Метка: Қайрат Боранбаев

  • Қонаевтағы апатты жағдайлар толық бақылауда

    Қонаевтағы апатты жағдайлар толық бақылауда

    Қонаев қаласында 11 желтоқсаннан 12 желтоқсанға қараған түні секундына 23–25 метрге дейін жеткен қатты боран салдарынан 30-дан астам апатты жағдай тіркелді. Табиғи құбылыстың салдары қала инфрақұрылымына әсер етіп, бірқатар нысандарда уақытша іркілістер орын алды. Бұл туралы бұған дейін хабарланған болатын.

    Қала әкімі Асхат Бердіханов аппараттық жиын өткізіп, өзінің орынбасарларына, бөлімдер мен коммуналдық қызмет көрсетуші мекемелердің басшыларына, «АлатауЖарықКомпаниясы» АҚ өкілдеріне, сондай-ақ Төтенше жағдайлар басқармасының, денсаулық сақтау саласының мамандарына апат салдарын қысқа мерзімде жою жөнінде нақты тапсырмалар берді.

    Қазіргі уақытта барлық оқиға бойынша себеп-салдар талданып, келтірілген шығындар есептеліп жатыр.

    Бүгінгі таңда қала аумағында зақымданған конструкцияларды қалпына келтіру, электр желілерін жөндеу, құлаған ағаштарды тазалау, қоқыс шығару, қауіпті шатырларды тексеру жұмыстары жүріп жатыр.

    Тұрғындар тарапынан жылу мәселесіне қатысты өтінімдер түскен. Осыған байланысты «Жылу Орталығы» мекемесінің мамандары түсініктеме берді. Олардың айтуынша, түнгі уақытта электр энергиясының 10–15 минутқа өшуі салдарынан ыстық су салқындап кеткен. Қазіргі таңда жылу жүйесі қалыпты, штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Тек ыстық судың қаладағы барлық нысандар мен тұрғын үйлерді толық айналып шығуына белгілі бір уақыт қажет.

    Ал «Қарлығаш» шағынауданында ауыз су беру уақытша тоқтатылған. Бұл аумақта сорғы қондырғыларын электрмен қамтамасыз ететін желілер жөнделіп жатыр.

    Қала әкімінің тапсырмасымен апат салдарын жою жұмыстарын үйлестіру үшін екі жедел штаб құрылған. Олар тұрғындардан келіп түскен өтінімдерді қабылдап, әрбір мәселе бойынша тиісті қызметтердің жедел әрекет етуін қамтамасыз етуде.

    Бұдан бөлек, тұрғындарды үздіксіз ақпараттандыру мақсатында WhatsApp желісіндегі 109 және Қонаев әкімдігінің ресми тобы тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Коммуналдық қызмет көрсетуші компаниялар күшейтілген режимде қызмет етуде.

    Қазгидрометтің мәліметінше, қалада 12 желтоқсан күні де 15-20 м/сек боран соғады деп күтілуде. Тұрғындардан сақтық шараларын сақтауды сұраймыз.
    ___

  • Қайрат Боранбаевқа тиесілі компания «Самұрық-Қазынаға» өтті

    Қайрат Боранбаевқа тиесілі компания «Самұрық-Қазынаға» өтті

    Бұрын бизнесмен Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған «АзияГаз Чунджа» ЖШС «Самұрық-Қазына» қорына өтті. «Самұрық-Қазына» АҚ «АзияГаз Чунджа» ЖШС жарғылық капиталындағы 100% қатысу үлесін сатып алған. «Самұрық-Қазына газ тарату компаниясына осы жылдың 30 қыркүйегінен иелік ете бастаған. Бұл туралы Қазақстанның қор биржасы мәлімдеді.

    Айта кетері, «АзияГаз Чунджа» тауарлық газды тасымалдау және сатумен айналысады. Былтыр күзде Қайрат Боранбаевтың осы компаниясы мемлекет меншігіне өткен еді. Бизнесмен тергеу барысында компанияны мемлекетке өз еркімен берген.

    Қайрат Боранбаев – қазақстандық кәсіпкер, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы құдасы. Былтыр Боранбаев ресейлік газ импорты кезінде ақша жымқырғаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда кейін сот жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеу түріне ауыстырып, 2023 жылғы 6 қарашада Боранбаев түрмеден босап шықты.