Метка: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

  • Қазақстанда қандай кредиттер кешіріледі?

    Қазақстанда қандай кредиттер кешіріледі?

    Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов қазақстандықтарға алаяқтар арқылы рәсімделген несиелерді есептен шығаруға жол ашатын заңнамаға енгізілмек өзгерістерді түсіндірді.

    Мәжіліс депутаттары бүгін екінші оқылымда қаржы нарығын дамыту және қаржылық қызметтер тұтынушыларының құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заң жобасын қабылдады.

    Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтың айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңнамада алаяқтар рәсімдеген несиелерді тек сот шешімі арқылы ғана есептен шығару көзделген. Мұндай талап көбіне зардап шеккен азаматтардың өз құқықтарын толыққанды қорғауына елеулі кедергі келтіріп отыр. Осыған орай заң жобасы аясында сотқа дейінгі тәртіппен қарыздарды есептен шығаруға мүмкіндік беретін жаңа негіздер енгізу ұсынылған. Атап айтқанда, Қизатов алғашқы несие рәсімделген кезде банкке немесе микроқаржы ұйымына (МҚҰ) клиенттің жеке өзі келуі міндеттелетінін атап өтті. Сондай-ақ, 24 сағаттық «суыту мерзімі» енгізілмек – бұл кезеңде азамат алған несиеден бас тарта алады.

    Бұған қоса, белгілі бір әлеуметтік топтарға қосымша талаптар қойылады. Яғни несие беру үшін қосымша келісім алу міндетті болады. Егер осы талаптар сақталмаса, банк немесе микроқаржы ұйымы мұндай несиені сотқа жүгінбей-ақ есептен шығаруы тиіс. Сонымен қатар, заң жобасында қаржы ұйымдары тарапынан биометриялық сәйкестендіру рәсімін бұзу, алаяқтыққа қарсы орталықтың талаптарын елемеу, не болмаса клиенттің жеке деректерін заңсыз қолдану жағдайларында сот арқылы есептен шығаруға негіз болатын жаңа тетіктер қарастырылған, – деді Олжас Қизатов.

    Қизатовтың айтуынша, егер мұндай заңбұзушылықтар сотта дәлелденсе, банктер мен микроқаржылық ұйымдар тиісті несиелерді міндетті түрде есептен шығаруы тиіс болады.

  • Жаңа жыл түні Аяз ата мен Ақшақар сізді тонап кетуі мүмкін

    Жаңа жыл түні Аяз ата мен Ақшақар сізді тонап кетуі мүмкін

    Жаңа жыл қарсаңында алаяқтар әртүрлі айла-тәсілдерді пайдаланып, қазақстандықтарды сан соқтырып кетуі мүмкін. Осыған байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агентті мереке қарсаңында алаяқтардың қулықтарын тізіп өткен.

    Мәселен, агенттіктің fingramota.kz сайты жазғандай, Жаңа жыл қарсаңында алаяқтар Аяз ата мен Ақшақардың атын көп жамылады екен.

    «Ата-ананың көбі балаларына сиқырлы мереке сыйлау үшін Аяз ата мен Ақшақардың киімін киіп келетін аниматорлар іздейді. Міне, алаяқтар жылда интернетте, әсіресе, әлеуметтік желілерде аниматордың хабарландыруын береді де алдын ала төлем алып, жоқ болып кетеді», – деп ескертіп отыр агенттік.

    Сондықтан, үйге Аяз ата мен Ақшақар шақырғыңыз келсе ресми тіркелген компаниялардың қызметіне жүгінген дұрыс дейді мамандар. Сондай-ақ Аяз ата мен Ақшақар үйлерді тонап кететін жағдайлар да кездеседі екен.

    «Аяз ата» мен «Ақшақар» келіп, мереке күні көтеріңкі көңіл күйде отырған үй иелерінің босаңғысағынын пайдаланып, үйді тонап кетуі мүмкін. Бірі – көңіл күйді аулайды, екіншісі қымбат заттарыңызды тонап жатады», – деп жазған агенттіктің сайты.

  • Қаржы нарығын реттеу агенттігіне жаңа орынбасар тағайындалды

    Қаржы нарығын реттеу агенттігіне жаңа орынбасар тағайындалды

    Мемлекет басшысының өкімімен Тимур Бөкейханұлы Әбілқасымов Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

    Тимур Әбілқасымов 2011 жылы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын «бизнес экономикасы» және «мемлекеттік саясат экономикасы» мамандықтары бойынша бітірді. Лондон бизнес және қаржы мектебінде «тәуекел-менеджмент» мамандығы бойынша МВА дәрежесін алған.

    Тәуекелдерді басқару жөніндегі кәсіби мамандардың жаһандық қауымдастығы (Financial Risk Manager) халықаралық сертификатының иегері. Бұдан басқа, Тимур Әбілқасымовтың операциялық тәуекелдер, Базель III және Data science бойынша сертификаттары бар. Сондай-ақ ол «Қазтеміртранс» АҚ және «Kazakhstan Energy Reinsurance Company» директорлар кеңесінің мүшесі лауазымын атқарғаны белгілі.

    М.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ-да аға оқытушы болып жұмыс істеді.

    Тимур Әбілқасымов «Radius Advisory Lab» ЖШӘ консалтингтік компаниясының әріптесі лауазымын атқарды, онда ол Қазақстанның және Өзбекстанның коммерциялық банктеріне және ірі холдингтеріне тәуекелдерді басқару, корпоративтік басқару және ХҚЕС стандарттарын енгізу жүйелерін жетілдіру мәселелері бойынша консультация берді.

    Квазимемлекеттік сектор компанияларында және ЕДБ-да жұмыс істеді, ҚР Парламенті Сенатының жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшесі.

    Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасы Мәдина Әбілқасымованың кеңесшісі болды.