Метка: Қолайсыз ауа райы

  • Еліміздің бірнеше өңірінде екінші ауысымдағы сыныптар онлайн оқиды

    Еліміздің бірнеше өңірінде екінші ауысымдағы сыныптар онлайн оқиды

    Астанада қатты аяз бен боран салдарынан барлық сынып оқушысының ғана емес, 9-сынып базасындағы колледждердің 1-2 курсының студенттерінің де сабақтары тоқтатылды. Олардың барлығы қашықтан оқыту форматына көшірілді.

    Қостанай облысының оқушылары да онлайн форматқа ауысты. Алайда, Астанамен салыстырғанда екінші ауысымда үйден тек бастауыш сынып оқушылары ғана оқиды. Қостанай қаласының білім бөлімінен хабарлағандай, екінші ауысымдағы 0-4 сынып оқушылары қашықтан оқытуға көшіріледі. Сондай-ақ облыста Ұзынкөл ауданының 6 мектебі екінші ауысымға көшеді.

    Қарағанды облысында аязға байланысты 0-11 сынып оқушылары үшін сабақтар тоқтатылды. Өңірдің барлық оқушысы қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.

    Павлодарда да ауа райының қолайсыздығы байқалады. Нәтижесінде қалада мектепке дейінгі мекемеге баратын балалар, екінші ауысымдағы 1-4 сынып оқушылары үйлерінде қалады. Қалған оқушылар штаттық режимде оқиды.

    Екібастұзда білім бөлімінің шешімімен 0-9 сынып оқушылары қашықтықтан оқыту форматына көшірілді. Екінші ауысымда оқитын жоғары сынып оқушылары мектепке барады.

    Көкшетауда екінші ауысымда оқитын 0-9 сынып оқушылары үйлерінде қалады, ал 10 және 11 сынып оқушылары үшін сабақ штаттық режимде, мектепте өтеді.

  • Жамбыл облысында 18 ауылда жарық сөніп, мыңнан аса көлік жолда қалды

    Жамбыл облысында 18 ауылда жарық сөніп, мыңнан аса көлік жолда қалды

    Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев ауа райының қолайсыз болуына байланысты тұрғындарға үндеу жасады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

    «Жабық аумақтарда 627 жүк және 573 жеңіл автомобиль, сондай-ақ, 15 жолаушылар автобусы (200 адам, оның ішінде 10 бала) жиналған.  Жолда қалған жүргізушілер мен жолаушыларға барлық қажетті көмек көрсетілуде. Олар ыстық тамақ пен сусынмен қамтамасыз етілуде. Бұл шараларға барлығы 71 қызметкер мен 45 бірлік техника жұмылдырылды. Шақпақ ата, Б.Момышұлы, Нұрлыкент, Айша бибі ауылдарында 6 жылыту пункті ашылды. Оларға орналасуға ешқандай өтініш түспеді. Сағат 12: 00-де Жамбыл ауданы Айша бибі ауылынан 10 автобуспен жолаушыларды Тараз қаласының темір жол вокзалына жеткізу ұйымдастырылды. Қиын жағдайға тап болған 377 жолаушы жедел түрде темір жол қатынасымен тиісті бағыттарға жөнелтілді», – деп жазды әкім.

    Жуалы ауданында бүгін қатты желдің салдарынан 18 елді мекенде электр желісінде апат болып, жарық сөндірілген. Қалпына келтіру жұмыстарына «ЖЭС» ЖШС  тарапынан тиісті мамандар жұмылдырылуда.

  • Абай облысында боранға байланысты көлік қозғалысы шектелді

    Абай облысында боранға байланысты көлік қозғалысы шектелді

    Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, боран соғып, жолдың дұрыс көрінбеуіне байланысты екі учаскеде көлік қозғалысына тыйым салынды.

    «Атап айтқанда, «Мақаншы – Жалаңашкөл» тасжолының 0-133 шақырымы, «Мақаншы – Үшарал» тасжолының 0-48 шақырымы көліктің барлық түрі үшін жабық тұр. Жүргізушілерден сақтық шараларын қаперде ұстауды және бұл ақпаратты жол жүру жоспарында ескеруді сұраймыз», — деп хабарлады ведомство өкілдері.

    Осы ретте, полицейлер жабық жол учаскесімен жүріп кеткен жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертті.