Метка: ҚМА

  • ҚМА деректерді ұрлау үшін SMS-бластерлерді пайдаланған қылмыстық топтың жолын кесті

    ҚМА деректерді ұрлау үшін SMS-бластерлерді пайдаланған қылмыстық топтың жолын кесті

    ТМД аумағында алғаш рет байланыс станцияларының жұмысына имитация жасайтын «SMS-бластер» құрылғысын пайдалану схемасы жойылды. Бұл жабдық операторлардың қорғаныс сүзгілерін айналып өтіп, 300 метр радиуста сағатына 100 мыңға дейін хабарлама жіберуге мүмкіндік берген.

    Қылмыскерлер адамдар көп жиналатын жерлерде автокөлікпен жүріп, Beeline және Halyk Bank атынан хабарламалар таратқан. Пайдаланушыларға бонустарды айырбастау үшін сілтеме бойынша өту ұсынылып, кейін фишингтік ресурстарда жеке мәліметтер мен банк карталарының деректері сұралған. Қазіргі уақытта төрт күдікті ұсталып, қамауға алынды.

    ҚМА азаматтарды тек ресми ақпарат көздерін пайдалануға және тексерілмеген ресурстарда құпия мәліметтерді енгізбеуге шақырады.

  • Көкшетаудағы инженерлік желілер жыры: Қаржылық мониторинг агенттігі 160 миллион теңге ұрланғанын анықтады

    Көкшетаудағы инженерлік желілер жыры: Қаржылық мониторинг агенттігі 160 миллион теңге ұрланғанын анықтады

    Ақмола облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті Көкшетау қаласындағы инженерлік желілер мен абаттандыру нысандарының құрылысына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша ауқымды тергеу жүргізуде. Мәселе 2020 жылы Көкшетау қалалық құрылыс бөлімі мен «TAU PROJEKT» және «СЭМ-СтройЭнергоМонтаж» ЖШС арасында жасалған келісімшарттарға қатысты болып отыр.

    Тергеу мәліметтері бойынша, мердігер ұйымдардың бенефициары орындалмаған немесе ішінара ғана атқарылған жұмыстар туралы жалған мәліметтерді қабылдау құжаттарына енгізу арқылы жұмыс көлемін асыра көрсетуді ұйымдастырған. Іс жүзінде су бұру жүйесінің негізін қалау, арық блоктарын орнату және кәріздік-сорғы станциясын жеткізу сияқты маңызды жұмыстар мүлдем атқарылмаған.

    Осы заңсыздықтарға қарамастан, Көкшетау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы жұмыстардың жобалық шешімдерге сәйкес келмейтінін біле тұра, жалған актілерге қол қойып, қаржыландыруды тоқтатудың орнына бюджет ақшасын мердігерге аударып отырған. Кейіннен бұл қаражатты заңдастыру мақсатында «MAZHERUS» және «Tamila Invest» секілді бақылаудағы кәсіпорындар арқылы қайта бөлінген. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 160 миллион теңгеден асып жығылды. Қазіргі уақытта сот санкциясымен күдіктілердің 10 автокөлігі, 3 жер учаскесі мен пәтері қамауға алынды. Күдіктілерге қатысты күзетпен ұстау және үйқамақ түріндегі бұлтартпау шаралары таңдалды.

    Тергеу жалғасуда, ал өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

  • Түркістан облысында заңсыз снюс өндірген цехтар әшкереленді

    Түркістан облысында заңсыз снюс өндірген цехтар әшкереленді

    Операцияны Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі жүргізді. Ведомство мәліметінше, Келес және Ордабасы аудандары аумағында жұмыс істеген үш жасырын цехтың қызметі әшкереленіп, тоқтатылған.

    Заңсыз өндіріс 500 шаршы метрден астам аумақта ұйымдастырылған. Күн сайын цехтарда шамамен 20 адам жұмыс істеген. Дайын өнім еліміздің түрлі өңірлеріне жүйелі түрде жөнелтіліп отырған.

    Тінту барысында заңсыз айналымнан 1 миллионнан астам дайын снюс бірлігі, 30 тонна табак, шамамен 2 миллион қаптама, хош иістендіргіштер, улы химиялық қоспалар және арнайы өндірістік жабдықтар тәркіленді.

    Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

  • ҚМА Қамза Қайсар Бақытжанұлын халықаралық іздеуге жариялады

    ҚМА Қамза Қайсар Бақытжанұлын халықаралық іздеуге жариялады

    Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) 1995 жылғы 18 қыркүйекте туған, ҚР азаматы Қамза Қайсар Бақытжанұлын халықаралық іздеуге жариялады, деп хабарлайды Sona.kz afm.kz-ке сілтеме жасап.

    Сот санкциясымен оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.

    Ол заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікке ілінген.

    ҚМА мәліметінше, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Қамза Қ.Б.-ның шамамен бес жыл бойы Instagram әлеуметтік желісінде qais_arr атауымен (2,4 млн-нан астам жазылушы) белсенді блогерлік қызмет жүргізгені, сондай-ақ Telegram желісіндегі «Қора энтертейнмэнт» атты жабық арнаны (368 мыңға жуық жазылушы) басқарғаны анықталған.

    Күдікті жеке әлеуметтік желідегі аккаунттары арқылы Қазақстан азаматтарын Pinco онлайн-казиносына тіркелуге және құмар ойындарға қатысуға шақыратын бейнематериалдар мен жарияланымдарды жүйелі түрде орналастырып отырған. Материалдарда тікелей сілтемелер, графикалық элементтер және пайдаланушыларға бонус беретін жеке промокод көрсетілген.

    Аталған әрекеттер онлайн-игорлық платформаны жарнамалауға және азаматтарды құмар ойындарға тартуға бағытталған. Бұл күдіктіге сыйақылар, бонустар және ойын платформасынан пайыздық аударымдар түрінде заңсыз табыс алуға мүмкіндік берген.

    Қылмыстық табыстарды жасыру мақсатында интернет-казино ұйымдастырушыларынан қаражат түскен криптоәмиян пайдаланылған.

    Сот санкциясымен 182 736,741 USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды.

    ҚМА Қамза Қайсар Бақытжанұлының жүрген жері туралы қандай да бір ақпарат белгілі болған жағдайда, уәкілетті органдарға хабарлауды сұрайды.

  • 200 млн теңгеден астам зиян: жәрдемақыны заңсыз рәсімдеу схемасы анықталды

    200 млн теңгеден астам зиян: жәрдемақыны заңсыз рәсімдеу схемасы анықталды

    Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) Павлодар облысы бойынша департаменті жүкті әйелдерге әлеуметтік төлемдерді заңсыз рәсімдеуге бағытталған схеманы анықтады, деп хабарлайды Sona.kz afm.rk-ға сілтеме жасап.

    Тергеу материалдарына сәйкес, Мемлекеттік әлеуметтік төлемдер орталығының (МӘТЦ) бөлім басшысы кәсіби білімін пайдаланып, өз схемаcын іске асыру үшін жақын туысын — бухгалтерді тартқан. Бухгалтер бірнеше жеке кәсіпкердің электронды цифрлық қолтаңбаларына қол жеткізе алған.

    Ол кәсіпкерлердің рұқсатынсыз жалған еңбек шарттарын, қабылдау туралы бұйрықтарды, есеп айырысу ведомостарын және өзге де құжаттарды рәсімдеген. Қосымша бірнеше танысы жалдап алынып, олар жүкті әйелдерді тауып, рәсімдеудің заңды екеніне сендірумен айналысқан.

    Жалған мәліметтер негізінде уәкілетті органдар әлеуметтік төлемдер тағайындаған. Алынған қаражат күдіктілер арасында бөлініп отырған.

    Агенттіктің мәліметінше, 13 жеке кәсіпкердің атынан 50-ден астам жүкті әйелге 6 млн теңгеге дейін асыра көрсетілген жәрдемақы төленген. Мемлекетке келген шығын 200 млн теңгеден асты.

    Сот санкциясымен күдіктілердің үш автокөлігіне тыйым салынды. Тергеу жалғасып жатыр.

    Ведомство тергеудің өзге деректері Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайтынын атап өтті.

  • Өскеменде жол жөндеуге бөлінген 120 млн теңге ұрланды деген

    Өскеменде жол жөндеуге бөлінген 120 млн теңге ұрланды деген

    Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қаржылық мониторинг агентігі «Таза Өскемен» ШЖҚ КМК бұрынғы басшылығына қатысты бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Sona.kz  Қаржылық мониторинг агентігіне сілтеме жасап.

    Күдіктілер қатарында бұрынғы директор, оның орынбасары және жеке кәсіпкер бар. Тергеу мәліметінше, олар 2022–2023 жылдары қызметтік өкілеттіктерін пайдаланып, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбей, бюджет қаражатын өздерімен байланысы бар компанияларға аударып отырған.

    Заңсыз сызбаның мәні — жалған құжаттар арқылы битум, құм сатып алу, су соруға арналған арнайы техника мен орнатылған аялдамаларға материалдар алу жөнінде мәліметтерді рәсімдеу болған.

    Алынған қаражат кейін жеке кәсіпкер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, қатысушылар арасында бөлінген.

    Залалдың жалпы сомасы — 120 млн теңгеден асты.

    Тергеу барысында күдіктілердің заңсыз табысқа алған мүлкі — элиталық пәтер, BMW X6M және Subaru Forester автокөліктері, жер телімдері — тәркіленіп, сот санкциясымен тұтқындалды.

    Кәсіпорынның бұрынғы директоры 2 айға қамауға алынды.
    Тергеу жалғасып жатыр.

  • ҚМА: “Актив Маркет” клиенттері өсім төлемеуге құқылы

    ҚМА: “Актив Маркет” клиенттері өсім төлемеуге құқылы

    «Актив» және «Актив Маркет» желісіне қарасты ломбардтар мен микроқаржылық ұйымдардың қызметінен зардап шеккен азаматтарға Қаржы мониторингі агенттігіне жүгіну ұсынылды. Бұл туралы агенттік төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Елемесовтің айтуынша, тексерулер Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатыр.

    «Азаматтарды қаржылық тәуелділікке итермелейтін тұлғаларға қатысты жүйелі тексерулер басталды. Қазіргі таңда 17-ден астам қылмыстық іс тіркелген, келтірілген залал көлемі 400 миллиард теңгеден асады, 400 мыңнан астам адам зардап шеккен», — деді ол.

    Аталған істердің қатарында «Актив» және «Актив Маркет» ломбардтарына қатысты тергеулер де бар. Алматы қаласында бірқатар микроқаржылық ұйымдардың заңсыз әрекеттері анықталған — олар Ұлттық банк белгілеген шектен асып, жоғары пайызбен несие берген.

    «“Актив Маркет” ұйымының тиісті лицензиясы жоқ. Сондықтан бұл сомаларды төлеудің қажеті жоқ. Азаматтар пайыз төлемей-ақ агенттікке жүгініп, шарттардың жарамсыз екенін дәлелдейтін құжат ала алады», — деді Елемесов.

    Оның айтуынша, кейбір азаматтар өз мүлкін қайтарып ала алады.

    «Пайызбен қарыз алған және зардап шеккендердің тізіміне енген азаматтар өз заттарын қайтара алады. Ол заттар “Актив Маркетте” тұр, себебі тергеу барысында тәркіленбеген. Бұл ретте пайыз төлеудің қажеті жоқ», — деді ол.

    Алайда мүлкін комиссия арқылы өткізген және төлем жасамаған азаматтар өз бұйымдарын қайтара алмайды, себебі компанияның негізгі қызметі — комиссиялық сауда болған.

  • ҚМА «СК-Фармация» компаниясына қатысты іс тергеуде

    ҚМА «СК-Фармация» компаниясына қатысты іс тергеуде

    Қаржы мониторингі агенттігі «СК-Фармация» компаниясына қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуде, деп хабарлайды Sona.kz Nur.kz- ке сілтеме жасап.

    Агенттік төрағасының орынбасары Женис Елемесовтың айтуынша, тергеу қазір белсенді кезеңде.

    «Бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша іс қозғалды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды», — деді ол.

    «СК-Фармация» — Қазақстан бойынша дәрі-дәрмек сатып алу және таратумен айналысатын бірыңғай дистрибьютор.