Метка: Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов

  • Жағажайдағы ескі-құсқының көзін жоятын кез келді – Асхат Бердіханов

    Жағажайдағы ескі-құсқының көзін жоятын кез келді – Асхат Бердіханов

    Қонаевтағы 6,7-ші жағажайларды жаңартып, жаңғыртатын уақыт келді. Бұл туралы кәсіпкерлермен кездескен қала әкімі Асхат Бердіханов айтты.

    Баршаға мәлім, 2024 жылы №5 жағажай қолданысқа берілді. Қазір «Фридом финанс» компаниясы 1 шақырым жағажайды абаттандырып жатыр. Құрылысы жақын арада аяқталады деп жоспарланған. Сондай-ақ құрылыс жұмыстары №8 жағажайда да жүріп жатыр. Алдағы уақытта 5 шақырымнан астам жағажайды абаттандыру, Солтүстік жағажайларды да кезең-кезеңімен дамыту көзделуде.

    Енді жуық арада 6,7-ші жағажайды абаттандырып, қолданысқа беру қажеттілігі туындап отыр. Себебі, шомылу маусымында осы қалалық жағажайға келіп, демалатын адамдардың саны басқа орындармен салыстырғанда айтарлықтай көп. Туризмді дамыту, демалушыларға қолайлы орта құру, қызмет көрсету сапасын жоғарылату – әкімдіктің басты міндеттерінің бірі. Жағажайды абаттандыру – инвестициялық тартымдылықты арттыру, облыс орталығының сәулеттік келбетін жақсарту үшін де таптырмас мүмкіндік.

    Мұндағы бизнес орындарының қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді: қираған темір жабдықтар, қоқыс толған аумақтар, тапшандар.

    Бұған дейін бірнеше жыл қатарынан мұнда 42 кәсіпкер қызмет еткен. Олар коммуналдық мемлекеттік мекемемен келісімшартқа отырып, арзан бағада бизнес орындарын жалға алып әрі ағымдағы жөндеу ғана жасап отырған. Енді ол заман келмеске кетті, – дейді әкім.

    Мәселені түбегейлі шешу үшін әкімдіктің дөңгелек үстелінде «Қонаев әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның өкілдері, бөлім басшылары, кәсіпкерлер жиналды.

    «Жыл басында аумағы 7,5706 гектар жағажай«Қонаев әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ға 10 жылға уақытша пайдалануға берілді. Енді корпорация жағажайды жаңғыртуға белсене кіріспек ниетте», — деді Асхат Бердіханов.

    Ал корпорация мамандары кәсіпкерлерге керемет мүмкіндіктер ұсынды:

    1. Егер құрылыс корпорация қаржысына ғана жүргізілсе, абаттандыру толық аяқталған соң, сенімгерлік басқарушы компания бизнес орындарын жалға алуға конкурс өткізеді. Оған кез келген кәсіпкер қатысуына болады;

    2. Егер құрылысқа кәсіпкерлер өздері қаржы құйса, нысанды бірден бірнеше жыл жалға алуға мүмкіндік қарастырылады.

    Кәсіпкерлер әлі де бұл мәселені талқылау қажеттілігін жеткізді. Олар құрылыстың қымбатқа соғатынын алға тартты.

    «Жағажайды жөндеуге инвестор тартсақ, жаңа жұмыс орындары құрылғанымен, басқа кәсіпкерлердің жұмысы тоқтап қалады. Сондықтан шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау мақсатында «Қонаев ӘКК» АҚ-мен серіктес болуға шешім қабылдадық», — деді әкім.

    Сонымен қатар ол былтыр шомылу маусымында қалаға 1,5 млн демалушы келгенін айтты.

    «Биыл көрсеткішті жоғарылату қажет. Ол үшін жағалауларды заманауи әрі көрікті етсек артық болмайды», — деді Асхат Бердіханов сөзін қорытындылап.

    Аталған мәселеге байланысты қосымша ақпараттар алдағы уақытта жарияланатын болады.

  • Биыл Қонаевтағы бірқатар саяжайға шағынаудан статусы беріледі

    Биыл Қонаевтағы бірқатар саяжайға шағынаудан статусы беріледі

    Оның сөзінше, былтыр Строительная саяжайына шағынаудан статусы беріліп, атауы Құрылысшы болып өзгертілді. Мұнда бірқатар жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, шағынауданның электр желілері толығымен «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ иелігіне өтті. Нәтижесінде халық табиғи монополияларды реттеу департаментімен бекітілген тариф бойынша электр энергиясына ақы төлеп отыр.

    Сондай-ақ бұл шағынауданға ауыз су және кәріз суы құбырларын тарту үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша көшені жарықтандыру бағаналары ауыстырылып, футбол алаңы салынуда. Бұл өз кезегінде ыңғайлы қалалық ортаны құрып, балалар мен жасөспірімдердің уақытын тиімді пайдалануға септігін тигізеді.

    Шаһар басшысының мәліметінше, биыл бірнеше саяжайға шағынаудан статусын беру жоспарланған. Бүгінгі таңда Құрылысшы шағынауданының тәжірибесіне сүйене отырып, 7-ші саяжайдағы трансформаторлар мен электр желілерін ТҮКШ бөліміне өткізу процесі жүріп жатыр. Бұл іс-шаралардан соң желілер «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ға сенімгерлік басқаруға беріледі. Аталған компания күтіп ұстауға жауапты болады. Нәтижесінде жарықтың жиі өшуі мәселесі шешіледі деп күтілуде.

    Бұдан бөлек, Қонаев қаласының Кешенді даму жоспарына сәйкес, барлық саяжайларды газдандыру үшін жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатыр.

    Асхат Бердіханов Бас жоспарға қатысты атқарылып жатқан жұмыстармен де бөлісті.

    «Қала аумағында 7 саяжай қалды. Қазіргі таңда сәулет және қала құрылысы бөлімі кооперативтердің басшыларымен бірлесе отырып, жерді, ғимараттарды, инженерлік желілер мен көлік инфрақұрылымын түгендеу жұмыстарын жүргізуде. Бас жоспарға саяжайлар бойынша түзетулер енгізілді. Енді оны Үкімет бекітуі тиіс. Бұл құжатқа сәйкес, қазіргі саяжайлар аумағында әкімшілік, әлеуметтік нысандарды, кәсіпкерлік ғимараттарын, көпқабатты тұрғын үйлер салу көзделген», – деді әкім.

    Саяжайлардағы инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар бірнеше жыл бойы жүргізіліп, түйткілдердің түйіні кезең-кезеңімен тарқатылады деп жоспарланған.

  • Қонаев қаласында мәслихаттардың 30 жылдық мерейтойы аталып өтті

    Қонаев қаласында мәслихаттардың 30 жылдық мерейтойы аталып өтті

    Салтанатты шара қалалық Мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Оған қала әкімі Асхат Бердіхановтан бастап, І-VIII шақырылымның депутаттары қатысты.

    «Мәслихаттарды алғашқы сайлаудан кейін, оны нығайтуға көптеген маңызды қадамдар жасалды. Екі жыл бұрынғы конституциялық реформамен басталған өзгерістің нәтижесінде мәслихат өкілеттіліктерін кеңейтті. Мәслихат қызметі басқарушылық және реттеуші функцияларды қамтиды. 30 жылда Қонаев қаласында барлығы 82 азамат мәслихат депутаты болып, қаламыздың дамуына өз үлесін қосып, елге қызмет етті», – деді әкім құттықтау сөзінде.

    Ол сондай-ақ халық қалаулыларының тарихи шешімдерді қабылдаудағы еңбектерін атап өтті.

    «Мәслихат депутаттары – халық пен билік арасындағы алтын көпір, халықтың әлеуметтік мәселесін шешуде барынша атсалысып жүрген ел қалаулысы. Сондықтанда Сіздердің еңбектеріңізді ерекше атап өткім келеді. Осыдан 30 жыл бұрын Қонаев қаласында 40 мың халық тұрса, қаламыздың өркендеп өсуі нәтижесінде қазіргі уақытта 65 мыңнан асты. Қаладағы орын алып жатқан барлық өзгерістер Сіздермен жылдар бойы бірлесе атқарған жұмыстың нәтижелері», – деді Асхат Бердіханов.

    Басқосуда түрлі кезеңдерде қызмет еткен депутаттар ҚР Парламенті Сенатының, Алматы облысы әкімінің, Қонаев қаласы әкімінің, облыстық мәслихат төрағасының, қалалық мәслихат төрағасының Құрмет грамоталарымен, түрлі партия филиалдарының Алғыс хатымен марапатталды.