Метка: қара шай

  • Қазақстанда бірқатар қара шай түрлерін әкелуге және сатуға тыйым салынды

    Қазақстанда бірқатар қара шай түрлерін әкелуге және сатуға тыйым салынды

    Қазақстанда бірқатар қара шай маркаларын әкелуге және сатуға тыйым салынды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хабарлады. Тиісті қаулы 5 қаңтарда бақылау сатып алулары мен санитариялық-эпидемиологиялық сараптама нәтижелері бойынша қабылданған.
    Тексеру барысында кейбір қара шай өнімдерінің құрамында қолданыстағы нормативтерге сәйкес тыйым салынған тағамдық бояғыштар бар екені анықталған. Атап айтқанда, сары «күн батысы» (E110), тартразин (E102) және понсо 4R (E124) бояғыштары табылған. Кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкес бұл заттарды шай өндірісінде қолдануға рұқсат етілмейді.
    Сонымен қатар санитариялық-эпидемиологиялық тергеп-тексеру барысында өнімнің қаптамасында өндіріс және қаптау орны туралы жалған ақпарат көрсетілгені анықталды. Бұл тиісті рұқсат құжаттарының болмағанын көрсетеді.
    Анықталған бұзушылықтарға байланысты келесі қара шай маркаларын әкелуге және сатуға тыйым салынды:
    •«Апамның шәйі Premium gold», Al-Hayat Golg, «БАЛҚИЯ Premium Gold» — өндіруші Orda Trade Astana ЖШС (Алматы облысы);
    •Sultan Suleyman, Pakistan tea — өндіруші Real Trade Astana ЖШС (Астана);
    •«БАЛҚИЯ Premium gold» — өндіруші «Аль-Хадия» ЖК (Алматы);
    •Aje Onim — өндіруші «Орда Чай» ЖК (Алматы), тапсырыс беруші — «Кальций» ЖШС;
    •Al-Hayat Golg — өндіруші Empire KENIY E.P.Z. Limited (Алматы облысы);
    •Al-Jannat Premium — өндіруші Ferdaus ЖК (Алматы);
    •Alfarah — өндіруші қаптамада көрсетілмеген.
    Санитариялық қызмет өкілдері тұтынушыларды өнімнің таңбалануына және шығу тегіне мұқият болуға, ал кәсіпкерлерді санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауға шақырды.