Метка: Қаржы мониторинг агенттігі

  • «Asar Baspana» қаржы пирамидасы 86 мыңнан астам азаматтан 12,4 млрд теңге тартқан

    «Asar Baspana» қаржы пирамидасы 86 мыңнан астам азаматтан 12,4 млрд теңге тартқан

    Қаржы мониторингі агенттігі Бас прокуратураның үйлестіруімен «Asar Baspana» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты, деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.

    Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, ұйым тұтынушылық кооператив ретінде жасырынып жұмыс істеген.

    Тергеу барысында Туғанбаев Н.М. бастаған пирамида ұйымдастырушылары, 86 мыңнан астам азаматтан 12,4 млрд теңге тартқан, есесіне ай сайын 30%-ға дейін табыс уәде еткен.

    Шын мәнінде, нақты бизнес болмаған, төлемдер жаңа қатысушылардың салымдары есебінен жүзеге асырылған.

    Нәтижесінде Туғанбаев пен оның серіктестері 3,8 млрд теңге қаражатты заңсыз иеленген.

    Күдіктілер салымшыларды адастырып, Алматы қаласында құрылыс материалдарын өндіру, тігін цехы мен тұрмыстық және медициналық техника зауыты жұмыс істеп жатқандығын мәлімдеген. Шындығында, өнімдер үшінші тарап жеткізушілерінен сатып алынып«Asar Baspana» логотипімен таңбаланған.

    2024 жылы желтоқсан айынан бастап, пирамидаға деген сенім азая бастаған кезде, ұйымдастырушылар автосалон ашып, ресми дилерлермен әріптестік орнаттық деген жалған ақпарат таратқан. Шын мәнінде, автокөліктер салымшылардың ақшасына сатып алынып Туғанбаевтың туыстарына рәсімделген.

    Пирамиданы әшкере қылатын жағдайлар туындаған тұста, Туғанбаев Н.М. 8 ақпан күні «Asar Baspana» сайтын техникалық режимге ауыстырған. Бұл қылмыстық әрекетті жасыру мақсатында жасалды.

    Алайда, тергеу барысында серверлік деректер қалпына келтірілді. Сайт деректеріне сәйкес, «Gold» деңгейіне жеткен 15,5 мың салымшының тек біреуіне ғана пәтер берілген.

    «Platina» бағдарламасы бойынша 15 мың үміткердің арасынан тек бір салымшыға ғана көлік берілген.

    Еске салайық, 2025 жылғы 9 ақпанда 49 кеңседе және 81 күдіктінің тұрғылықты жерінде тінту жүргізілді.

    Оның нәтижесінде 1,1 млрд теңге, Toyota Land Cruiser 300 және Lexus 570 сияқты 10 премиум-класстағы автокөліктер тәркіленді, олар Туғанбаев пен оның жақындарына рәсімделген.

    Сонымен қатар, Ақтау қаласында Туғанбаев Н.М.-ның бауырының үйінен кооперативтің есепшоттарында болуы тиіс 945 млн теңге қолма-қол ақша табылды.

    1,2 млрд теңгеден астам сомаға шоттар бұғатталып, тыйым салынған.

    2025 жылғы 11 ақпанда Туғанбаев Н.М. мен Байтасов Н-ға қатысты 2 айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

  • Asar Baspana қаржы пирамидасының жұмысы тоқтады

    Asar Baspana қаржы пирамидасының жұмысы тоқтады

    Asar Baspana қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары қамауға алынды.

    Бұл туралы қаржы мониторингі агенттігі мәлімдеді. Алдын ала ақпарат бойынша, ұйымдастырушылар салымшыларға жылжымайтын мүлік, көліктер, биологиялық белсенді қоспалар, ас үй ыдыстары, косметика, тұрмыстық химия және тағы басқа тауарлар сатып алу үшін пирамидаға қаражат салуды ұсынған. Олар ай сайын салынған соманың 30%-на дейін пайда табуға уәде берген.

    Қаржы пирамидасы кеңселерін және күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізілді. Нәтижесінде 1,2 млрд теңгеден асатын қолма-қол ақша және  қымбат 13 көлік тәркіленді.

    2 қаржы пирамидасын ұйымдастырушы екі айға қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

  • Қазақ-қырғыз шекарасында айына 10 мың тонна бензин заңсыз тасымалданады

    Қазақ-қырғыз шекарасында айына 10 мың тонна бензин заңсыз тасымалданады

    Бұл туралы Қаржы мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.  Дереккөзге сүйенсек, қырғыз көліктер бензинді көлігінің багына немесе қолдан жасалған қосымша бактарына құйып алып, заңсыз әкетіп жатыр.

    «Қаржы мониторинг агенттігі шекара маңындағы өңірлерде жанар-жағармайды елден шығаруға қарсы бірлескен бақылауды күшейтуге қатысты ведомствоаралық кездесу өткізді. Баға айырмашылығына байланысты жеңіл көліктер көлігінің багына және қолдан жасалған багына бензин құйып алып, оны ел аумағынан заңсыз әкетіп жатыр. Тек қазақ-қырғыз шекарасында айына осындай тәсілмен 10 мың тонна бензин тасымалданады», – деп хабарлады ҚМА.

    Жалпы, жыл басынан бері жанар-жағармай тасымалына байланысты 21 қылмыстық іс тіркелген. Бұл заңсыз айналымның көлемі 3,5 мың тоннадан, ал құны 900 млн теңгеден асқан.