Метка: Қаржаубай Нұрымов

  • Қаржаубай Нұрымов бостандыққа шықты

    Қаржаубай Нұрымов бостандыққа шықты

    25 желтоқсан күні түнде марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов Алматы облыстық полиция департаментіне қарасты Қонаев полиция басқармасынан бостандыққа шықты. 

    Әкімшілік тәртіп бұзғандығы үшін 15 күнге қамалған Қаржаубай Нұрымов қазақ еліне үндеу жариялап, алғысын айтты.

    «Аллаға шүкір үйдемін! Бәрі жақсы. Қолдауларыңызға рахмет!», – деді Қаржаубай Нұрымов.

    Айта кетейік, Азат ауылында Шерзат Болаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың жаназасы шыққан соң Қаржаубай Нұрымовты айналасындағы адамдарға қауіп төндірді деп 15 күнге қамауға алған болатын. Қаржаубай Нұрымовты журналистерге айтылған уақытынан бұрын әрі артқы есіктен жасырын шығарды.

  • Шерзаттың ағасы Тоқаевқа үндеу жолдады

    Шерзаттың ағасы Тоқаевқа үндеу жолдады

    Сот Талғарда кісі қолынан қаза болған Шерзат Полаттың әпкесін 15 күнге қамаған еді. Қаржаубай Нұрымовтың туысы Бақыт Реймова «жұртты митингіге шақырды» деп айыпталды. Бұған қоса, басқа елдің азаматы болғаны үшін Қазақстаннан депортацияланбақ. Осы жағдайдан кейін, Бақыт Реймовтың ұлы Мейірбек Бақытұлы Тоқаевқа үндеу жолдады. Жасөспірім анасының жалғыз асыраушысы екенін мәлімдеді.

    «Менің анамды сот 15 тәулікке қамады. Және Қазақстан аумағынан шығармақшы. Менің анам Реймова Бақыт менің жалғыз асыраушым. Мен кәмелет жасына толмаған баламын. 11-сынып оқимын», – деді Мейірбек Реймов.

    Бақыт Реймованың перзенті анасының Қазақстаннан басқа баратын жері жоқ екенін айтты.

    «Менің анамнан басқа ешкімім жоқ. Мені анамнан айырмауларыңызды сұраймын. Менің анамның Қазақстаннан басқа баратын жері жоқ. Біз қазақпыз. Егер сот анамды Қазақстан аумағынан шығаратын болса, мен анамды 5 жыл көре алмаймын», – деді ол.

    Жасөспірім Тоқаевқа үндеу жолдай отырып, бұл мәселеге өзі араласуын сұрады.

  • Шерзат Болаттың әкесі қашан бостандыққа шығады?

    Шерзат Болаттың әкесі қашан бостандыққа шығады?

    Марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов желтоқсан айының соңында бостандыққа шығады. Бұл туралы бүгін Сенат қабырғасында журналистердің сұрағына жауап берген  ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлім етті.

    Ол алдымен тергеушілер Шерзат Полаттың өліміне қатысты 11 қылмыстық іс тергеп біткенін, іс материалдары осы жылдың соңына дейін екі тарапқа танысуға берілетінін айтты. Баланың өліміне қатысты 11 адам қамалған.

    «Ал, Шерзат Болаттың әкесі әкімшілік соттың шешімімен 15 тәулікке қамалған болатын. Сот шешімі болйынша осы айдың соңында, мерзімі өткен соң босайды», – деп мәлім етті ол.

    Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін хабарлағынымыздай, 11 желтоқсан күні қолға түскен болатын.  Ол полицияның көлігіне зиян тигізді деп айыпталған еді.

  • Апелляциялық сот өзгеріссіз қалды: Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке қамалады

    Апелляциялық сот өзгеріссіз қалды: Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке қамалады

    Бұған дейін сот шешімімен 15 тәулікке қамалған Қаржаубай Нұрымовтың адвокаты Саида Тәуекел Шерзаттың әкесі полицияға шабуыл жасамағанын, тек екі қызметкер отырған көліктің дөңгелегін жарып тастағанын айтты. Адвокаттар сот шешіміне апелляциялық шағым жолдаған болатын.

    Онлайн өткен сотта прокурор он бес күнге қамауды сұрады. Қорғаушылар тарапы Қаржаубайдың эмоциялық жағдайын түсіндірген. Сол күні және оған дейін болған оқиғалар тізбегін ескеруді сұраған.

    «Ол полицияға шабуылдаған жоқ. Ал мүлікті бүлдіргенін жасырмайды. Қаржаубайдың сауалы бар полицейлер отырған көліктің дөңгелегін жарып тастаған. Мұны ол сол орыннан полицейлердің кетіп қалмасы үшін жасаған. Осы мақсатта ол дөңгелекке пышақ сұққан. Бірақ басқа адамдарға шабуылдамаған. Ол тек қана өз өміріне қауіп төндірген», – деді адвокат.

    Саида Тәуекелдің айтуынша, ол өзінің әрекеті заңсыз екенін түсініп отыр. Қорғаушы тарап соттан оған ең жеңіл жаза кесуді, айыппұл төлетуді өтінген.

    «Бірақ сот прокуратураның талабын қанағаттандырып, 15 күнге қамауға алынды. Алайда біз апелляциялық шағым жазып, жолдаймыз», – деген-ді адвокат.

    Алайда, Алматы облысының әкімшілік іс жөніндегі сот алқасы Еңбекшіқазақ аудандық сотының қаулысын өзгеріссіз қалдырып, Қаржаубай Нұрымовтың қорғаушыларының шағымын қанағаттандырмады. Бұған сәйкес, Нұрымов сот шешімімен 15 тәулікте қамауда болады.

  • Прокуратура Шерзат Болаттың отбасына қатысты үндеу жасады

    Прокуратура Шерзат Болаттың отбасына қатысты үндеу жасады

    Ведомство бейбіт жиналыстарды, митингтерді және пикеттерді ұйымдастыру мен өткізу тәртібі Қазақстан Республикасының «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңымен қатаң реттелетінін еске салды.

    «Тұрғындарды жауапкершілік танытып, заңсыз митингтерге қатысуға шақырған үндеулерге ермеуге шақырамыз. Мұндай іс-шараларды ұйымдастыру және оларға қатысу – заңды өрескел бұзу және бұл ауыр зардаптарға әкеледі. Бұл әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы) және қылмыстық жауапкершілік (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 400-бабы) қарастырылған. Заңсыз акцияларға қатысу әкімшілік қамауға алу, ірі айыппұл салу және қылмыстық қудалауға әкелуі мүмкін екенін еске саламыз», – делінген Алматы облысы прокуратурасының үндеуінде.

    Ведомство үндеуі 10 желтоқсанда Азат ауылында болған оқиғадан кейін жарияланды.

  • Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке қамалды

    Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке қамалды

    Марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов қоғамдық тәртіпті бұзып, бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік соттың шешімімен 15 тәулікке қамалды. Кезекші судьяның шешімі туралы осы отбасының қорғаушылары justice_for_sherzat инста-парақшасында хабарлады.

    Отбасының қорғаушылары кезекші судьяның үкіміне 11 желтоқсан күні аппелияциялық шағым түсіретінін хабарлады.

    Қаржаубай Нұрымовтың немере әпкесі Бақыт Реймова да жауапқа тартылды. Ол халықты митингке шақырғаны үшін айыпты деп танылып, 15 тәулікке қамалды және шет елдің азаматы ретінде елден депортацияланатын болды.

    Нұрымовтың әпкесі – Салтанатқа да бұзақылық жасады деген айып тағылып, 20 АЕК көлемінде (73 840 теңге) айыппұл салынды.

    Сонымен қатар осы отбасының күйеубаласы Айғазы да қамауға алынған. Алайда оған қатысты кезекші судья үкім шығармаған.

  • Шерзаттың әкесі полициядан ауруханаға жеткізілді

    Шерзаттың әкесі полициядан ауруханаға жеткізілді

    Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты полиция басқармасынан ауруханаға жеткізді. 

    Қаржаубай Нұрымов өзіне қол жұмсайтынын айтқаннан кейін полиция ұстап әкеткен еді.  Ол бірнеше сағат бойы Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөлімінде болып, онда онымен психологтар жұмыс істеді. Алайда, оның жағдайы жақсармаған соң шұғыл түрде  Еңбекшіқазақ көпсалалы ауданаралық ауруханасына жеткізген. Қазір Нұрымов дәрігерлердің бақылауында. Оның жанында адвокаттары бар. Ал оны обасымен қоғам белсендісі Айтбек Амангелді күтіп отыр.

    Сонымен қатар, Қаржаубай Нұрымовқа қоғамдық тәртіпті бұзу, бейәдеп сөздер қолдану мен адамдарға тиіскені үшін әкімшілік іс қозғалды. Қазіргі таңда іс материалдары сотқа жолданды. Нұрымов 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.

  • Полиция Қаржаубай Нұрымовты ұстап әкетті

    Полиция Қаржаубай Нұрымовты ұстап әкетті

    Марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты БАҚ өкілдерімен кездесуді талап еткен соң полиция ұстады.

     «Бүгін сағат 15.30-да Азат ауылында жерлеу рәсімі кезінде қоғамдық тәртіпке және басқалардың, соның ішінде кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін оқиға орын алды. Азамат Н., прокурордың заңды сақтау туралы түсіндірмелерін елемей, өзін шектен тыс агрессивтілік танытып, басқаларға қорқытып, өз-өзіне қол жұмсаймын деп қорқытқан, сондай-ақ полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасаған. Оның мінез-құлқы орынсыз болып, өзіне де, басқаларға да қауіп төндірді. Жағдайына алаңдаған азамат Н.-ның туыстары мен адвокаттарының өтініші бойынша оның өмірі мен айналасындағылардың өміріне зиян келтірмеу мақсатында полиция қызметкерлері оны ұстау шараларын қабылдады», – деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

    Қазір ол полиция бөліміне жеткізілді, онымен психологтар жұмыс істеп жатыр.

    «Полицейлер жағдайды тұрақтандыру жұмыстарын жалғастырып, азаматтарды сабырға шақыруда. Азаматтардан тек ресми дереккөздерге сеніп, жалған ақпарат тарату жауапкершілікке, соның ішінде қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтыратынын еске саламыз», – делінген хабарламада.

  • Шерзаттың әкесі халыққа тағы да үндеу жолдады

    Шерзаттың әкесі халыққа тағы да үндеу жолдады

    «Алматы облысы Қонаев қаласының ішкі істер департаментінен келдім. Ол жерде іс оңынан қаралып жатыр. Адвокаттар келіп көмектесіп жатыр. Марқұм Салтанаттың ағасының көмегі бар. Ол кісіге де ерекше алғыс айтамын», – дейді Қаржаубай.

    Сондай-ақ ол халықтан митингіге шықпауын өтінді.

    «Қантөгіс болмасын. Адамдар шоғырланған жерге менің жауларым келіп пайдаланып кетуі мүмкін. Ертеңгі күні мені аяқтан шалу үшін көтеріліс ұйымдастырып, бауырыма қастандық жасауы мүмкін. Мен заң аясында дұрыс шешім шыққанын қалаймын», – деді Шерзаттың әкесі.

    Еске салсақ, 4 қазан күні Талғар қаласында болған қайғылы жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. 16 жастағы Шерзаттың өліміне қатысты іс Ішкі істер министрінің жеке бақылауында. Белсенді Айтбек Амангелді қаза тапқан жасөспірімнің отбасына адвокаттар тауып берген еді. Ол отбасыға тегін қызмет көрсетуге келіскен үш адвокатты ұсынған.