дейін төмендейді. Қазіргі уақытта жолдар көктайғаққа қарсы материалдар себіліп жатыр. 152 құмсепкіш техника жұмылдырылған. 950 тонна көктайғаққа қарсы материалдар және 60 м³ сұйық реагенттер пайдаланылған. Қауіпті жол учаскелерінде жолдың жағдайын бақылап отыратын 46 жедел топ жұмыс істеуде.

    Магистралды көшелерді қардан толық тазалау 3 күнге, аудандық маңызы бар көшелерді тазалау 7 күнге созылады.

    «Қазіргі уақытта жолдарда 600-ден астам арнайы техника жұмыс істеп жатыр, күндізгі уақытта шамамен 1,5 мың адам жұмылдырылды. Жұмыс түнде де жалғасады, қар толық шығарылғанға дейін тоқтатылмайды. Тазалықты бақылау үшін аудан әкімдіктерінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды», – деді Бейбіт Шаханов.

    «Қардың жаууы қала тұрғындарына уақытша қолайсыздық тудыратынын түсінеміз. Коммуналдық қызметтің жұмысына түсіністікпен қарап, көмектесуді сұраймыз: арнайы техниканың жұмысын қиындатпау үшін көліктерді жол жиектеріне қоймауларыңызды өтінеміз», – деді әкімнің орынбасары.

    Мәселелерді жедел шешу үшін тұрғындар Telegram-боттарға келесі сілтемелер арқылы аудан әкімдіктеріне жүгіне алады:
    1. Әуезов ауданы — https://t.me/akimatAuezov1
    2. Алатау ауданы — https://t.me/akimat_alatau
    3. Алмалы ауданы — https://t.me/almalyaudany/1
    4. Бостандық ауданы — https://t.me/bostandykaudanyy/1717
    5. Жетісу ауданы — https://t.me/obzhetysu
    6. Медеу ауданы — https://t.me/medeu_audany
    7. Наурызбай ауданы — https://t.me/+jD3nmPVIVrw1YWQ6
    8. Түрксіб ауданы — https://t.me/turksib_audany

    23 қаңтарға арналған болжам: кейде қар жауады, түнде температура -13…-15°C, күндіз -7…-9°C.
    24 қаңтарға арналған болжам: көшпелі бұлт шығады, жауын-шашынсыз. Түнде -18…-20°C, күндіз -10…-12°C.

  • Астанада қарды күреуге 1900-ден астам арнайы техника жұмылдырылды

    Астанада қарды күреуге 1900-ден астам арнайы техника жұмылдырылды

    Коммуналдық қызметтер ауа райының қолайсыздығына және боранға қарамастан тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

    22 қаңтарға қараған түні коммуналдық қызметтер елордадан 4 508 жүк көлігі қар шығарды, Бұл – 54 мың текше метрден астам қар. 22 қаңтар күні таңертең қар тазалау жұмысына 2600-ден астам жол жұмысшы мен 1900-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.

    Қыс мезгілінің басынан бастап полигондарға қаладан 290 936 рейс арқылы 3,6 млн текше метрден астам қар шығарылды. Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады.

    Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.

    Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.

    Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.

    Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз.

    Төтенше жағдай туындаған кезде «112» нөміріне хабарласыңыз.