Метка: Қасым-Жомарт Тоқаев

  • Ертең Бурабайда Ұлттық құрылтай өтеді

    Ертең Бурабайда Ұлттық құрылтай өтеді

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 14 наурыз күні Бурабайда өтетін Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысады.

    Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлім етті.

    Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салады.

    Айта кету керек, Ұлттық құрылтайдың бұған дейінгі отырыстары: 2022 жылы Ұлытауда,  2023 жылы Түркістанда,  2024 жылы Атырауда өтті.

     

  • Президент Абай облысының әкімі Берік Уәлиді қабылдады

    Президент Абай облысының әкімі Берік Уәлиді қабылдады

    Мемлекет басшысы Абай облысының әкімі Берік Уәлиді қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

    Президентке өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есеп беріліп, алдағы кезеңге арналған даму жоспары таныстырылды.

    Облыс әкімі жергілікті бюджеттің шығыс және кіріс бөлігіне жан-жақты талдау жүргізілгенін жеткізді. Соның нәтижесінде қаржыландырудың басым бағыттары анықталды. Ал үнемделген қаражат өзекті мәселелерді шешуге жұмсалады.

    Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2028 жылға дейін жүзеге асырылатын 24 инвестициялық жобаның тізімі жасақталғаны туралы баяндалды. Жалпы құны 2,2 триллион теңге болатын бұл бастамалар 8 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Оның ішінде алты жоба биыл іске қосылады.

    Берік Уәли облыстағы әлеуметтік нысандардың және коммуналдық инфрақұрылымның жай-күйі жөнінде мәлімет берді. Атап айтқанда, тұрғындардың сұранысына сай мектептер мен балабақшалар салу, мәдениет және денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, коммуналдық шаруашылық саласындағы қордаланған проблемаларды, әсіресе Семей қаласының осы бағыттағы мәселелерін шешу өте өзекті.

    «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 5 нысанның және оқушылар сарайының құрылысы қолға алынды. Облыс орталығындағы аспалы көпірді реконструкциялаудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, Ертіс өзені арқылы өтетін тағы бір көпір салынып жатыр. Осы ретте аспалы көпірдің жүктемесін азайтып, көлік нөпірін реттеу мақсатында Семей қаласында айналма жол салу мәселесі пысықталуда

    Мемлекет басшысы аймақтағы әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілуі тұрғындардың тұрмыс деңгейін арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ облыс әкіміне Үкіметпен бірге өңірді қарқынды дамыту жолдарын қарастырып, өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешуді тапсырды.

    Қасым-Жомарт Тоқаев өңдеу өнеркәсібін өркендету, жаңадан тұрақты жұмыс орындарын ашу, облыс орталығын абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту бағытында шаралар қабылдау қажет екеніне тоқталды. Сонымен қатар Абайдың 180 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шараларды лайықты деңгейде ұйымдастырудың маңызына назар аударды.

  • Президент мереке қарсаңында бірқатар әйелді мемлекеттік наградамен марапаттады

    Президент мереке қарсаңында бірқатар әйелді мемлекеттік наградамен марапаттады

    Тоқаев бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

    Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметке cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.

    Олардың қатарында:

    • 4 еңбек ардагері;
    • 19  жұмысшы маман мен кәсіпорын еңбеккерлері;
    • 14 денсаулық сақтау, білім беру, ғылым және мәдениет саласының қызметкерлері;
    • 6 кәсіпорын басшысы;
    • 3 қоғамдық ұйым өкілі;
    • 7 мемлекеттік қызметкер;
    • 6 құқық қорғау, арнаулы және бақылаушы органдарда, әскер қатарында еңбек ететін қызметкерлер бар.

    Бауыржан Момышұлы атындағы ІI дәрежелі «Айбын» орденімен

    • Айтмағамбетова Жұлдыз Рахымқызы – Мемлекеттік күзет қызметінің аға инспекторы
    • Ахметова Айман Рахмеджанқызы – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аса маңызды істер бойынша аға жедел уәкілі
    • Әбуева Анаргүл Аманжолқызы – Төтенше жағдайлар министрлігінің департамент бастығы
    • Канкина Құралай Темірболатқызы – Бас Прокурордың аға көмекшісі
    • Мұсатаева Балжан Төлеужанқызы – Қорғаныс министрлігі 44013 әскери бөлімінің взвод командирі;

     «Парасат» орденімен

    • Әбілдина Қарақат Түлкібайқызы – «Қарақат» мектеп-студиясының бас директоры, Астана қаласы;
    • Жексенбай Бибігүл Нұрғалиқызы – Парламент Сенатының депутаты
    • Құспан Айгүл Сайфоллақызы  – Парламент Мәжілісінің депутаты
    • Ноғайбаева Гүлдана Рахымбекқызы – Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Ә. Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясы» КМҚК әншісі-әртісі

     «Құрмет» орденімен

    • Абиева Раиса Леонидовна – «Абиев А.А.» ШҚ басшысы, Жетісу облысы
    • Ағыбаева Раиса Мұхамедиқызы – Астана қаласының ардагерлер кеңесі медиатобының төрағасы
    • Айтбаева Шолпан Сашкенқызы – еңбек ардагері, Астана қаласы
    • Әбдірайымова Тілеукүл Шайымқызы – Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы «Шу» өндірістік бөлімшесінің инженері
    • Әбенова Күлпаш Қайроллақызы – Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің «Ұлттық аккредиттеу орталығы» РМК жұмысқа тартылатын бағалаушысы
    • Әзімқұлова Әділет  Срадинқызы  – еңбек ардагері, Түркістан облысы
    • Гияги Роза Римовна – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Шымкент магистральдық желі бөлімшесі» филиалы Арыс жол дистанциясының диспетчері, Түркістан облысы
    • Егізбаева Сәуле Әбутәліпқызы –  «М. Шоқай атындағы № 187 ақпараттық технологиялар мектеп-лицейі (IT мектеп-лицейі)» КММ мұғалімі, Қызылорда облысы
    • Елеуова Қаракөз Темірбекқызы – еңбек ардагері, Алматы қаласы
    • Земляная Людмила Дмитриевна – «Жер су» ЖШС директоры, Шығыс Қазақстан облысы
    • Кәпенова Гүлмира Амангелдіқызы – «BESTKZ.KST» ЖШС басшысы, Қостанай қаласы
    • Қанапина Гүлнар Бекежанқызы – «Қазақстан Алюминийі» АҚ гидрометаллургы-аппаратшысы, Павлодар облысы
    • Қараева Бибігүл Атшыбайқызы – Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы бойынша білім бөлімінің «№ 14 жалпы білім беретін мектеп» КММ мұғалімі
    • Құрманғалиева Бикеш Қайдарқызы – «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС бас директоры
    • Молдашева Бағдашжан Қадыржанқызы – «Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі» МКҚК директоры, Ақтөбе облысы
    • Одинцова Маргарита Владимировна – Жоғарғы Соттың судьясы
    • Сағынтаева Аида Қыстаубайқызы  –  «Назарбаев университет» ДББҰ вице-провосты, Астана қаласы
    • Үмбеталина Марал Әбдірашқызы  – «Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы» МКҚК дәрігері, Шымкент қаласы
    • Хамитова Алмагүл Мәжитқызы –  «Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ директоры, Батыс Қазақстан облысы
    • Хорошаш Ғалия Нәсіболлақызы – «Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының ұлттық госпиталі» РМК дәрігері;

    III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен

    • Қамбарова Баянгүл Қожабергенқызы  – «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС филиалы «Қ. Сәтбаев атындағы «Жезқазғантүсмет» ӨБ электрмен дәнекерлеушісі
    • Мадимарова Анар Серікбайқызы – «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС шикіқұрамшысы, Жамбыл облысы
    • Нұрғалиева Зинагүл Әбенқызы – «Altyntau Kokshetau» АҚ шикіқұрамшысы, Көкшетау қаласы
    • Санқыбаева Бахытгүл Қуанышбайқызы –  «Ақ Жайық-7» ЖШС вагон жөндеу депосының кран машинисі, Атырау қаласы
    • Сәрсенова Ботагөз Ғабитқызы – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Павлодар магистральдық желі бөлімшесі» филиалы Ерейментау жол дистанциясының жол шебері;

     «Ерен еңбегі үшін» медалімен

    • Арпабаева Бибігүл Төлегенқызы – «Өскемен ЖЭО» ЖШС отын-көлік цехының аға жүк және багаж қабылдап-тапсырушысы
    • Әбелдинова Надежда Николайқызы – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) аса маңызды істер жөніндегі офицері
    • Бәкірова Қарлығаш  Тастанбекқызы – «№ 13 қалалық емхана» МКК дәрігері, Астана қаласы
    • Жамалиева Әлима Аманжолқызы  –  Ішкі істер министрлігі Астана қаласы полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі
    • Жолдыбаева Маржан Жолдыбайқызы  – «Кажсервис» ЖШС Қарағанды облыстық филиалының жол жұмысшысы
    • Игбаева Меруерт Асылханқызы – Сыртқы істер министрлігі департамент директорының орынбасары
    • Қожамсейітова Мақпал Қамашқызы – «Алматыэлектротранс» ЖШС троллейбус жүргізушісі, Алматы қаласы
    • Молдыбаева Гүлшарат Тоқанқызы – «Астана-АЭК» АҚ жедел-диспетчерлік қызметінің операторы
    • Русинова Ольга Владимировна – «Қазтелерадио» АҚ бөлім басшысы, Алматы қаласы
    • Сарымсақова Айна Абылайқызы –  Шымкент қаласы № 7 округтік сайлау комиссиясының төрағасы
    • Сәрсембаева Жанаркүл Оразалықызы  – «Almaty turmystyq tehnika zavody» ЖШС сапа инспекторы, Алматы облысы
    • Табергенова Айгүл Олжабайқызы – «Дара» қайырымдылық қоры «Ерте қолдау» жобасының жетекшісі, Астана қаласы
    • Тұрсынқанбетова Еркежан Саятқызы – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КҚ бас директорының орынбасары
    • Шек Наталья Анатольевна  – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бас маманы, Астана қаласы;

     «Шапағат» медалімен

    • Әлімбаева Динара Төлегенқызы – «Қарағанды қаласының № 2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ аға мейіргері
    • Әуренова Мәдина Дәулетханқызы – «DEMEY» оңалту және түзету орталығы» ҚБ төрағасы және негізін қалаушы, Шығыс Қазақстан облысы
    • Васина Светлана Станиславовна – «Moon-Ай» музыкалық дуэтінің қатысушысы, Астана қаласы
    • Жақыпова Жанар Бексұлтанқызы – «New Decision Group» ғылыми-зерттеу агенттігі» ЖШС басшысы, Алматы қаласы
    • Михеева Елена Валериевна – «Moon-Ай» музыкалық дуэтінің қатысушысы, Астана қаласы
    • Орынбаева Алтынай Романқызы – «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ бөлім бастығы
    • Уайысова Гүлмәрия Қажағалиқызы – Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы Жаңажол ауылдық округінің мал дәрігері наградталды.

     «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы

    • Аханова Бақытжан Омарғалиқызы –   Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының білім басқармасы «Балалар музыка мектебі» КМҚК директоры;

    «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы

    • Үкібасова Талшын Мұқадесқызы  – «University medical centre» корпоративтік қорының бас консультанты, Астана қаласы;

    «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» құрметті атағы

    • Шелудько Ольга Николаевна – Өнеркәсіп және құрылысы министрлігі «Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау» РМК Оңтүстік өңір бойынша филиалы Жамбыл облысы бойынша департаментінің сарапшысы;

    «Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері» құрметті атағы

    • Ерманова Майра Жұратбекқызы – «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС филиалы — «Жезқазғантүстімет» ӨБ №1, 2, 3 Жезқазған байыту фабрикаларының флотаторы, Жезқазған қаласы берілді.
  • Президент кеншілердің қазасына байланысты көңіл айтты

    Президент кеншілердің қазасына байланысты көңіл айтты

    Мемлекет басшысы Ұлытау облысында кеншілердің қаза табуына байланысты көңіл айтты.

    «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақмыс» корпорациясының Ұлытау облысындағы кенішінде тау массасының құлауы салдарынан қаза болған жұмысшылардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады», – делінген Ақорда хабарламасында.

    Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке төтенше жағдайдың мән-жайын мұқият тексеру жөнінде міндет жүктеді.

    Салалық ведомстволар мен өңір әкімдігіне марқұмдардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсету туралы тапсырма берілді.

  • Президенттен сөгіс алған Абай облысының әкімі Ұранхаев қызметінен кетті

    Президенттен сөгіс алған Абай облысының әкімі Ұранхаев қызметінен кетті

    Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлан Телманұлы Ұранхаев Абай облысының әкімі лауазымынан босатылды. Соған қарағанда, бұған оның қызметте өзін көрсете алмауы және сенім артқан президенттің көңілі толмауы себеп болса керек. 

    Еске сала кетсек, 2023 жылы 8 маусымда Абай облысындағы «Семей орманы» табиғи резерватында алапат өрт шықты. Өрт салдарынан 15 адам қаза тауып, 60 мың гектардан астам қарағайлы орман күлге айналып, Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды. Ең бастысы, мемлекет бюджетіне орасан шығын келді.

    Бас прокуратураның мәліметінше, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, сол кездегі Төтенше жағдайлар жөніндегі министр Юрий Ильин және Экология министрі Зүлфия Сүлейменова өртке байланысты қозғалған қылмыстық іс негізінде тергеуге шақырылды. Бірақ 15 адамның өмірін қиып, табиғатқа орасан зор залал келтірген өртке басты жауаптылар оңай құтылды. Олардың арасында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев та бар.

    Сол кезде президент Қ.Тоқаев Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жариялады.

    «Қателік көп. Шұғыл әрекеттің жетіспеуі, мәселеден сырт қалуыңыз осы апатқа әкелді. Өзіңіз де оқиға орнына кеш жеткеніңізді маған баяндадыңыз. Сондықтан  жергілікті атқарушы органның жұмысына көңілім толмайды. Түсінемін, облыс енді құрылды, сіз – жаңа әкімсіз. Осы себепті ғана сізге сөгіс жариялаймын.  Негізі, мұндай қателік үшін бірден қызметтен босату керек.

    Он төрт адамнан айырылып қалдық. Бұл не сізге, ойыншық па? Олар қызметтік борышын атқара жүріп қаза тапты. Қазір сіздің міндетіңіз – Үкіметпен бірге менің азаматтарға берген барлық уәдемнің орындалуын қадағалау. Сөз бен іс қабысу керек. Иә, мен көңіл айттым. Бірақ адамдарға нақты көмек көрсетілуге тиіс», – деген президент.

    Еңбек жолын Семей қаласындағы «Казпромтехмонтаж» трестінде монтажник-слесарь болып бастаған ол одан кейін шебер, прораб болған. Үш жылдан соң «Зергер» өндірістік-қаржылық корпорациясының бас директоры қызметін атқарған. 1994 жылы ол «Спартак» клубын сатып алып, атауын «Елім-ай» деп ауыстырды. Кейін бұл команда үш мәрте ел чемпионы атанғаны бар.

    Оның әрі қарайғы мансап баспалдағына шолу жасап көрейік:

    2010-2013 жылдары – Қызылорда облысы әкімінің орынбасары.
    2013-2014 жылдары – Семей қаласы гуманитарлық инновациялық заң университеті президентінің кеңесшісі.

    2014 ж. – ҚР тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі төрағасының орынбасары, Астана қаласы.

    2015-2017 жылдары – Ұлттық экономика министрлігінің «ҚазҚСҒЗИ» АҚ Бас директоры, Астана қаласы.

    2017-2018 жылдары – Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы.

    2019-2022 жылдары – Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы қызметін атқарып, 2020 жылдың маусымында Абай облысының әкімі болып тағайындалған еді.

    Алайда, жаңадан ашылған облысқа тағайындалған әкім ретінде тек сөгіс алумен шектелген Ұранхаев бәрібір міндетін тиісті деңгейде атқара алмаған сияқты. Сол кезде «Негізі мұндай нәрсе үшін бірден жұмыстан қуу керек», – деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылы қызметінен босатқанынан мән іздеудің де керегі жоқ шығар… Себебі, халық – басты төреші. 

  • Президент қосымша құн салығы мәселесін пысықтауды тапсырды

    Президент қосымша құн салығы мәселесін пысықтауды тапсырды

    Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды.

     – Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн. Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді.

    Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс. Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, қайталап айтамын, білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс. Бір анығы, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағдайда артық сөздер де айтылды.

    Дегенмен, бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын. Тағы қайталап айтамын, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керек. Биыл нақты шешім қабылдануға тиіс. Мен бұған дейін де айттым: Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

  • Аймақ, қала, аудан басшылары халықпен тікелей байланыста жұмыс істеуі қажет – Президент

    Аймақ, қала, аудан басшылары халықпен тікелей байланыста жұмыс істеуі қажет – Президент

    «Ақпараттық жұмыс уақтылы әрі сапалы жүргізілген жағдайда көптеген мәселені, соның ішінде қоғамда дүрбелең тудырған түйткілдерді ушықтырмай шешуге болатын еді. Сондықтан мұқият ойластырылған қоғамдық коммуникация стратегиясы қажет.

    Үкіметтің және әкімдердің қызметі өз халқымызға да, сыртқы әлемге де ашық әрі түсінікті болуы керек. Бірінші басшылар азаматтарды жеке қабылдауға тиіс. Бұл – өте маңызды. Әсіресе, аймақ, қала, аудан басшылары халықпен тікелей байланыста жұмыс істеуі қажет.

    Дегенмен мемлекет пен қоғамның серіктестігі азаматтарға да зор жауапкершілік жүктейді. Соңғы кезде заң үстемдігіне және қоғамдық тәртіптің сақталуына басымдық беру қажеттігі дамыған елдерде, тіпті, АҚШ-тың өзінде жиі айтыла бастады. Біз мұндай пайымға әлдеқашан келгенбіз.

    «Заң мен тәртіп» қағидасы халықтың санасына терең орнығуға тиіс. Ол үшін кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидасын берік ұстану қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық деңгейде ұйымдастырылуы керек. Мұны, әсіресе, аймақ әкімдері мықтап қолға алғаны жөн. Бірақ шектеулер мен айыппұлдарға қатысты мемлекеттің де, қоғам белсенділерінің де ұстанымы көңілге қонымды болуға тиіс.

    Мәжбүрлеу шаралары болмаса, тәртіп орнату мүмкін емес екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан мемлекеттің іс-әрекеттеріне түсіністікпен қараған жөн. Бұл орайда диалог арқылы қоғамдық келісімге келу керек. Қалай десек те, мемлекет заң тәртібін қамтамасыз ету үшін қабылдайтын шаралар өз елін күстәналауға себеп болмауға тиіс.

    Кейбір азаматтар елімізді мазақ қылуға әуестеніп барады. Мысалы, өзге елдердің өкілдері жоқ жерден «керемет жетістіктерді, табыстарды» тауып алып, оны шетелге жан-жақты насихаттап жатады. Ал біздің азаматтар, олардың ішінде шоу-бизнес өкілдері, өзін өзі «қоғам белсендісі» санайтын жастар, тіпті, депутаттар да бар, Қазақстанға неше түрлі лақап ат қоятын болды. Бұл енді мүлдем түсініксіз, ақылға сыймайтын нәрсе»

  • Президент банктерге шүйлікті

    Президент банктерге шүйлікті

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында екінші деңгейлі банктер ел экономикасына көмектесуі керек екенін айтты. (далее…)

  • АЭС құрылысын тездету қажет – Мемлекет басшысы

    АЭС құрылысын тездету қажет – Мемлекет басшысы

    Энергия тапшылығы артып келеді. Сондықтан алғашқы Атом электр стансасының құрылысын тездету қажет. Жалпы елімізде ядролық кластер құру ісін қолға алу керек. Бұл еліміздің болашақта ойдағыдай дамуына қатысты аса маңызды міндет, – деді Мемлекет басшысы Үкіметтің бүгінгі кеңейтілген отырысында.

    Сонымен бірге, Президент Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, атом саласын дамытудың ұзақ мерзімге арналған жоспарын әзірлеуді тапсырды.

    «Нақты нәтиже керек. Жан-жақты талдау жүргізіп, атом электр стансаларын салуға барынша қолайлы жерлерді, сондай-ақ заманауи және қауіпсіз технологияларды анықтау қажет. Үкімет пен Парламент екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажет екені жөнінде маған ұсыныс беруі керек. Бірақ атап өткім келеді: елімізге ядролық қуат керек, онсыз Қазақстан келешекте ойдағыдай дами алмайды. Қуат дегеніміз – бүкіл экономиканың дамуы деген сөз. Екіншіден, қуат жеткілікті болса, барлық аймақтар гүлденіп, өркендей түседі, халықтың тұрмысы жақсарады. Бұл – айдан анық», – деді Мемлекет басшысы.

  • Тоқаев бюджет қаражатын үнемдеуді тапсырды

    Тоқаев бюджет қаражатын үнемдеуді тапсырды

    Мемлекет басшысы мемлекеттік аппараттағылар күрделі кезеңдегі мәселелерді нақты шешу керегін ескертті.

    «Мен реформалардың нақты бағыты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы осыған дейін де айттым. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс. Бұл – жоғары білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мемлекеттік қызметшілердің қолынан келетін жұмыс. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінеді. Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды аңдап басу қажет», – деді Тоқаев.