Метка: Қаржы пирамидасы

  • Ақтөбеде Harmony Rider Technology қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылды

    Ақтөбеде Harmony Rider Technology қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылды

    Тергеу амалдарын Ақтөбе облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті жүргізді.

    Тергеу барысында 2024 жылы бір топ тұлға шетелде электросамокаттарды жалға берумен айналысатын халықаралық компания кейпінде қаржы пирамидасының қызметін ұйымдастырғаны анықталды. Салымшылардың табысы тек жаңа қатысушылардың қаражатын тарту есебінен қалыптасқан. Салымдар көлемі 350-ден 20 000 АҚШ долларына дейін болған. Қызметке заңды сипат беру үшін Ақтөбеде кеңсе жұмыс істеп, үгіт-насихат жұмыстары әлеуметтік желілер мен офлайн-презентациялар арқылы жүргізілген.
    Қаржы пирамидасына жалпы сомасы 197 млн теңгеден астам қаражат құйған 115 салымшы тартылған. Алынған табыс криптоәмияндар арқылы шығарылып, кейіннен конвертацияланған.

    Осы қаражатқа ұйымдастырушылар үш автокөлік сатып алған, олар сот шешімімен мемлекет пайдасына тәркіленді.

    Ұйымдастырушылар 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сот үкімі заңды күшіне енді.

  • Павлодар облысында «HAS» қаржы пирамидасына қатысты тергеу жалғасуда

    Павлодар облысында «HAS» қаржы пирамидасына қатысты тергеу жалғасуда

    Павлодар облысы бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің (АФМ) департаменті зардап шеккен азаматтардың арыздары бойынша «HAS» қаржы пирамидасының жаңа эпизодтары бойынша тергеу жұмыстарын бастады, деп хабарлайды Sona.kz Afm_rk-ға сілтеме жасап.

    Бұрын ұйымдастырушылар 6-тен 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылған еді. Шағым иелеріне өтемақы ретінде сот 1,2 млрд теңгеден астам мүлікті тәркіледі: 4 пәтер, 18 көлік, 3 жер учаскесі, автотұрақтар, коммерциялық нысан және шоттардағы қаражат. Қазірге дейін 300 млн теңге төленді.

    Қазіргі уақытта 125 өтініш түсті, жалпы сомасы 821 млн теңгеден асты. Сонымен қатар, салымшылардың қаражатынан ұйымдастырушы «A.D.A.M. group» ЖШС-ін, елордадағы жер учаскелерімен бірге 525 млн теңгеге сатып алған, ол күдіктінің досының атына рәсімделген. Осы мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды.

    2026 жылғы 6 қаңтарда күдіктілердің әрекеттері ұйымдасқан қылмыстық топ құру, қаржы пирамидасын басқару және жарнамалау, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру деп бағаланды.

  • Абай облысында қаржылық пирамида әшкереленді

    Абай облысында қаржылық пирамида әшкереленді

    Абай облысында Қаржы мониторингі агенттігінің аймақтық департаменті «ELL QUATY» атауымен жұмыс істеген қаржы пирамидасының заңсыз қызметін тоқтатты. Тергеу мәліметтері бойынша, ұйым өздерін тұтыну кооперативі ретінде таныстырып, азаматтарға үй мен автокөлікті «пайызсыз, қолжетімді әрі тиімді» шарттармен алуға мүмкіндік бар деп сендірген, деп хабарлайды Sona.kz ҚМА Абай облысы бойынша департаментіне сілтеме жасап.

    Алғашында кооператив «HALYK QUATY» деп аталған. Ұйым өкілдері сайт (halykquaty.kz) және әлеуметтік желілер арқылы «Әр үйге – бақыт!» деген ұранмен халыққа жарнама жүргізіп, қарапайым азаматтарға «халықтық кооператив» бейнесін көрсеткен. Алайда «HALYK» сауда белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаннан кейін атауы «ELL QUATY» болып өзгертілген.

    Пирамида қалай жұмыс істеген?

    Тергеу барысында ұйым азаматтардан пай жарнасы түрінде ірі көлемде ақша жинағаны анықталды. Көшбасшылық жаңа мүшелерді тарту үшін түрлі маркетингтік акциялар ұйымдастырған, тіпті «Күншуақты Түркия» атты туристік жолдамалар ұтыс ойынын жариялап, сенімді күшейтуді көздеген.

    Сонымен қатар, схеманы заңды етіп көрсету үшін кооперативтің ұйымдастырушысы өз атына «QAZ INFO MARKET» ЖШС тіркеген. Тергеушілердің айтуынша, осы компания шоттарына салымшылардың ақшасы «көрсетілмеген қызметтер үшін төлем» ретінде аударылып отырған.

    6,8 млрд теңге — 1,5 мыңнан астам салымшы

    Алдын ала деректер бойынша, қаржылық пирамида қызметіне 1 500-ден астам азамат тартылған. Жалпы келтірілген залал көлемі — 6,8 млрд теңге.

    Қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары қылмыстық істің өзге материалдарын Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялауға болмайтынын мәлімдеді.

    Агенттік азаматтарды түрлі «кооператив», «ең тиімді салым», «пайызсыз үй» сияқты күмәнді ұсыныстарға сақ болуға шақырды.

  • Алматыда «Warner Bros» атауымен жұмыс істеген қаржы пирамидасы әшкереленді

    Алматыда «Warner Bros» атауымен жұмыс істеген қаржы пирамидасы әшкереленді

    Алматы қаласы бойынша АФМ департаменті «Warner Bros» деп аталған қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Sona.kz Агенттікке сілтеме жасап.

    Тергеу мәліметіне сәйкес, ұйымдастырушылар азаматтарға фильм трейлерлерін көруден табыс табуға болады деп уәде еткен. Жобаның заңды көрінуі үшін әлемге танымал голливудтық компанияның бренді пайдаланылған, алайда оның бұл схемаға ешқандай қатысы болмаған.

    Қаржы пирамидасы 9 деңгейден тұрған, қатысушылардың орташа жарнасы 225 мың теңге болған. Барлық төлемдер тек USDT криптовалютасы арқылы қабылданған. Желі арқылы тарату мақсатында арнайы чаттар құрылып, оқыту жүргізіліп, жаңа қатысушылар тарту үшін нұсқаулықтар мен видеороликтер таратылған.

    Тергеу барысында қаражат жинауға және аударуға пайдаланылған криптәмияндар анықталды. Сот санкциясымен 3,8 млн USDT көлеміндегі активтерге тыйым салынды.

    Сот ұйымдастырушысын кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен бірге 40 жәбірленушінің азаматтық талаптары қанағаттандырылып, залал бұғатталған активтер есебінен өтелетін болды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

  • Қарағандыда 100 млн теңгелік қаржы пирамидасы анықталды

    Қарағандыда 100 млн теңгелік қаржы пирамидасы анықталды

    Қарағанды облысы бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің департаменті «Үміт Самғау» атты қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Sona.kz Қаржы мониторингі агенттігіне сілтеме жасап.

    Тергеу деректеріне сәйкес, аталған компания өз қызметін қайырымдылық қоры ретінде көрсетіп, жалғызбасты аналарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуді мақсат еткенін мәлімдеген. Алайда іс жүзінде жоба қаржы пирамидасы болып шыққан.

    Азаматтарға 300%-дан 800%-ға дейін пайда түсіретін түрлі «салым» түрлері ұсынылған. Шарт бойынша, салым көлемі неғұрлым жоғары болса, кіріс те соғұрлым көп болады делінген.

    Тергеу барысында төлемдердің нақты экономикалық қызмет есебінен емес, жаңа қатысушылардың қаражаты есебінен жүзеге асқаны анықталды.

    Ұйымдастырушылар жүйені кеңейту үшін туыстары мен таныстарын «дроппер» ретінде тартқан. Олардың банктік есепшоттары арқылы қатысушылардың ақшасы қабылданып, әрі қарай үлестірілген.

    Нәтижесінде 400-ден астам азамат зардап шегіп, жалпы келтірілген залал 100 млн теңгеден асты.

    Соттың санкциясымен күдіктінің пәтері мен автокөлігіне тыйым салынды.

    Қазір тергеу амалдары жалғасуда.
    Қаржы мониторингі агенттігі азаматтарды күмәнді инвестициялық жобаларға және жоғары табыс уәде ететін платформаларға сенбеуге шақырады.

    «Кез келген жобада заңдылық пен лицензияның бар-жоғын тексеру маңызды. Қаржы пирамидасын ұйымдастыру – қылмыс, ал оған қатысу қаржылық шығын мен заң алдында жауапкершілікке әкеледі», – деп ескертті құзырлы мекеме.

  • Алматыда 3 қаржы пирамидасының қызметі тоқтады

    Алматыда 3 қаржы пирамидасының қызметі тоқтады

    Алматы қаласында «Warner Bros», «Roborock» және «NFT+TRX» қаржы пирамидаларының қызметі тоқтады. 

    ҚМА мәліметінше, қаржы пирамидасын құрғандар салымшыларды инвестиция салуға көндірген. Жоба 9 деңгейден құралып, орташа салым қаражаты 225 мың теңге болған. Сонымен қатар төлемдер тек USDT криптовалютасында қабылданды.

    «Warner Bros» пирамидасы бойынша салымшылар арнайы қосымшаға тіркеліп, қаражат салып, пирамидаға адам қосқаны үшін сыйақы алып отырған.

    Тергеу барысында салымшылардан қаражат жинау және транзит жасау үшін қолданылған криптовалюталық әмияндар анықталды.

    Соттың санкциясымен 3,8 млн USDT көлемінде криптоактивтерге тыйым салынды.

  • Шымкентте «Nazira Gold» қаржы пирамидасының қызметі тоқтады

    Шымкентте «Nazira Gold» қаржы пирамидасының қызметі тоқтады

    Қаржы мониторинг агенттігінің Шымкенттегі департаменті  «Nazira Gold» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты.

    Агенттік қаржы пирамидасын құрған адамның үйіндегі тінтуді видеоға түсіріп, желіге салған. Зәулім үйдің ішінен бума-бума ақша, алтын және есігінің алдынан бірнеше көлік тәркіленген.

    «Өзін зергерлік бұйым сатумен айналысатын компания ретінде таныстырған күдіктілер салымшыларға салған сомаларынан 20-40% көлемінде ай сайынғы табыс деп уәде берген. Алайда, шын мәнінде төлемдер сатудан түскен пайдадан емес, жаңа қатысушылардың салымдарынан жүзеге асырылған. Қылмыстық табысқа күдіктілер екі пәтер, тұрғын үй және 10 автокөлік сатып алған. Тінту барысында 374 миллион теңге қолма-қол ақша және құны 300 миллион теңгеден астам 12 кг алтын бұйым тәркіленген», – деп хабарлайды ҚМА.

    Ал, интернеттен «Назира голд» туралы ақпарат іздесеңіз, ең алдымен осы компаниямен аттас компанияның мәліметтері және Назира Бибосынқызы есімді келіншектің әлеуметтік желідегі аккаунты шығады. Назира Бибосынова өзінің аккаунтына Nazira Gold деп жазған және осы компанияның әдемі кештерінен бірнеше видео жүктеген. Кеш қонақтары арасында лоторея ойнатып, көлік таратқан. Кешке Қазақстандағы танымал жұлдыздарды шақырған. Арасында алтын бұйымдардың жарнамасы да бар.

  • «Asar Baspana» қаржы пирамидасы 86 мыңнан астам азаматтан 12,4 млрд теңге тартқан

    «Asar Baspana» қаржы пирамидасы 86 мыңнан астам азаматтан 12,4 млрд теңге тартқан

    Қаржы мониторингі агенттігі Бас прокуратураның үйлестіруімен «Asar Baspana» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты, деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.

    Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, ұйым тұтынушылық кооператив ретінде жасырынып жұмыс істеген.

    Тергеу барысында Туғанбаев Н.М. бастаған пирамида ұйымдастырушылары, 86 мыңнан астам азаматтан 12,4 млрд теңге тартқан, есесіне ай сайын 30%-ға дейін табыс уәде еткен.

    Шын мәнінде, нақты бизнес болмаған, төлемдер жаңа қатысушылардың салымдары есебінен жүзеге асырылған.

    Нәтижесінде Туғанбаев пен оның серіктестері 3,8 млрд теңге қаражатты заңсыз иеленген.

    Күдіктілер салымшыларды адастырып, Алматы қаласында құрылыс материалдарын өндіру, тігін цехы мен тұрмыстық және медициналық техника зауыты жұмыс істеп жатқандығын мәлімдеген. Шындығында, өнімдер үшінші тарап жеткізушілерінен сатып алынып«Asar Baspana» логотипімен таңбаланған.

    2024 жылы желтоқсан айынан бастап, пирамидаға деген сенім азая бастаған кезде, ұйымдастырушылар автосалон ашып, ресми дилерлермен әріптестік орнаттық деген жалған ақпарат таратқан. Шын мәнінде, автокөліктер салымшылардың ақшасына сатып алынып Туғанбаевтың туыстарына рәсімделген.

    Пирамиданы әшкере қылатын жағдайлар туындаған тұста, Туғанбаев Н.М. 8 ақпан күні «Asar Baspana» сайтын техникалық режимге ауыстырған. Бұл қылмыстық әрекетті жасыру мақсатында жасалды.

    Алайда, тергеу барысында серверлік деректер қалпына келтірілді. Сайт деректеріне сәйкес, «Gold» деңгейіне жеткен 15,5 мың салымшының тек біреуіне ғана пәтер берілген.

    «Platina» бағдарламасы бойынша 15 мың үміткердің арасынан тек бір салымшыға ғана көлік берілген.

    Еске салайық, 2025 жылғы 9 ақпанда 49 кеңседе және 81 күдіктінің тұрғылықты жерінде тінту жүргізілді.

    Оның нәтижесінде 1,1 млрд теңге, Toyota Land Cruiser 300 және Lexus 570 сияқты 10 премиум-класстағы автокөліктер тәркіленді, олар Туғанбаев пен оның жақындарына рәсімделген.

    Сонымен қатар, Ақтау қаласында Туғанбаев Н.М.-ның бауырының үйінен кооперативтің есепшоттарында болуы тиіс 945 млн теңге қолма-қол ақша табылды.

    1,2 млрд теңгеден астам сомаға шоттар бұғатталып, тыйым салынған.

    2025 жылғы 11 ақпанда Туғанбаев Н.М. мен Байтасов Н-ға қатысты 2 айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

  • Asar Baspana қаржы пирамидасының жұмысы тоқтады

    Asar Baspana қаржы пирамидасының жұмысы тоқтады

    Asar Baspana қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары қамауға алынды.

    Бұл туралы қаржы мониторингі агенттігі мәлімдеді. Алдын ала ақпарат бойынша, ұйымдастырушылар салымшыларға жылжымайтын мүлік, көліктер, биологиялық белсенді қоспалар, ас үй ыдыстары, косметика, тұрмыстық химия және тағы басқа тауарлар сатып алу үшін пирамидаға қаражат салуды ұсынған. Олар ай сайын салынған соманың 30%-на дейін пайда табуға уәде берген.

    Қаржы пирамидасы кеңселерін және күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізілді. Нәтижесінде 1,2 млрд теңгеден асатын қолма-қол ақша және  қымбат 13 көлік тәркіленді.

    2 қаржы пирамидасын ұйымдастырушы екі айға қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

  • Қазақстандықтар қаржы пирамидаларына 20 млрд теңге салған

    Қазақстандықтар қаржы пирамидаларына 20 млрд теңге салған

    Жыл басынан бері 20 млрд теңгеге жуық шығынмен қаржы пирамидаларын құру және басқару фактілері бойынша 57 қылмыстық іс тергелді, деп хабарлайды.

    ҚМА мәліметінше, 12 млрд теңгеден астам қаражат өтелген. Агенттікте алаяқтық жобалардың өмірлік циклін және оларға тартылған салымшылар санын қысқартуға бағытталған «Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл» арнайы жобасы енгізілді.

    Алматыда «HitBeatMusic» қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Алаяқтар өздерін канадалық компанияның акционері және иесі ретінде таныстырып, музыкалық инвестициялық жоба қызметіне іс жүзінде қатысы жоқ компанияның акцияларын сатумен айналысқан. Осылайша, салымшылардың қаражатын тартып, енгізілген соманың 10-нан 15%-на дейін пайда әкелуге уәде еткен. Келтірілген залал көлемі – 255 млн теңге, – делінген ҚМА хабарламасында.

    Сот үкімімен аталған адамдар кінәлі деп танылып, 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

    Агенттік IT-құралдарды пайдалана отырып, әлеуметтік желілерге талдау жасайды. Биыл қаржы пирамидаларының белгілері бар 10,5 мыңнан аса сайт сілтемелері бұғатталды. «WhatsApp», «Telegram» және «Instagram» желісінде 292 чат бұғатталған. Осылайша, 2 млн астам әлеуетті салымшылардың қаржылық шығындарының алдын алды.

    «Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл» арнайы жобасы жүзеге асырыла бастағаннан бері «Qnet», «World Business Consulting», «Finiko» «Antares»/«Antares Trade», «Sincere Systems Group»/«S-Group», «Hermes LTD», «Life is good», «Chia Tai Tianding»/«Chia Tai Pharmaceutical» «Energy Eolus Oazqstan»/«Eolus» сияқты елде жұмыс істейтін қаржы пирамидаларының құрылымдық бөлімшелерінің ұйымдастырушылары жауапкершілікке тартылды, – делінген хабарламада.