Метка: Қостанай

  • TikTok-та қазақтарды балағаттаған әйел Қостанайда сотталды

    TikTok-та қазақтарды балағаттаған әйел Қостанайда сотталды

    Қостанай қаласының 44 жастағы тұрғыны Юлия Хон ұлтаралық араздықты қоздыру әрекеті үшін кінәлі деп танылды. Бұл туралы Sona.kz Kaz.TAG-қа сілтеме жасап хабарлайды.

    Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылдың қараша айында түнгі сағат 3:45 шамасында, ішімдік ішкен күйде, ол TikTok-та тікелей эфирге шығып, Ресей мен Украина арасындағы соғыс туралы талқылауға қатысқан. Эфир кезінде ол қазақстандықтарды ұлттық белгілері бойынша қорлаған және сөздік қақтығыс тудырған.

    Қостанай қалалық №2 соты іс материалдары, эксперттік қорытындылар мен куәгерлердің көрсеткіштері негізінде Хонның кінәсін дәлелдеді.

    Әйелге ең төмен қауіпсіздік колониясында екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жаза жеңілдетілді, себебі оның қамқорлығында көзінен айырылған ұлы бар және ол ұлының емдеу шығындарын төлейді. Сондай-ақ, Хонға 826 мың теңге процессуалдық шығындар төлеу міндеттелді.

    Адвокат Валерий Ли атап өткендей, эфирде клиентін де қорлаған, ал ол тек нақты бір адамға ғана қателік жасап, бүкіл ұлтты балағаттамаған. Қорғау тарабы үкімге шағым түсіруді жоспарлап отыр.

    Юлия Хон некеде, жұмыс істейді және бұған дейін заңбұзушылыққа тартылмаған.

  • Қостанайда 140 млн теңгелік алаяқтық ісі сотқа жіберілді

    Қостанайда 140 млн теңгелік алаяқтық ісі сотқа жіберілді

    Қостанай облысының прокуратурасы аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша айыптау актісін бекітіп, қылмыстық істі Қостанай қаласының №2 сотына жолдады, деп хабарлайды Sona.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.

    Тергеу мәліметінше, ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу және жеткізу саласында жұмыс істеген ЖСШ басшысы 2021 жылдың желтоқсанынан 2022 жылдың сәуіріне дейін Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және басқа да облыстардың кәсіпорындарымен жеткізу туралы келісімшарттар жасаған. Алайда ол келісім міндеттемелерін орындауды көздемеген.

    Айыпталушы контрагенттерді өнімнің қолжетімділігі және жеткізу мүмкіндігі туралы жалған ақпаратпен жаңылыстырып, алдын ала төлем қабылдаған. Келтірілген жалпы шығын 140 млн теңгеден асады. Нақты жеткізілімдер болмаған, логистика бойынша жалған деректер ұсынылған, ал түскен қаражат жеке мақсатта жұмсалған.

    Алаяқтық әрекеттерден 11 кәсіпорын зардап шеккен. Прокуратура бұл шығындардың айтарлықтай қаржылық салдарларға алып келгенін атап өтті.

    Айыпталушының әрекеті ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағына сәйкес («ірі көлемде, бірнеше рет жасалған алаяқтық») сараланған. Санкция 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды, мүлікті тәркілеуді және белгілі бір қызмет түрлерімен айналысуға өмір бойы тыйым салуды көздейді.

    Прокуратура жәбірленушілердің құқықтарын қорғау және экономикалық саладағы қылмыстар үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыратынын хабарлады.

  • Қостанайда пациентті ұрып-соққан санитар 4 жылға бас бостандығынан айырылды

    Қостанайда пациентті ұрып-соққан санитар 4 жылға бас бостандығынан айырылды

    Қостанайда детоксикация орталығында 61 жастағы ер адамды аяусыз ұрып-соққан санитарға үкім шығарылды. Оқиға видеожазбаның жариялануынан кейін қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Онда қызметкердің науқасқа бірнеше рет соққы жасағаны анық көрінеді, деп хабарлайды Sona.kz Qumash-қа сілтеме жасап.

    Іс материалдарына сәйкес, сот санитарды кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен бірге оған алдағы 5 жыл ішінде медицина және күтім көрсету саласында жұмыс істеуге тыйым салынды.

    Айыпталушы сотта кінәсін мойындаған жоқ. Қорғаушылары оның әрекеттері «қызметтік міндеттер шеңберінде» болғанын алға тартты. Алайда тергеу және сот бұл уәждерді негізсіз деп танып, видеодағы көріністер мен зардап шегушіге келтірілген ауыр жарақаттарға назар аудартты.

    Жәбірленуші ер адам оқиға кезінде ес-түссіз күйде болып, медициналық-әлеуметтік көмек көрсету мекемесінде жатқан. Оның жағдайы дәрігерлер мен құқық қорғаушылардың алаңдаушылығын тудырды.

    Соттың мәлімдеуінше, бұл үкім пациенттердің құқықтарын қорғау және медициналық ұйымдарда осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында шығарылған. Детоксикация орталығы қызметкердің жұмыстан босатылғанын және мекемеде қызметтік тексеріс жүріп жатқанын хабарлады.

  • Қостанайда әйелін және енесін өлтірген ер адамға 19 жыл жаза тағайындалды

    Қостанайда әйелін және енесін өлтірген ер адамға 19 жыл жаза тағайындалды

    Қостанайда 45 жастағы Виталий Логуновқа үкім шықты. Ол биыл шілде айында өз жұбайы мен енесін өлтірген, деп хабарлайды Sona.kz Halyqstan-ға сілтеме жасап.

    Оқиға Қарабалық ауданының ауылдарының бірінде болған. Тергеу дерегінше, айыпталушы 39 жастағы әйеліне және 74 жастағы енесіне пышақ жарақатын салып, кейін өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Ер адамды полиция кейіннен қансырап жатқан күйінде қорадан тапқан.

    Ол ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек алған соң қамауға алынған.

    Сот процесі жеке өмірге қатысты жайттарға байланысты жабық өткен.

    Мемлекеттік айыптаушы 20 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған, алайда сот орташа қауіпсіздік мекемесінде 19 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

    Сонымен қатар, моральдық зиянды өтеу жөніндегі азаматтық талап толық қанағаттандырылған, бірақ нақты сома жарияланбады. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

  • Қостанайда дәрігерін соққыға жыққан науқастың соты басталды

    Қостанайда дәрігерін соққыға жыққан науқастың соты басталды

    Қостанайда облыстық аурухананың хирургы Антон Кистановты ұрып-соққан науқас сот алдында жауап беріп жатыр, деп хабарлайды Sona.kz HALYQSTAN-ға сілтеме жасап.

    Оқиға 17 шілдеде болған. Кезегін ұзақ күткеніне ашуланған пациент дәрігердің қабылдау бөлмесіне кіріп, кенеттен басынан ұрып жіберген. Соққы салдарынан дәрігер қабырғаға соғылып, ауыр жарақат алды: миы шайқалып, субдуралды қан құйылу мен бас сүйегінің сынуы тіркелген. Ол жансақтау бөліміне жатқызылып, кейін Астанаға шұғыл жеткізілген.

    Қазіргі уақытта Кистанов ауруханадан шыққанымен, жұмысқа қайта орала алмай отыр. Дәрігерде есте сақтау қабілетінің ішінара жоғалуы, оқу мен жазуда қиындықтар бар.

    Айыпталушы Абылайхан Серенжепов сотта кінәсін мойындады. Белгілі болғандай, ол бұған дейін бірнеше рет әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған: көлік жүргізу құқығынсыз мас күйінде көлік айдағаны үшін, сондай-ақ Ақмола облысында топтық қарақшылық жасағаны үшін шартты түрде 3 жыл 9 айға сотталған.

    Сот барысында науқастың ашуына дәрігердің қабылдауды кешіктіргені себеп болғаны айтылды. Алайда Кистанов сол күні таңертең екі шұғыл операция жасағаны анықталды.

  • Қостанайда 100 млн теңге субсидия ұрлағандар сотталды

    Қостанайда 100 млн теңге субсидия ұрлағандар сотталды

    Қостанай облысында ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінген мемлекеттік қаражатты иемденген топтың қылмысы әшкереленді. Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, ветеринар Ербол Смағұл және шаруалар Натиғ Әлиев пен Мейраман Сейітқалиев бюджет қаржысын заңсыз иемденгені үшін жауапқа тартылды.

    Тергеу мәліметінше, 2020–2023 жылдар аралығында айыпталушылар жалған мәліметтер енгізу арқылы субсидия алу схемасын іске асырған. Олар электронды базаға жоқ ірі қара мал мен пайдаланылмаған ауыл шаруашылық жер телімдері туралы жалған ақпарат енгізіп, құжаттарды рәсімдеген. Осылайша мемлекеттік қолдау ретінде бөлінген қомақты қаражат бірнеше рет олардың қолына түскен. Ал бұл қаржы агробизнесті дамытуға емес, жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.

    Сотта қылмыстық топтың әрекеттері толық дәлелденді. Ербол Смағұл 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Натиғ Әлиевке 5 жыл, ал Мейраман Сейітқалиевке 3 жыл 4 ай жаза тағайындалды. Сонымен бірге мемлекетке келтірілген шығынды өтеу үшін олардан 96,5 млн теңге өндіріледі.

    • Сот үкімі қысқартылған тәртіппен қаралды, себебі айыпталушылар өз кінәсін мойындаған. Қостанай облыстық соты мұндай істердің ауыл шаруашылығына бөлінетін мемлекеттік қолдау қаржысын қатаң бақылау қажеттігін көрсеткенін атап өтті.
  • Қостанай облысында 8 ауыл ішімдіктен бас тартты

    Қостанай облысында 8 ауыл ішімдіктен бас тартты

    Қостанай облысында 8 ауылы арақ-шараптан бас тартқаны анықталды. Бұл бастама өңірде 2024 жылдың қыркүйегінен бастап жүзеге асырылып келе жатқан «Мәдени қоғам» жобасының бір бөлігі болды.

    Қостанай облысы Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин есеп беру кездесуінде өткен жылы барлық қылмыстардың шамамен 27%-ы масаң күйде жасалғанын атап өтті. Бұл маскүнемдер, қоғамдық тәртіпті бұзушылар және отбасылық жанжал шығарушылар сияқты қауіпті топтарға полицияның бақылауын күшейтуге үлкен себеп болды. Бұған жауап ретінде үйде де алкогольді ішуге тыйым салатын 4 мыңға жуық сот шешімі шығарылды.

    2024 жылы облыс аумағында тұрғындары алкогольден бас тартқан 6 елді мекен (Милісай, Сарысу, Әбдіғапар ,Крамское , Отынағаш , Көктал ауылдары) бар.

    Бұл ауылдарда осы күнге дейін бірде-бір қылмыстық құқық бұзушылық немесе отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген жоқ.

    Биыл Ұзынкөл ауданындағы тағы екі ауыл – Абай мен Уқатқан «ішпейтін» ауылдар қатарына кірді.

    Жобаның маңызды аспектілерінің бірі-жұртшылықты тарту. Қалалар мен ауылдық елді мекендерде қоғамдық комиссиялар белсенді жұмыс істейді, олардың құрамына жергілікті билік, діни көшбасшылар мен ақсақалдар кіреді.

  • Қостанайда он айлық бала шетінеп кетті

    Қостанайда он айлық бала шетінеп кетті

    Ол @akgul.dastankyzyy лақап атымен Instagram желісінде баланың 1 қарашада шамалы ентігу белгілерімен ауруханаға түскенін хабарлады. Алайда оның жағдайының нашарлауын тоқтату мүмкін болмады.

    Анасының айтуынша, ауруханада баласына медициналық көмек дұрыс көрсетілмеген және оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Екі күннен кейін бала жансақтау бөліміне жіберіліп, сол жерде қайтыс болды.

    Бұған дейін Ақгүл Бердімұраттың айтуынша, күйеуімнің анасы (дәрігер) ауруханаға келіп, баланың жағдайымен танысқан. «Бірақ ауруханадағылар ұрысып, жанжалмен қуып жіберді» деген. 

    Бұл туралы аурухананың бас дәрігері Нұрлан Ержанов төмендегідей түсініктеме берді.

    – Қазір фактілер мен тұжырымдар туралы айтуға әлі ерте. Бірақ бір нәрсені айта аламын. Баланың туыстары оны реанимацияға жатқызу туралы ұсынысымыздан үзілді-кесілді бас тартты. Олар мұндай қадамға келіспеді. Ал енді дәрігерлердің әрекеті дұрыс болмады деп жазып жатыр. Әжесі Науырзым аудандық ауруханасының бас дәрігері. Ол балаға өзінің хаттамасына сәйкес емделуді талап етіп, тағайындалған антибиотиктің орнына оспамокс дәрісін беруді талап еткен, – деді. 

    Сондай-ақ, ол интернеттегі бұл жарияланым туыстарының өздерін қандай да бір жолмен ақтау, моральдық жауапкершіліктен босату әрекеті деп есептейтінін жеткізді. «Дәрігерлерімнің мұндай жағдайға назар аудармағанын немесе өз міндеттеріне немқұрайлы қарағанын көргенімде, менің ұстанымым басқаша болар еді», деді Нұрлан Ержанов.

    Әзірге полицейлерден ешқандай түсініктеме жоқ, бірақ баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат бар.

  • Үш бала зорлаған 5 жасар қыздың анасының үстінен қылмыстық іс қозғалмақ

    Үш бала зорлаған 5 жасар қыздың анасының үстінен қылмыстық іс қозғалмақ

    Қостанай облысында 8, 12 және 13 жастағы балалар зорлаған бес жасар қыздың анасының үстінен қылмыстық іс қозғалмақ. Әйелге желіде қызына қастандық жасағандар туралы ақпаратты айтқаны үшін айып тағылды.

    Оқиға туралы қыздың анасы “Не молчи” қорына айтып берген. Деректерге сүйенсек 6 шілде күні анасы 5 жасар қызына жаңа велосипед әкеліп қуантпақ болған. Ойнап жүрген қызын біраз іздеп таба алмаған. Кейін қызы алба-жұлба киіммен қолында бір қап ойыншықтармен өзі үйге қарай келген.

    – Анасы қатты қорққанынан қызына ұрысқан. Қазір сол әрекетіне қатты өкінеді. Себебі ол кезде қыздың да жағдайы нашар болған. Ол ештеңе айтпаған және тұйықталып қалған. Кейін біраз күннен соң ғана болған жайтты атасына айтып берген.

    Анықталғандай үш бала бүлдіршінді қамыс арасына әкетіп екеуі ұстап тұрып, қыздың жыныс мүшелерін ұстаған. Қарсыласып жылағанда таспен ұрған. Үш ұл да қызға зорлық көрсеткен. Кейін ешкімге айтпауы үшін бір қап ойыншық берген, – делінген жазбада.

    Астана адвокаттар алқасының адвокаты Илья Лунев бұл оқиғаның күтпеген жалғасы болғанын жазды.

    – 14 жасқа дейінгі балалар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтыны белгілі, сәйкесінше қылмыс жасағандар ешқандай жазаға тартылмады. Мұны жақсы түсінсе де тергеу әлі де шексіз сараптамалар жасап, жауап алуда. Жәбірленуші қыздың жанын одан әрі жаралауда. Енді бес жасар жәбірленушінің анасының үстінен чаттардың бірінде ұлдардың есімдерін атағаны үшін қылмыстық іс қозғағысы келеді, – деп жазды заңгер Instagram желісінде.

    Лунев Қылмыстық кодекстің 423-бабы «сотқа дейінгі іс жүргізу немесе жабық сот талқылауы туралы мәліметтерді жария ету» туралы айтып отырғанын түсіндірді. Қыздың анасы екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

  • Қостанай облысында комбайншы қаза тапты

    Қостанай облысында комбайншы қаза тапты

     

    Жазатайым жағдай Денисов ауданының Чебендовка ауылының маңында болды. 49 жастағы комбайншы комбайн тырмасын шөптен тазартып жатқанда, оны барабан тартып кеткен.

    Полиция және еңбек инспекциясы шаруа қожалығының жұмыскері көз жұмғанын растады. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.