Метка: Қаржы министрлігі

  • Тоқаев медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігіне беруді қолдады

    Тоқаев медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігіне беруді қолдады

    Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде ірі көлемдегі заң бұзушылықтар болғанын мәлімдеп, міндетті медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің басқаруына беру жөніндегі үкіметтің шешімін қолдады.

    Мемлекет басшысының айтуынша, кешенді тексеріс кезінде бюджет қаражатын ұрлау мақсатында құжаттарды жасанды түрде көбейту және бұрмалау фактілері анықталды. 2024–2025 жылдары денсаулық сақтау саласын дамытуға 7,8 трлн теңге бөлінгенімен, осы қаражаттың бір бөлігі жымқырылған.

    Тоқаев құқық қорғау органдарына сыбайлас жемқорлық схемаларының барлық пайда алушыларын анықтау тапсырылғанын, қордағы жағдай әлеуметтік сала басшыларының кәсібиліктің төмендігі мен мемлекеттік мүддеге немқұрайдылықтың салдары екенін атап өтті.

  • Қаржы министрлігі: Мемлекеттік қызметшілерге сыйақы беруге тыйым салынған жоқ

    Қаржы министрлігі: Мемлекеттік қызметшілерге сыйақы беруге тыйым салынған жоқ

    Қазақстан Республикасы үкіметінің 2001 жылдың 29 тамызындағы №1127 қаулысына сәйкес мемлекеттік қызметшілерге сыйақы төлеу, материалдық көмек көрсету, лауазымдық айлықақыларына үстемеақылар белгілеу бюджет қаражатын үнемдеу есебінен ғана жүзеге асырылады. Бұл туралы Қаржы министрлігі мәлімдеді.

    Министрліктің мәліметінше, аталған қаулы арқылы шығыс баптарының нақты тізбесі айқындалған. Олардың есебінен үнемдеу қалыптасқан жағдайда ғана сыйақы төленуі мүмкін (іссапарларға, коммуналды және көлік қызметтеріне, байланыс қызметтеріне, үй-жайларды жалға алуға және т.б. шығыстар бойынша үнемдеу).

    «Бүгінде аталған қаулыға, сондай-ақ басқа да заңнамалық актілерге сыйақыларды шектейтін өзгерістер енгізілмегендіктен мемлекеттік қызметшілерге сыйақыларды беруге тыйым салатындай негіз жоқ. Қаржы министрлігінің осыған дейінгі хабарламасында үкімет қаулысының нормаларын бұлжытпай ұстану қажеттігі және бағдарлама әкімшілерінің қызметкерлерді тізбеде көрсетілгендерден бөлек бюджеттік баптардан қаражатты сыйақыға пайдалануға жол бермеу туралы айтылған болатын. Инвестициялық жобаларды іске асырудан және мемлекеттік аппараттың жұмысына әсер етпейтін материалдық активтерді сатып алудан үнемделген қаражат бюджетке қайтарылуға тиіс», – делінген хабарламада.