Метка: Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің төрағасы

  • Автосақтандыру бағасы өседі

    Автосақтандыру бағасы өседі

    Елімізде көлік жүргізушілері үшін автосақтандыру құны бірнеше есе өскелі отыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәлімдеуінше, есептеу ережелері өзгермек.

    Бұдан былай жүргізушілер үшін жаңа санаттар енгізіліп, А және М2 класстары пайда болады. Жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілер осы ең төменгі санатқа түсіріліп, полис құны 13-классқа қарағанда 7 есе қымбат шығады. Мәселен, көлікті мас күйінде басқарған не рөлді мас адамға ұсынған, салдарынан қайғылы оқиға болған, апат үлкен материалдық шығынға әкелген жағдайда жүргізушінің санаты осы М2 класына дейін төмендетіледі. Алғаш рет сақтандыру полисін алғалы отырған жүргізушілерге А санаты берілмек.

    Санаттың төмендеуіне әкеп соғатын заң бұзушылықтар тізімі айтарлықтай ауқымды. Мысалы жылдамдықты асыру, қарсы жолаққа шығу, бағдаршамның қызыл түсіне өту, патрульдік полицияны елемеу, жолда апатты жағдайлар тудыру да сақтандыру құнының еселеп өсуіне сеп болады.

    “Сонымен қатар әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар да ескеріледі. Апат саны ғана емес, ауырлығы да ескерілді, егер апаттан келтірілген залал 200 АЕК-тен аз болса, жүргізуші сыныбының төмендеуі 1 сыныпқа кем болады”, – деді сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті басқармасы бастығының орынбасары Әзиз Әбілқасым.

    Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өкілдерінің айтуынша, кемі 5 жыл 13-санатта болған жүргізушілерге қосымша жеңілдіктер ұсынылуы ықтимал. Сақтандыру компаниялары полистің құнын төмендетуі мүмкін. Бірақ белгілі бір шектен түсіруге болмайды.

  • Әбілқасымова осал топтардың несиесі кешіріліп жатқанын айтты

    Әбілқасымова осал топтардың несиесі кешіріліп жатқанын айтты

    Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Мәжілістің жалпы отырысының кулуарында осал топтардың несиесін кешіру жайлы айтты.

    Әбілқасымова атағандай, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың несиесін кешіру мәселесі бойынша микроқаржылық ұйымдарға жаңа талаптар қойылғанын айтты.

    «Олар проблемалық қаржыландырушылар бойынша жеке жоспар әзірлеуі керек. Жекелеген жоспардың ішінде осал топтарға арналған бірқатар талап қойдық. Олардың қарызы бойыншы мерзімі бірнеше жылдан асып кетсе, жағдайы қарыз төлеуге жетпесе, жоспар аясында оларға толығымен немесе ішінара қарызын кешіру талабын қойдық. Ол талап бойынша банктер мен микроқаржы ұйымдары бізге жаңа жоспар енгізіп жатыр», — дейді ол.

    Әбілқасымованың айтуынша, ол жоспар үнемі жаңартылып отырады.

    «Жыл басынан бері 44 мың адамға мерзімі өткен қарызын кешірді. Олар өз қаражатынан алды. Жаңа жоспар бойынша жыл соңына дейін тағы осындай жұмыс атқарылады. Болжам бойынша 1,4 млн адам жекелеген жоспарға кіреді. Алайда, көбіне ставкасын төмендету, мерзімін ұлғайту, айыппұлын кешіру жүзеге асырылады. Ал осал топтарға барлық немесе ішінара қарызын кешіруді қарастырдық», — дейді Мәдина Әбілқасымова.