Метка: қаржы жымқыру

  • Олжас Бектенов Тоқаевқа әлеуметтік саладағы қаржы жымқыру фактілері туралы баяндады

    Олжас Бектенов Тоқаевқа әлеуметтік саладағы қаржы жымқыру фактілері туралы баяндады

    Үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік салада бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуы және жекелеген жағдайларда тікелей жымқыру фактілері туралы баяндады, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Оның айтуынша, мемлекет өзіне алған барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындап келеді. Алайда әлеуметтік төлемдердің көптігі, олардың бытыраңқылығы және бақылаудың жеткіліксіздігі шығындардың негізсіз өсуіне жағдай жасаған.

    Бұл жағдай бюджет қаражатының шашыраңқы жұмсалуына, тиімсіз пайдаланылуына және кейбір жағдайларда тікелей жымқыруға әкеп соққан. Соңғы екі жылда ғана 288 млрд теңге көлемінде тиімсіз шығындардың алдын алу мүмкін болған.

    Премьер-министр Мемлекет басшысының «Turkistan» газетіне берген сұхбатында және Ұлттық құрылтайдың V отырысында әлеуметтік саланы түбегейлі реформалау қажеттігі атап өтілгенін еске салды.

    Осыған байланысты Үкімет бірқатар шаралар қабылдап жатыр. Атап айтқанда, әлеуметтік көмектің бытыраңқы түрлері біріктіріліп, біріздендірілуде.

    Сонымен қатар білім беру қызметтерін көрсету процестері цифрландырылуда. Бұл білім беру нысандарын салудан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыруға дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды.

    Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметі Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау арқылы қайта форматталуда.

    Сондай-ақ көші-қон заңнамасындағы олқылықтар мен жекелеген санаттағы иммигранттарды қолдау тетіктері иждивеншілік көзқарастардың қалыптасуына ықпал еткені атап өтілді. 2025 жылдан бастап мемлекеттік қолдау тек еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аударатын азаматтарға селективті түрде көрсетіледі.

  • Түркістан облысында меджабдық сатып алу кезінде 115 млн теңгенің ұрлануы бойынша тергеу жүріп жатыр

    Түркістан облысында меджабдық сатып алу кезінде 115 млн теңгенің ұрлануы бойынша тергеу жүріп жатыр

    Қаржы мониторингі агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті медициналық жабдық сатып алу барысында бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізуде. Тергеу деректеріне сәйкес, МКК «Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының» бұрынғы бас дәрігері бір сатып алуды бірнеше шартқа бөлу арқылы қаржылық схеманы ұйымдастырған, деп хабарлайды Sona.kz afm_rk-ға сілтеме жасап.

    Схеманы жүзеге асыру үшін ол медициналық бұйымдарды жеткізу саласында тәжірибесі бар танысын тартқан. Ол жақындары мен таныстарының атына рәсімделген, өзі бақылауындағы коммерциялық ұйымдарды пайдаланған. Осы компаниялар атынан бағасы жоғары коммерциялық ұсыныстар дайындалған.

    Тергеу мәліметінше, жабдықты нақты жеткізуді басқа компания орындаған, алайда қабылдау актілері мен шарттар бақылаудағы фирмалар арқылы рәсімделген. Бюджеттен бөлінген ақша осы компаниялардың шоттарына түскеннен кейін күдіктілер қаражатты қолма-қол шығарып, өзара бөлген.

    Мемлекетке келтірілген шығын 115 млн теңгені құрады. Күдіктінің Астанадан сатып алған екі бөлмелі пәтеріне сот санкциясымен тыйым салынды. Бұрынғы бас дәрігерге бұлтартпау шарасы ретінде кепіл қолданылды, ал оның серіктесі үйқамақта. Өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.