Метка: Қазақстан футбол федерациясы

  • Черчесов орнынан кетпейді – ҚФФ мәлімдеме жасады

    Черчесов орнынан кетпейді – ҚФФ мәлімдеме жасады

    Федерация мәліметінше, Станислав Черчесовтің қызметінен кетуі туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ақпарат шындыққа жанаспайды.

    «Қазіргі таңда Станислав Черчесов Ұлттық құраманың бас бапкері қызметін жалғастырып, Қазақстан футбол федерациясымен келісімшарт бойынша жұмыс істейді. Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі тек ресми ақпарат көзіне, федерацияның ресми сайты мен әлеуметтік желілерінде жарияланған ақпаратқа сенуге шақырады», – делінген федерация хабарламасында.

    Айта кетейік, осыған дейін Станислав Черчесовтің жұмысынан кетуі мүмкін екендігі айтылған еді.

  • Берік Имашевтің күйеубаласы Қазақстан футбол федерациясын басқарады

    Берік Имашевтің күйеубаласы Қазақстан футбол федерациясын басқарады

    Үміткерлер қатарында Марат Омаровтан басқа Ербол Қайыров, Алтай Даумов болды. Соңғы сәтте Давид Лория үміткерліктен өз еркімен бас тартқан болатын. Айта кетейік, Марат Омаровтың кандидатурасын Астана футбол федерациясынан ұсынды. Ол 34 дауыс жинап алға шыққан, Омаров қарсыластары Алтай Даумовты 2 дауысқа және Ербол Қайыров 1 дауысқа артта қалдырды.

    Сонымен қатар, Марат Омаров орталық сайлау комиссиясының бұрынғы төрағасы Берік Имашевтің күйеу баласы. Ал Имашев Дариға Назарбаеваның құдасы, сондай-ақ Имашев бессайыс федерациясының президенті.

    Марат Талғатұлы Омаров 1988 жылы туған. 2010 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша британдық Йорк университетін «философия, саясаттану, экономика» мамандығы бойынша, 2011 жылы әлеуметтік ғылымдар магистрі дәрежесі беріле отырып, Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебін (LSE) бітірді.

    Мансабы:

    2012-2014 жылдары – Экономикалық даму және сауда, кейіннен- Экономика және бюджеттік жоспарлау, Ұлттық экономика министрінің кеңесшісі.

    2014-2016 жылдары – ҚР Ұлттық экономика министрлігінің тарифтік және институционалдық саясатты қалыптастыру департаменті директорының орынбасары.

    2016-2017 жылдары – «Қазақтелеком» АҚ-ның басқарушы директоры.

    2017-2019 жылдары – «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ Басқарма төрағасы, трансформациядан кейін – «QazTech Ventures» АҚ Басқарма төрағасы («Бәйтерек «ҰБХ» АҚ құрылымына кіреді).

    2019 жылдан бастап 2020 жылғы қазанға дейін – «Бәйтерек «ҰБХ» АҚ басқарушы директоры – Басқарма мүшесі. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі.

    2020 жылғы қазаннан 2022 жылғы тамызға дейін – ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.

    2022 жылғы 16 тамызда ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы лауазымына тағайындалды.

  • Бұрынғы спорт министрі футбол федерациясын басқаруы мүмкін

    Бұрынғы спорт министрі футбол федерациясын басқаруы мүмкін

    Бұрынғы спорт министрі Ермек Маржықпаев Қазақстан футбол федерациясының президенті болып тағайындалады деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

    «Қазақстан футбол федерациясының президенті лауазымына менің кандидатурамды ұсыну бойынша ақпаратқа түсініктеме беріп өтейін. Менің бұл қызметті атқаруға еш жоспарым жоқ.

    Сіздер сияқты мен де футбол жанашырмын. Сондықтан да бұл №1 спортта біздің ұлы жеңістеріміз әлі алда екеніне сенімдімін», – дейді Ермек Маржықпаев.

    Еске салайық, бұған дейін футбол федерациясы Әділет Бәрменқұловтың қызметінен кеткенін растаған болатын.

    8 қарашада Қазақстан футбол федерациясында өткен жиында Әділет Бәрменқұлов ҚФФ басшысы қызметінен кететінін мәлімдеді. Жарғыға сәйкес, жаңа президент КФФ-ның кезектен тыс конференциясында сайланады, оның күні әлі белгіленген жоқ.

  • Әділет Бәрменқұлов Қазақстан футбол федерациясының президенті қызметінен кетеді

    Әділет Бәрменқұлов Қазақстан футбол федерациясының президенті қызметінен кетеді

    Бұл туралы ақпарат алдымен Meta-ratings.kz таратқан. Бұл ақпаратқа қарағанда, Бәрменқұлов кететінін өзі айтқан.

    Жаңа басшылыққа бұрынғы ҚФФ басшысы Әділбек Жақсыбеков тағайындалуы мүмкін деген ақпарат бар, – деп жазады спорт журналисі Ермұхамет Мәулен.

    Бұған дейін федерация басшысы болған Әділет Бәрменқұлов шектен шыққан Черчесовке айыппұл салынғанын айтқан еді.