Метка: Құрлық әскерлері

  • Жаркенттегі офицер қазасына қатысты төрт күдікті ұсталды

    Жаркенттегі офицер қазасына қатысты төрт күдікті ұсталды

    Кеше марқұм капитан Дархан Дәулетті ақтық сапарға шығарып салды. Офицер Жетісу өңіріндегі Жаркент гарнизонының 74261 әскери бөлімінде қаза тапты.

    14 қарашада Қазақстан Республикасы Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі «жоспардан тыс оқу-жаттығу кезінде қауіпсіздік шараларын бұзу салдарынан қаза тапты» деп хабарлады.

    Алайда туыстары офицердің кісі қолынан қаза тапқанына сенімді.

    Марқұмды жуған ағасы оның қатты соққыға жығылғанын, қолы мен аяқтарында арқан іздері, бас сүйегінде сызат барын айтты.

    «Біз ағамның ісіне қатысы бар адамдардан заң алдында жауап беруін сұраймыз және талап етеміз. Бүгін жерлеуге жоғары шенді генералдар мен депутаттар қатысты. Олар кешірім сұрады. Генерал бұл істі әділ тексеріп, кінәлілерді жазалауға уәде берді. Бірақ қандай бап бойынша іс қозғалып жатқанын білмейміз», – деп бөлісті марқұмның ағасы.

    Жерлеуге қатысқан Қорғаныс министрлігінің өкілдері офицер қайтыс болған күні әскери бөлімде жоспардан тыс оқу-жаттығу өткенін растады, бірақ олар оқиғаның егжей-тегжейін айтудан бас тартты.

    «Оқиғаға байланысты әскери бөлімге комиссия жіберілді. Іс қозғалды. Ішкі істер министрлігі тергеу жүргізіп жатыр. Оқиға әскери бөлімнің ішінде болған. Төрт күдікті ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды. Сол күні жеке жоспар бойынша оқу-жаттығулар өткенін растаймын», – деді Құрлық әскерлері қолбасшысының орынбасары, полковник Арынғали Ақышев.

    Марқұм Дәулет Дархан 26 жаста еді. Құрлық әскерлерінің Әскери институтын үздік бітіре салысымен Отар әскери гарнизонына қызметке кірісті. Араға бес жыл салып, Жаркент қаласындағы 74261 әскери бөлімінің инженерлік қызметінің бастығы лауазымына дейін көтерілген болатын.

  • Жаркентте әскери қызметкер қаза болды

    Жаркентте әскери қызметкер қаза болды

    Жетісу облысындағы Жаркент гарнизонында қауіпсіздік шараларын бұзу салдарынан әскери бөлімнің офицері көз жұмды.

    Бұл ақпаратты Қазақстан Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі растады. Қайғылы оқиға 14 қараша күні болды.

    «Диверсияға қарсы қауіпсіздік бойынша жоспардан тыс сабақ өткізу кезінде қауіпсіздік шараларын бұзу салдарынан Жаркент гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінің офицері алған жарақатынан қайтыс болды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді», – делінген хабарламада.

    Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Офицердің отбасына барлық қажетті көмек көрсетіледі.

    Осыған дейін CMN.KZ басылымы Жетісу облысындағы әскери бөлімдердің бірінде инженерлік қызмет бастығының мәйіті табылғанын жазған. Алдын ала нұсқа бойынша мерзімді әскери қызметте жүрген үш сарбаз алаң маңында капитанды ұстап алып, қол-аяғын байлап, спорт қалашығына қарай алып кеткен. Артынша өздері казармаға оралған.

    Ес-түссіз жатқан капитанды қалашық маңынан өтіп бара жатқан аға лейтенат тауып алған. Жедел жәрдем түнгі сағат бірде ер адамның өлімін тіркеді.