Метка: Қосымша құн салығы

  • Қосылған құн салығы мөлшерлемесі 16% болып белгіленді

    Қосылған құн салығы мөлшерлемесі 16% болып белгіленді

    Мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексі мен оған салық салу мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады.

      Кодекс Мемлекет басшысының Жарлығы мен Жолдауын және Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау мақсатымен әзірленген.

    Депутаттық корпус пен Үкіметтің бiрлескен жұмысының нәтижесiнде, оның iшiнде қосылған құн салығы реформасы бойынша, бiрқатар шешiм қабылданды. Алғашында Үкімет ұсынған 20 пайыздық мөлшерлеме 16 пайызға дейін төмендетілді. Қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеудің шегі 15 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды.

    Дәрілік заттар мен медициналық қызметтерге қосылған құн салығының төмендетілген мөлшерлемелері енгізіледі: 2026 жылдан бастап 5 пайыз және 2027 жылдан бастап 10 пайыз болады. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, міндетті медициналық сақтандыру, сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу аясындағы тауарлар мен қызметтер қосылған құн салығын төлеуден босатылады.

    Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен отандық басылымдарды, сондай-ақ баспа түріндегі кітаптарды басып шығару қызметтерін ҚҚС төлеуден босату жоспарланып отыр.

    Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатымен қосымша есепке жатқызуға қосылған құн салығы сомасы 70 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылды. Оңайлатылған декларацияны реформалау аясында рұқсат етуші тізімінің орнына тыйым салынатын тізімі енгізілді. Мәслихаттардың өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып ±50%-ға дейін түзету мүмкіндігімен 4 пайыздық бірыңғай мөлшерлеме белгіленді. Кәсіпкерлік субъектілері арасындағы операцияларға арнаулы салық режимін қолдану кеңейтілді.

    Ойын бизнесі мен банктер үшін корпоративті табыс салығы мөлшерлемесі 25 пайызға дейін көбейтілді.

    Ал банктер үшін кәсіпкерлік субъектілерін несиелеуден түсетін кірістер бойынша мөлшерлеме 20 пайыз деңгейінде қалды. Жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы енгізіледі:

    – жалақы бойынша: 8500 АЕК-ке дейінгі табысқа

    – 10% (жылына 33,5 млн. теңгеге дейін), одан жоғары болса – 15%;

    – дивидендтер түріндегі кірістер үшін: 230 000 АЕК дейін – 5% (1 млрд. теңгеге жуық) және одан жоғары болса – 15%;

    – резидент емес жеке тұлғалардың кірістері үшін: 600 000 АЕК дейін – 10%, одан жоғары болса – 17%.

  • Мәжіліс жаңа салық кодексін бірінші оқылымда мақұлдады

    Мәжіліс жаңа салық кодексін бірінші оқылымда мақұлдады

    Салық кодексінің жаңа жобасына сәйкес, салық жүйесін оңтайландыру, салықтар мен алымдар санын азайту, берілетін жеңілдіктерді қысқарту жоспарланып отыр.

    ҚҚС: жаңа шек және мөлшерлеме

    Атап айтқанда, Үкімет қосымша құн салығы (ҚҚС) бойынша шекті табыс мөлшерін жылына 40 миллион теңге деңгейінде белгілеуді ұсынуда.
    ҚҚС мөлшерлемесі – 16% болады деп көзделген.

    Сән-салтанат салығы енгізілмек

    Бұдан бөлек, жеке тауар санаттарына жоғары мөлшердегі салық салу, яғни «люкс салығы» енгізу ұсынылуда.

    Салалық салық мөлшерлемелері

    Жекелеген салалар үшін салық мөлшерлемелері төмендегідей болады:

    • Банктер үшін – 25%
    • Құмар ойындар саласы үшін – 25%
    • Әлеуметтік бағыттағы мекемелер үшін – 10%
    • Өңдеу өнеркәсібі үшін – 10%
    • Ауыл шаруашылығы үшін – 3%

    Негізгі салық мөлшерлемесі 20% деңгейінде сақталады.

    Арнайы салық режимдері қысқарады

    Қолданыстағы арнайы салық режимдерінің саны үшке дейін қысқартылмақ:

    1. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар үшін
    2. Жеңілдетілген есептілік негізінде жұмыс істейтіндер үшін
    3. Шаруа және фермер қожалықтары үшін

    Жеке тұлғаларға арналған жеңілдіктер

    Азаматтар үшін де бірқатар өзгерістер ұсынылуда. Атап айтқанда:

    • Зейнетақы қорынан төленетін төлемдерге жеке табыс салығы салынбайды (ЖТС-тан босатылады)
    • Жалақыдан 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде тұрақты салықтық шегерім енгізу жоспарланып отыр. Бұл шегерім республикалық бюджет туралы заңда бекітілетін АЕК-ке негізделеді.
  • Президент қосымша құн салығы мәселесін пысықтауды тапсырды

    Президент қосымша құн салығы мәселесін пысықтауды тапсырды

    Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды.

     – Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн. Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді.

    Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс. Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, қайталап айтамын, білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс. Бір анығы, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағдайда артық сөздер де айтылды.

    Дегенмен, бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын. Тағы қайталап айтамын, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керек. Биыл нақты шешім қабылдануға тиіс. Мен бұған дейін де айттым: Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

  • Серік Жұманғарин ҚҚС-ның кімдерге қатысы болмайтынын айтты

    Серік Жұманғарин ҚҚС-ның кімдерге қатысы болмайтынын айтты

    Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа салық реформаның кімдерге қатысы жоқ екенін түсіндірді.

    Министр пікірін Сенаттың жалпы отырысынан кейін журналистер сұрағына берген жауабында айтты. «Осы бастамалар аясында (салық реформасы) көптеген сарапшы пайда болғанын көрдік, түрлі мәлімдемелер жасады. Мәселен, кеше ғана өңірлердің бірінде дүкен иелері пікірін айтқан… Біз үнемі халықпен тікелей жұмыс істейтіндердің барлығына – бөлшек сауда нысандарына, яғни соның ішінде үй жанындағы дүкендерге, дүңгіршектерге, мейрамханалар мен шаштараздарға бұл реформа әсер етпейтінін айтып келеміз. Олар бөлшек сауда режимінде жұмыс істеген тәртіпте қызметін жалғастыра береді. Атап айтқанда, олар үшін өзгермейді», – деді Серік Жұманғарин.

    Осы орайда ол ҚҚС мәселесі қай бағытты қамтитынын айтты.

    «Бұл реформа бөлшектеніп кеткен бизнестің белгілі бір бөлігіне ғана қатысты. Отбасын асырап, халықпен жұмыс істеп, базарда сауда жасайтындарға бұл реформаның әсері жоқ, бөлшек сауда салығы өзгеріссіз қалады», – деді Үкімет басшысының орынбасары.

    Жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін Серік Жұманғарин қосымша құн салығы шегін неліктен көтеру қажет екенін түсіндірген болатын.

    Үкімет қосылған құн салығын 20 пайыз көтеру туралы нақты шешім қабылдаған жоқ.