Метка: ҚТЖ

  • ҚТЖ мүмкіндігі шектеулі жолаушыларды сүйемелдеу қызметін іске қосты

    ҚТЖ мүмкіндігі шектеулі жолаушыларды сүйемелдеу қызметін іске қосты

    Қазақстанда теміржол вокзалдарында мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған сүйемелдеу қызметі іске қосылды. Жаңа сервис ұлттық тасымалдаушы мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының бірлескен жобасы болып табылады.

    Қызмет жолаушыларға вокзал аумағында қозғалу, сондай-ақ пойызға міну және пойыздан түсу кезінде вокзал қызметкерлерінің көмегін алдын ала рәсімдеуге мүмкіндік береді.

    Қазіргі уақытта сүйемелдеу қызметі еліміздің 57 вокзалында қолжетімді. Қызметті билет сатып алу барысында bilet.railways.kz ресми сайтында рәсімдеуге болады.

    Ол үшін жолаушы «Мүгедек» опциясын таңдап, жеке сәйкестендіру нөмірін және анықтама нөмірін енгізуі, сондай-ақ қажетті көмек түрлерін белгілеуі тиіс.

    КТЖ мәліметінше, көрсетілетін көмек жолаушының жеке қажеттіліктеріне сәйкес ұйымдастырылады және сапардың негізгі кезеңдерін қамтиды.

    Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін теміржол тасымалында жеңілдіктер қарастырылған. Әлеуметтік маңызы бар бағыттарда жолақыға 50 пайыздық жеңілдік беріледі.

    Бұл жеңілдіктер «Тальго» пойыздарындағы арнайы купелерге, соның ішінде ілесіп жүретін тұлғаға арналған орынға да қолданылады.

    Қосымша ақпаратты 1433 бірыңғай анықтама нөмірі арқылы алуға болады

  • Қазақстан темір жолы қызметкері есірткімен ұсталды

    Қазақстан темір жолы қызметкері есірткімен ұсталды

    Жедел іздестіру кешенін өткізу барысында есірткі өткізумен айналысқан қаланың екі тұрғыны қолға түскен.

    Ұсталғандардың бірі «ҚТЖ — Жүк тасымалы» ЖШС қызметкері екені белгілі болды. Тінту барысында шамамен 700 грамм есірткі тәркіленді, электрон таразы, электрошокер, пневматикалық мылтық, 2 мылтық және оқ-дәрі алынды.

    Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Күдіктілер қамауға алынды, — деді Павлодар облысы Полиция департаменті өкілі.

  • Астанада жүк пойызында жарылыс болды

    Астанада жүк пойызында жарылыс болды

    14 ақпанға қараған түні Астанадағы теміржол вокзалына пойыз арқылы жеткізілген контейнер жарылып кетті. Осыған байланысты полиция қылмыстық іс қозғады.

    Төтенше жағдай түнгі сағат 00:25-те Астана стансасындағы іріктеу алаңының 12-жолағында болды. Елордаға пойыз арқылы жеткізілген жүк контейнері жарылған. Бір адам қолынан жеңіл жарақат алды, алайда ауруханаға жатқызуды қажет етпеді.

    Полицейлер жолаушылар мен жақын маңдағы тұрғындарға қауіп төнбегенін хабарлады.

    «Көліктегі полиция департаменті бұл оқиға бойынша «Темір жол көлігін пайдалану немесе қозғалыс қауіпсіздігі ережелерін бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиға орнына дереу департамент басшылығы жеткен. Арнайы жедел топ құрылды, олар оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға кірісіп кетті», – деп хабарлады Көліктегі ПД.

    ҚТЖ жарылған контейнердің жеке компанияға тиесілі екенін хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша ішінде электр жабдықтары – трансформаторлар мен генераторлар болған.

  • Үш жылда 14 нәресте пойызда өмірге келді

    Үш жылда 14 нәресте пойызда өмірге келді

    Жолаушы Кенжеева күйеуімен бірге жүктіліктің соңғы айында Шымкенттен елордаға сапарға шыққан. 21 қазаннан 22 қазанға қараған түні №86 «Шымкент-Астана» пойызында келе жатып, жолаушының толғағы басталды. Сағат 23:30-да күйеуі пойыз қызметкерлерінен шұғыл көмек сұрады.

    Пойыз бастығы Гүлшат Қарақұлова мен жолсерік Анар Адамбаева жедел түрде барлық қажетті шараны қабылдап, жолаушының аман-есен босануына көмектесті. Нәтижесінде, 21 қазан күні сағат 23:55-те қыз бала дүниеге келді, – деп мәлімдеді «Жолаушылар тасымалы» АҚ.

    Баспасөз қызметінің мәліметінше, пойыз бригадасы өз қызметтік міндеттеріне сай әрекет етіп, вагонда босанған әйелге қажетті барлық жағдайды жасады. Сары-Шаған стансасына жеткенде жедел жәрдем шақырылып, жас ана мен жаңа туған нәресте дәрігерлердің қарауына тапсырылды.

    Пойыз бригадаларының қызметкерлері үнемі алғашқы медициналық көмек көрсету және төтенше жағдайларда әрекет ету бойынша арнайы дайындықтан өтеді. Соңғы 3 жыл ішінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарында 14 нәресте туған.